Аймақтар • 05 Қараша, 2019

Қостанайда жетінші қазақ мектебі ашылды

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Реті жағынан  №28 деп белгіленген бұл білім ошағы жәй мектеп емес, мектеп-гимназия болды. Бұрынғы кәсіптік-техникалық колледж ғимаратын орта білім ошағына лайықтап жөндеу жұмыстары шілде айында басталған болатын. Енді   900 орындық үш қабатты нысан жаңа тоқсанда пайдалануға беріліп отыр.

Қостанайда жетінші қазақ мектебі ашылды

Суретті түсірген: Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Мектептің ағымдағы жөндеуіне 250 миллион теңге жұмсалса, оның 95 миллионы  демеушілердің қаржыландыруымен жүзеге асып отыр. Төбесі жабылып, іші жаңартылды, кабинеттер жаңа жиһаздармен жабдықталды. Әсіресе, химия, физика, биология, робот техникасы сыныптарына заманауи құрал-жабдықтар орнатылды. 160 орындық асхана, музыка, хореграфия, спорт, акт залдары, дәліздер қолайлылығымен заманауи талаптарға жауап береді.    

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына  Жолдауында «қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деп  айтқан еді. Қазір облыс орталығында  мемлекеттік тілде білім беретін 6 мектеп жұмыс істейді. Алайда солардың өзі жас ұрпаққа ана тілінде білім беруге тарлық еткені байқалып жүрген еді. Қысқа мерзім аралығында үлкен жұмыс атқарылды. Мектептің ашылуы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және жалпы білім беруді дамыту саласында жасалған маңызды қадам болып табылады. Мұнымен жұмыс тоқтап қалмайды, әлі де ауланы абаттандыру, көлік тұрағын ашу сияқты жұмыстар бар», деді құттықтау сөзінде Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов.

Қала басшысы қараша айының аяғына қарай гимназияның бірінші қабатында бүлдіршіндер үшін 90 орындық шағын орталық ашылатынын хабарлады.

Қостанай қаласының құрметті азаматы, ақын Ақылбек Шаяхмет сөзін Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Кел балалар, оқылық, Бір Аллаға сыйынып» өлеңімен бастады.

«Осыдан 42 жыл бұрын мен әскери қалашық шағын ауданында тұрғанда өзімнің балаларымды жалғыз қазақ мектебіне берген едім. Ол кезде Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернат болатын. Аллаға шүкір, немерелерім де қазақ мектептерінде оқып жүр. Тәуелсіз ел болдық. Біздің мемлекетіміздің болашағы – қазақ тілінде» деп, Ақылбек ағамыз қуанышымен бөлісті.  

Салтанатты шарада ата-ана Қыдырбек Қиысқан мектепке ғалым-ұстаз, қоғам қайраткері, (лингвист және математик), публицист әрі аудармашы, "Қазақтың Ломоносовы" атанған, өткен ғасыр басында Қостанай уезі бойынша «Алаш Орданың» комиссары және Қостанайдағы бөлімшесінің төрағасы қызметін атқарған Елдес Омарұлының есімін беру жөнінде ұсыныс  білдірді.

Жаңа білім ордасында әзірге 500-ге тарта шәкірт білім алуда. Олардың басым бөлігі Қостанайдағы Б.Момышұлы атындағы №5 аралас мектептен ауысып келді. Мұнда дәстүрлі білім берумен қатар "Жас сарбаз" сыныптары да  бар.