26 Наурыз, 2010

КЕНДІ АЛТАЙДЫ ТОПАН СУ БАСЫП ЖАТЫР

1103 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Сақтансақ – сақтайды Сәрсенбіде Төтенше жағдайлар министрі В.Божко бастаған жедел топ Кенді Алтайға келіп Тарба­ғатай, Зайсан аудандарының су басып қалған ауылдарында болды. Шығыстың сәні мен мәні биыл кетіп-ақ тұр. Тәуелсіздік алған 19 жылдың ішінде алғаш рет облыс ор­талығында Наурыз мерекесі аталып өтілген жоқ. Өскеменнің қас-қа­ба­ғына қараған қалалар мен аудандарда да Наурыз тойланбады. Оның өз­індік себебі бар. Соңғы үш ай бойы Кенді Алтай қатты аяз бен боран-шашыннан көз жазбады. Қыс бойы аудандар мен қалаларды жалғас­ты­ратын күре жолдар апта­лап жабылып қалды. Міне, соңғы бір апта бойы жолдар тағы да тығындалды. Күннің күрт жылынуынан, екі тәулік бойы жауған жаңбырдан соң облыстың Тарбағатай, Абай, Зай­сан, Ұлан, Күршім аудандарында таудай болып үйілген қалың қар күрт еріп, халықтың мазасын ала бас­тады. Жағдай әсіресе, Тар­ба­ға­тай ауда­нын­да күрделі. Өткен сен­бі­де облыс әкі­мі Бердібек Сапар­ба­ев осы ау­данда болған кезде тасқын су басқан бірқатар ауылдарда бо­лып, апат зар­даптарын өз көзімен көрді. Су тас­қынының алдын алу жө­нінде құ­рыл­ған аудандық штаб­тың мә­жі­лісінде өңір басшысы апат­тың орын алуына жергілікті бас­шылардың тапсырмаларға сал­ғырт қарағаны, бейқамдығы себеп болғанын ашық айтты. Ол үшін кінәлілерді жазаға тартатынын да жеткізді. Ауданда бес елді мекенді су ал­ып кеткен. Дүлей тасқын 650 тұр­ғын үй, сегіз жүзге тарта қора-қоп­сыны бүлдірген. Жеке меншіктің екі мыңға тарта ірі қарасы, оң мың­нан астам қой-ешкісі, жеті жүз­дей жылқысы арам өлді. Көк­жыра, Жентікей, Қызыл жұлдыз, Қызылкесік, Көктүбек ауылда­рының тұрғындары су тасқынынан көп зардап шекті. – Тарбағатай ауданының әкімі М.Сапарғалиев бастаған топ қазір су басып қалған ауылдарда жүр, – деп хабарласты бізден аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы А.Тай­шөгелов. – Олар тұрғын­дар­мен кез­десіп, сын сәтте сабырлы­лық сақ­тауға шақырды. Бес елді мекеннің 3927 тұрғыны аудан ор­та­лығы Ақсуаттағы, Сәтбаев, Тана мырза, Қарғыба, Қарасу ауылда­рын­дағы мек­тептер мен балабақ­шаларға, Ақсуаттағы интернатқа орналас­ты­рылды. Оларға ыстық тамақ жетк­і­зілді, басқа да жағдай жасаудамыз. Табиғат апаты әкелген шығын өте зор. Мал-жан, қора-қопсы, дү­ние мүлікті былай қойғанда, аса қа­жетті көпірлерді де су шайып, істен шықты. Қызылкесік ауылындағы, Құмкөл ауылдық округінің Қар­ғыба өзені үстіндегі көпірлер істен шығып, автокөлік қатынасы тоқтап қалды. Бүгінге дейін құтқару жұ­мыс­тарына бір жарым мыңдай адам тартылып, үш жүзден астам тех­ни­ка қосылған. Қостанай, Көкшетау, Екібастұз, Қарағанды қалаларынан келген 155 құтқарушы мен 37 тех­ника аудан тұрғындарына көмек­те­суде. Сын сәтте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің тік­ұшақтары жүздеген адамды қауіпсіз жерге жеткізіпті. Салғырттық сан соқтырады де­ген. Осымен апаттың алдын алдық десек қателесеміз. Егер ауа райы суытып кетпегенде не болары бел­гісіз еді. Күн суыған соң тасыған топан су бір мезет тыныш тапқан­дай болды. Бұл адамдардың ес жи­ып алуына жағдай жасады. Осыдан бірер апта бұрын Зай­сан ауданында да күннің күрт жы­луынан қалың қар еріп, қауіпті жағ­дай туған. Шілікті ауылы мен 90 отбасы тұратын Тасбастау ауылын су ала бастады. “Алтай адам” ме­ке­ні Шілікті қорғанына да қауіп төн­ді. Аудан әкімі Ә.Мұқтарханов бастаған топ бірден көмекке жетіп, су астында қалған 34 үйдің жан­дарын қауіпсіз аймаққа көшірді. Тоғыз үй жарамсыз деп танылды. Облыс әкімінің орынбасары Т.Тү­сіпбеков бір аптадан бері осы өңірде жүр. Ол департамент, бас­қарма басшыларының қатысуымен бірнеше рет мәжіліс өткізді. Он­дағы мақсат – апаттың алдын алу шараларын белгілеу, су тасқы­нынан зардап шеккендерге көмек қолын созу. Ал көмек еліміздің біраз облыстарынан келіп жатыр. Бірнеше қар тазалайтын техника, ТЖМ-нің жауапты қызметкерлері осы аймақ­қа дер кезінде келіп жетті. Облыс әкімінің орынбасары Т.