Ас
— Тамақ жейсің бе?
— Жоқ. Жаңа ғана ашаршылық құрбандарының рухына берілген астан тойып келдім.
Такси
Түнімен таксилетіп келген ол, бір қалта тиынды құмарлана санап отырып: «4 жыл университетті бекер оқыппын», - деді.
SMS
«Бүгін кешке сені қонақүйде күтемін. Ресторанға да екі адамға тапсырыс беріп қойдым...»
Ол осы хабарламаны әйеліне жіберіп қойғанына пұшайман болды.
Бөдене
«... Анықтап қарасам бөдене екен. Адам-ау деп үркетін түрі жоқ. Жәй мылтығымды оқтап "тарс" еткіздім. Мүлт кеттім... Ол да селт етер емес... Екінші рет аттым. Тимеді... Ол әлі де менен көз алмай, қимылсыз отыр. Үшінші рет атқанымда сұлқ етіп құлады... Жанына барсам қанатының астында екі балапаны бар екен...
...Содан бері аңға шығуды қойып кеттім.»
Роман Бұрқаш