Қоғам • 05 Қараша, 2019

Қазақ тіл білімінің темірқазығы

478 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Қыздар педагогикалық универ­ситетінің ұйымдастыруымен Алматыдағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ана тіліміздің анасы атанған, ҚР Ұлттық ғы­лым академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Рәбиға Сыздықтың 95 жылдық мерейтойы­на арналған «Ұлы дала тұлғалары: академик Рәбиға Сыздық және қазақ сөзінің құдіреті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конферен­ция болып өтті. Еліне еңбегі сіңген тұлғаға Мемлекет басшысының жарлы­ғымен берілген I дәрежелі «Барыс» орденін Президенттің көмекшісі Мәу­лен Әшімбаев бұдан біраз уақыт бұрын мерейтой иесіне тапсырған бола­тын.

Қазақ тіл білімінің темірқазығы

Тіл білімі институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерден Қажыбек жүргізген конференцияға туысқан Якутия елінің ғалымдары, сондай-ақ әр өңірден арнайы құт­тық­­тауға келген жиырмаға жуық ғы­лы­­ми зерттеу институттарының ди­­­рек­­торлары мен жоғары оқу орын­да­рының ректорлары, белгілі ғалым­дар, шәкірттері қатысты.

Конференция жұмысы екі бағытта өрбіді: ресми құттық­тау­лар және мерейтой иесінің ғалымдық келбетін, ұстаздық ұс­танымын, адамдық болмысын айшықтайтын арнайы баяндамалар қатар өріліп отырды. Тілтаным ғылымында есімі ерекше аталатын ғұлама ғалымды құттықтағандар қа­тары өте көп болды. Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі И.Тасмағамбетовтің, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласы, Ақтөбе, Атырау, Маң­ғыстау облыстары әкім­дерінің, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­мы бас­шысының құттықтау хаттары табыс етілді. Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі қазақ лингвистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ғалым туралы: «Бүгін тіл білімінің абыз анасы Рәбиға апайымыздың мерейтойымен бірге толғауы тоқсан текті тілі­міздің де тойы десек, жарасар. Рәбиға апай қазақ тілінің ға­на емес, түркологияның да ана­сы. Халықаралық Түркі Академия­сының кітапханасында Рәбиға Сыздықтың кітаптары сақтаулы тұр. Келген қонақтар Рәбиға апа­мыздың еңбектерімен, кітап­ханасымен танысып, сусындай алады. Түркі Академиясынан Рәбиға Сыздықтың кітабы жа­рық көрді. Рәбиға апайды тіл ғалым­дарының ғана анасы десек, тағы да аздық етеді, сонымен бірге, ол кісі журналистер қауымының да анасы. Тек «Egemen Qazaqstan» га­зетінің тілшілері емес, бү­кіл қазақ ба­сы­лымдарының журна­листері сөздің жазылуы, тыныс белгісіне байланыс­ты күмәнді ой, таласты пікір туындай қалса, «бұл сөзді Рәбиға Сыздық қалай берген екен?» деп апайдың анық­тамасына жүгініп жатады», деді. Сондай-ақ халықаралық Академия басшысы тіл біліміне сіңірген еңбегі үшін түркітану ғылымының кәсіпқой маманы Рәбиға Сыздықты келесі жылы аталып өтілетін Тоныкөктің 1300 жылдығына орай Түркі Академиясы арнайы шығарған Томсон медалімен марапаттады.

Конференцияда қазақ тіл ғы­лы­мының көрнекті өкілі Рәбиға Сәті­ғалиқызының қазақ тіл білі­міне қосқан үлесі, зерттеу бағыт­тары мен ғалымдық тұлғасы жан-жақты сөз болды. Соғыс аяқталған жылы сонау Ақтөбе облысынан Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының 3-курсына бірден қабылданып, оны қызыл дипломмен тәмамдаған Р.Сыздық табиғи туабітті дарыны барын ерте бастан көрсетіп, ғылым жолына түс­келі туған тілінің зерттеген сайын ашыла түсетін қазынасын түгесе алмай, тағдырына айнал­дыр­­­ғанын конференцияға қа­тысушылар әр қырынан әңгі­меледі. Ғылымда, жалпы қазақ ру­ханиятында өрелі биігі бар ғалым бүгінгі күні қанат жайып отырған «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» секілді мемлекеттік бағдарламалардың түп қазығын, негізін жарты ғасыр бұрын қолға алып, болашақ ұр­пақ­ты тәрбиелеу ісінде батыл бастама етіп көтере білді. Сон­дықтан тіл ғылымындағы ма­ңызды жайттардың қай-қай­сысы да Рәбиға Сыздықтың есі­мімен тікелей байланысты. Тіл білімінің темірқазығы іспетті тұлғаның тіл мүддесіне жұмсаған қажыр-қай­ратын атамай, айналып өту мүмкін емес. Көшелі жиын­ның тізгінін ұстаған Ерден Задаұлы олардың бірқатарын тізбектей көрсетті. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі зат сақ­тайтын қоймаға айналды­рылып, атын атауға тыйым­ салған кезеңде Р.Сыздық Ясауи­­тану ілімінің негізін қалап бер­­ді. Қадырғали Жалаириді тану, Ахметтану, Жұбановтану ілі­мін қалыптастырып берген де ана тілі­нің әйгілі абыз анасы. Бұ­дан өзге де іргелі тақырыптар төңі­регінде іздене жүріп, көптеген соны зерттеулерге із тастап, алғышарт жасап бергенін мерейтой иесін құттықтаушылар ашып көрсетті. Абай тілін зерттеп, түркітану мұраларымен айна­лысып, қазақ тілі мен әдебиетін біртұтас ғылым ретінде қарастырып, екі маңызды саланың арасында алтын көпір міндетін арқалаған еңбегі айырықша.

Отандық тіл білімінің майталманы ретінде қазақ елінің ертеңіне салғырт қарай алмайтынын көрсетіп, сан мәрте тіл үшін күреске түсіп, қайрат­керлік мінезін танытқан ғалымның асқақ та адал болмысына төңірегі тү­гел таңырқап та, сүйсініп те келеді. Ғы­лым­дағы мәртебелі тұғырын да ол осы мінез-қасиетімен нығыздай түс­­ті. Тіл ғылымы жолында ты­ным­­­сыз еңбек етіп келе жатқан ға­лым­­ның дәйекті тұжырымдармен түйін­делген зерттеулері бірнеше буын ұр­пақты білім нәрімен сусындатып. Қайталанбас тұлғаның бірегей қасиеттері туралы қасында жүріп қатар қызмет еткен академик Өмірзақ Айтбайұлы өз баяндамасында кеңінен толғай әң­гімеледі. Р.Сыздықтың шә­кірті, фи­­ло­логия ғылымдарының докторы Оры­най Жұбаеваның баяндамасы да білімі мен білігі, ғалымдығы мен адам­­дығы тең түскен дара тұлғаның еңбек­­терін саралауға, бағытталды.

Конференцияда Р.Сыздық туралы деректі фильм көрсетіліп, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның оркестрі өнер көрсетіп, Т.Жүргенов атын­дағы өнер академиясының сту­дент­тері ғалымның жастық шағын бей­не­леген шағын қойылым ұсынды.

 

АЛМАТЫ