Түсіпбеков, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Нұрбатшанов, облыстық автокөлік жолдары департаментінің бастығы Сайранбек Бармақов қолдан келген көмегін жасауда. Ал аудандағы іскер азаматтар Болат Нұрасыл, Қу­ат Әб­жанов, А.Дудник өз техни­ка­ларымен қалың қарды тазалап, жерлестеріне көмек көр­сетуде. Ау­дан­ға 114 мил­лион теңге көмек беріліпті. Осы өңірдің тума­сы, іскер қыз Аэлита Әбішева 178 мың тең­генің азық-түлігін жіберсе, А.Дуд­ник 20 тонна көмір, қожалық иесі Дәу­летбек Мықянов та қаржы бөлген. Май­қап­шағай кеденінің бастығы Мұхамет­жан Әбдіразақов 40 жұп су өткіз­бейтін етік, күріш, кеспе, басқа да тағамдарды жерлес­теріне беріпті. – Үйдене су қоймасынан қауіп жоқ. Ол күндіз-түні бақылауда. Кен­­дірлік су қоймасы берік, су мөл­шері қалыпты жағдайда. Қа­ра­тал, Сары­терек, Кеңсай ауылдарын су баспауы үшін қауіпсіздік ша­ра­ларын атқарып жатырмыз. Әр ау­ыл­да күн­діз-түні кезекшілік жа­са­лады, теле­фон орнатылған. Бөлім, сала бас­шы­лары әр ауылдық округте қы­рағы күзетте тұр, дейді аудан әкі­мі­нің орын­басары Қазбек Биқадамов. Облыстың Үржар, Аягөз, Абай, Күршім, Катонқарағай, Ұлан және басқа да аудандарында су тасқы­нының алдын алу үшін тынбай жұмыс жүр­гізілуде. Біз жақында Ұлан ауда­нының Герасимов ауы­лын­да болып қайттық. Мұнда он­шақ­ты күн бұрын ауылдың оңтүс­тігінде орналасқан су бөгені бұ­зы­лып, бі­раз үйлерді су басып қалған. Қазір бөгенді тығындау жұмыстары аяқталып қалыпты. Облыста 83 су қоймасы бар. Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі, Кіші Үлбі гидростансалары қатаң кү­зетте. Бұқтырма мен Өскемен ГЭС-інің су мөлшері тұрақты азайтылып тұрады. Өскеменнің жоғары жа­ғын­дағы Кіші Үлбі жасанды су қой­ма­сының қаупі сейілер емес. Мұнда 60-80 миллион текше метр су жи­налып қалған. Су қоймасын осы­дан 75 жыл бұрын жер ауда­рыл­ған­дар кәдімгі тас, қиыршақтас, құм­мен бекітіп салған. 75 жылда күр­делі жөндеу жүргізілмеген су қой­масы апатқа ұшыраса, Өскеменнің өзегі тарыла түседі. Ендеше, су қоймасына назар аударатын кез келді. 38 орта, шағын су бөген­де­рін, 36 көлшік және оннан астам каналдарды да қамқорлыққа алсақ, ұтылмаймыз. Ертіс, Бұқтырма, Ұба өзендері және 600-ден астам кіші өзен­дер 7109 нысанға және 100 мың­нан астам адамға қауіп төндіріп тұр. Сәрсенбі күні Төтенше жағдай­лар министрі В.Божко бастаған жедел топ Өскеменге ұшып келді. Облыс әкімі Б.Сапарбаевпен бірге олар тікұшақпен Тарбағатай ауданының Жөнтікей, Көкжыра ауылдарына барды. Аталған екі ауыл апаттан қатты зар­дап шеккен. Жөнтікейден бір жа­рым мың адам, ал Көкжыра ауы­лы толығымен қауіпсіз аймаққа кө­ші­ріліпті. Қазір бұл жерде Қара­ған­ды, Қызылорда, Көкшетау, жә­не Павлодардан келген құтқарушы топ қызу жұмысқа кірісіп кеткен. Ау­ыл тұрғындарымен жүздесуде облыс әкімі тұрғындарды салмақты әрі шы­дамды болуға шақырды. “Біз сіздер­мен біргеміз. Елбасының өзі Шығыс өңіріндегі апатты біліп отыр, көмегін жасауда. Жедел топ осы­мен екінші рет біздің облысқа келіп отыр” десе, министр В.Бож­ко “Қазір облысқа 1,2 миллиард теңге бөлінді. Оның әзірше 19 мил­лион теңгесі Тарба­ғатай ауданына ке­ліп түсті. Бұны алғашқы көмек деп түсінген орынды. Мал-жан, қо­ра-қопсыға өтемақы төленеді. Оның анық-қанығын комиссия анық­тай­ды”, деді. Ең бастысы, адамдар дін аман. Сол күні түстен кейін жедел топ Зайсан қаласына ұшып келіп, қауіпті жерлермен танысты. Мұның ал­дын­да Шілікті қорғанының жа­нындағы Тасбастау ауылында бо­лып, тұр­ғын­дармен кездесу өткізді, оларға кө­мек­тің болатынын айтты. Облыс әкімі Б.Сапарбаев аудан әкімі Ө.Мұ­қ­­­тарханов пен штаб мүшелеріне аса сақ болуды тапсы­рып, министрліктің жауапты адам­дарының әр ауылда болып, жағ­даймен таныстырып тұратынын хабардар етті. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы.