Кәсіпқой бокс • 05 Қараша, 2019

Кәсіпқой бокс: Канело кіммен жұдырықтасуы мүмкін?

207 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жуырда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде ресейлік Сергей Ковалевті 11 раунда ұрып жыққан мексикалық Сауль Альварестің даңқы бұл күндері тіптеп шарықтап кетті. 

Кәсіпқой бокс: Канело кіммен жұдырықтасуы мүмкін?

Бүгінгі таңда майталман мамандар мен білікті бапкерлерден бастап, барлық БАҚ өкілдері «Алдағы уақытта Альварес кіммен жұдырықтасуы мүмкін?» деген әңгімені сан саққа жүгіртуде. Осы орайда, бес боксшының есімі ерекше аталуда. Олар – қазақстандық Геннадий Головкин, британиялық Каллум Смит пен Билли Джо Сондерс, ресейлік Дмитрий Бивол мен Артур Бетербиев. Әрине, қазіргі кезде көпшілік GGG мен Канело арасындағы трилогияны көргісі келеді. Алайда Мексиканың өрені Генадий Головкинмен қайта кездесуге аса құлшынып отырған жоқ. Сол себепті ол келесі жылдың басында жоғарыда есімдері аталған өзге төрт саңлақтың бірімен сайысқа түсуі мүмкін.

Жасыратыны жоқ, айтулы өрендердің барлығы да мықты. Мәселен, Ұлыбританияның қос өкілі осы күнге дейін жеңілген емес. Каллум Смит 26 рет басымдық танытып, 19 қарсыласын есінен тандырды. Билли Джо Сондерс 27 мәрте жеңіске жетіп, 13 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Дмитрий Бивол да шашасына шаң жұқтырмай жүр. Ол 17 рет рингке көтеріліп, 11 бәсекені нокаутпен аяқтады. Ал Артур Бетербиевтің көрсеткіші тіптен тамаша. Дағыстанның түлегі 15 жекпе-жектің барлығында айқын жеңіске қол жеткізді.