«Араласпаса, ағайын да жат» деп текке айтылмаса керек. Оның үстіне көрші елде тұрып жатқан ағайындарымыздың қатары көп екенін ескерсек, мұндай байланыстардың маңызы өлшеусіз екені айтпаса да түсінікті. Жуырда Қорған облысына қарасты Макушин ауданында алғашқы қазақ сыныбы ашылғанда тағдырын осы өңірмен байланыстырған 12 мыңға жуық қандасымыздың қуанышында шек болмаған. Қорған облысы ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Қайрат Ораловтың бастамасымен шаңырақ көтерген қазақ сыныбының ашылу салтанатына Қызылжар өңірінен арнайы делегация қатысып, ғылыми-әдістемелік оқулықтар мен кітаптар сыйға тартқан. Мұнда М. Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы колледжді бітірген жас маман Алтынай Бекешева ұстаздық етеді.
Енді, міне, осы жаңалықтың ізі суымай жатып Түмен төрінен жыл құсындай сағындырған тағы бір қуанышты хабар жетті. Екі мыңдай қазақ тұратын Упорово селосында қазақ сыныбының тұсауы кесілді. Аудан әкімшілігінің басшысы Леонид Сауков балалардың ана тілінде алаңсыз білім алуына барлық мүмкіндіктің тудырылатынын айта келіп, әдістемелік оқу әдебиеттерін сатып алуға арнайы сертификатты табыс етті. Есенғали Ибраев жетекшілік ететін қазақ автономиясы орталығы да қаржылай қолдау көрсетті.
– Қазір 25 оқушы дәріс алады. Ынталары жақсы. Тек 1989 жылы жарық көрген оқулықтарды пайдаланып жүрміз. Қазақстан жағынан практикалық көмектер көрсетілсе, құба-құп болар еді, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Мейрамгүл Айтқожинова.
20 мыңнан астам қандасымыз мекендейтін облыстың Голышманов ауданында тағы бір қазақ сыныбын ашу жоспарланған.
Солтүстік Қазақстан облысы