Қазақстан • 04 Қараша, 2019

Елордада өткен STEM олимпиадасының жүлдегерлері анықталды

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда тұңғыш республикалық STEM олимпиадасының қорытындысы шығарылды. Барлығы 4 номинация бойынша 36 жеңімпаз команда анықталды. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елордада өткен STEM олимпиадасының жүлдегерлері анықталды

Олимпиаданы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен «Астана  Innovations» АҚ ұйымдастырды. Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам оқушыны құраған 140 команда қатысты.

«Инновациялық білім олимпиадасы жыл сайын өзіндік рөлін айқындай түседі. Ал келесі жылдан бастап халықаралық конкурсқа айналады», дейді  «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Арыстан Қазжанов.

Бұл іс-шара ғылыми және техникалық білімнің дамуына зор әсер етеді. Барлығы 4 номинация бойынша 36 жеңімпаз команда айқындалды: 3D үлгілеу, инженерлік математика, бағдарламалау және жобалық робототехника.

Елордалық №38 және №73 мектептері, сондай-ақ Дарын ММИ (Қарағанды қаласы) ең көп номинацияларға ие болды.

Жеңімпаздар 3D принтер, ноутбук, дрон, робототехника жиынтықтары, сауықтыру лагеріне жолдама секілді түрлі жүлделерге ие болды.

Айта кетейік, STEM – техникалық білім беру саласындағы соңғы жетістіктерді қамтыған инновациялық олимпиада. Қазақстанда STEM зертханалары былтырдан бастап ашыла бастады. Олардың алғашқысы елордадағы №41 мектепке орнатылды. Ал бүгінде елімізде 90-нан астам STEM зертхана жұмыс істеп тұр.