Ұлт болып сақталуымызға, иірімге түсіп жұтылып кетпеуімізге кепіл болатын ұлттық кодтың тізгіні ананың қолында тұр, қурап кетпеуі үшін ұлттық тамырды суару да ананың қасиетті міндеті екен. Бұл айтуға оңай нәрсе, ал тарқатар болсаң атан көтермес ауыр жүк. Қостанайда Қазақстан халқы ассамблеясы республикалық аналар кеңесінің кеңейтілген отырысындағы талқыланған мәселелердің де темірқазығы осы еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында және Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген міндеттерді шешудегі аналар кеңестерінің рөлі» атты тақырып аясында әңгіме өрбіген шараға Қазақстан Халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. Жалпыұлттық жоспардың іске асырылуына жауапты орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар ассамблеялары аналар кеңестерінің, этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелері де шақырылды.
– Ана – қасиетті сөз. Отанды анаға теңейміз, тілді де ана тілі дейміз. Отбасының қазығы – аналар. Отбасы берекелі болса, мемлекеттің іргетасы мықты болады. Баланың тәрбиесінде де ананың маңызы ерекше. Бала – болашақ. Ал болашақтың қандай болары да анаға байланысты екен. Ұлтты тәрбиелейтін де ана, – деді Жансейіт Түймебаев.
Әсіресе әлеуметтік мәселелер өзектілігі жүйкені тоздыратын бүгінгі қоғамда әйелдер белсенділігі қажеттілікке айналып отырғаны рас. Қоғамда қандай әлеуметтік мәселе көтерілсе де, бір ұшы анаға келіп тіреледі. Оның үстіне ұрпақты да, ұлтты да тәрбиелейтін ананың өзіне қамқорлық керек. Статистика бойынша әйелдердің 70 пайызы өмірінде бір рет болса да түрлі, тұрмыстық зорлық-зомбылықты бастан кешеді екен. Отбасының ажырасуы да соңғы жылдары өте жиіледі, жастар арасында отбасылық құндылықтардың көмескі тартуы байқалады. Тастанды баланың азаймауы, балаға қарсы қылмыстың өріс алуы қоғамдағы аса ауыр көріністің бірі. Жансейіт Қансейітұлы облыстарда осыған орай жұмыс жүргізіп отырған аналар кеңестерін, соның ішінде Қостанай облысындағы аналар кеңесінің «Отбасын қолдаудың ресурстық орталығы» жобасы жұмысын ризашылықпен атады.
Қостанай облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жүргізіп отырған жұмыстарды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те атап өтті. Үстіміздегі жылдың 9 айында облыста 127 ірі шара өткізілген. Аналар кеңесі облыстағы қайырымдылық ісін дамытуға үлес қосып отыр. Олардың бастамасымен өткен «Ыстық нан», «Ашық жүрек», «Таза ойын», «Буккросинг», «Мерекелік түстік ас» сияқты қайырымдылық акциялары 4 мыңға жуық адамды қамтыған.
– Облыста Елбасының бастамасымен өмірге жолдама алған «Бақытты отбасы» жобасы қарымды жүріп жатыр. Қостанайлық кәсіпкерлердің қолдауымен 48 көп балалы ана баспаналы болды, – деді Архимед Бегежанұлы.
Қоғамдағы көптеген өзекті мәселелерді аналар бастамасымен қолға алған істер шешеді. Арқалық қаласындағы аналар кеңесін ардагер ұстаз Бақытжамал Қалқаева басқарады. Олар бес бағытта жұмыс жүргізеді, соның ішінде жасөспірім қыздар тәрбиесімен айналысатын «Парасат» клубының жұмысын ерекше атауға болады. Сонымен қатар аналар форумына қатысушылардың да әңгімесінен көптеген игі істер байқалады. Ақмола облысы аналар кеңесі төрайымының орынбасары Зәуре Қоңқабаеваның жеке авторлық бағдарламасы да назарға аларлық.
– Аналар кеңесінде түрлі бағытта жұмыстар жүреді. Бәрі де жақсы, жас қыздар тәрбиесіне баса көңіл бөлеміз. Дегенмен, тек айта берумен де іс өнбейді, үлгіні іспен көрсету керек. Менің жеке бағдарламам бойынша, екі жылдан бері балаларды қазақ ауылдарына апарып, он күн бойы қазақ тілін үйренуге, қазақ халқының дәстүрлерін көруге, ұлттық тағамдардың жасалуымен танысуға жағдай жасаймыз. Мағжан Жұмабаевтың, Ғабит Мүсіреповтің ауылында, еліміздің оңтүстік, батыс облыстарында болдық. Жиырма бес бала ауылға барғанда құрт қайнату, айран ашыту, қой қырқу, сиыр сауу сияқты жұмыстардың барлығын он күн бойы өздері атқарды. Бұл оқушылар тобында ұл-қызы, орыс, қазағы, басқа ұлттары да аралас болды. Жасөспірім, бала кезіндегі осы саяхат олардың ғұмыр бойы есінен шықпайды, олардың бойында ұлттық дәстүрге, Отанға деген патриоттық сезім, құрмет қалыптасады, – дейді Зәуре Балуанқызы.
Екі күнге созылған аналар форумы бай бағдарламамен ерекшеленді. Қатысушылар қайырымдылық акциясын, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік және Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеттерінің студенттерімен кездесулер өткізіп, қала кітапханаларына Ассамблея атынан кітаптар табыс етті. Сонымен қатар әйелдер мен балаларды өмірге бейімдеу және өмірде қиындыққа тап болған балаларды қолдау орталықтарында болды. Кешке І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Ассамблеяның «Қазақтану» жобасы аясында аудармашы, ақын Камал Әлпейісованың «Төркіндеу» атты шығармашылық кеші өтті. Форум қонақтары қолөнер шеберлері мен аналардың өз қолымен жасаған бұйымдарының көрмесін тамашалады.
ҚОСТАНАЙ