06 Қараша, 2019

Хат қоржын (06.11.2019)

5523 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Хат қоржын (06.11.2019)

...мақтан тұтады

Кең пейілді, көп балалы Нұрұмовтар

Өздерінің жастықтарына қарамастан, осыдан біраз уақыт бұрын Қайрат пен Гүлнәр Нұрұмовтар балалар үйінен үш сәбиді алып, шаңырағындағы бес қыздың ортасына қосып, тәрбиелейді. «Айтпаса жүректен кетеді, тартпаса білектен кетеді» демекші, Қайрат Нұрұмов:

– Біздің Шалдай ауылындағы балалар үйін жабады, ал сәбилерді басқа жерге жібереді деген сыбысты естіп, зайыбым Гүлнәр екеуміз ақыл­дасып, жетімдерді алмақшы болдық. Аталған мекеме бас­шыларының айтуынша, Нина, Оля, Маша (Кондратьевалар) атты апалы-сіңлілі үш қызды жастарының айырмашылығына байланыс­ты бөліп, басқа мекемелерге жіберетін болды. Біз басшылардың ондай шешіміне қарсы болдық, ұлты басқа болса да, жасөспірімдерді отбасымызға аламыз дедік. Міне, бүгінде Нина, Оля, Мария – өзіміздің туған қыздарымыз Әлия, Мәдина, Лилия, Нәйлә, Әсия сияқты бізге сондай бауырмал, ақылды, мейірімді, еңбекқор. Осы күндері Нина өзіне ұнаған оқу орнын тәмамдап Павлодар облысындағы Шарбақты ауданының қорғаныс жөніндегі басқармасында қызметте, сондай-ақ Оля, Мария колледждің студенттері. Құдай қаласа, қызымызды әрі қарай оқытамыз, тұрмыс құрамыз десе, тойын жасаймыз, – деді.

«Ертіс орманы» табиғи резерватында еңбек етіп келе жатқан жүректері сырлы, жүздерінен иманы төгілген ерлі-зайыпты Нұрұ­мов­тардың өнегелі ісі кім-кімге де үлгі дегіміз келеді.

 

Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ,

әскери журналист

 

Павлодар облысы,

Шалдай ауылы

 

...үлгі етеді

«Жалының сөнбесін...»

«Жалының барда қызуыңды бер» дейді дана халқымыз. Қай кезде де болсын елдің елдігін, мемлекеттің мемлекеттігін қалыптас­тыратын, болашағын айқындайтын өскелең ұрпақ, яғни жастар қауымы. Осы орайда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана жанынан «Жалынды жастар» клубы құрылып, жұмыс істеп келеді.

Жастар клубының мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғаммен байланыстыру, кедергісіз орта қалыптастыру. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға дағдыландыра отырып, шығармашылық қабілетін шыңдайтын «Жалынды жастар» клубы әртүрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, оларды белсене қатыстырып отырады.

ХХІ ғасыр – ақпарат заманы десек, зағип оқырмандарымызды қажетті мағлұматтармен қамтамасыз ету жастар клубының басты бағдарларының бірі. Мүмкіндігі шектеулі жастарға кітапхана қорына жаңадан келген аудиокітаптарды ұсынып, баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларды оқып, ел жаңалықтармен таныстырып отырамыз.

Биыл жастар жылы, ел болып жастарды қолдайтын жыл. Жастардың рухани жаңғырып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуге септігі мол жыл. Осы тұста мүмкіндігі шектеулі жастар шектеусіз игілікке қол жеткізсе дейміз.

 

Жұлдыз ЖҰМАҒҰЛОВА,

 Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана кітапханашысы

 

...әсерімен бөліседі

Жастар Құлбарақ атаға тағзым етті

Шетпе ауылының жастары мен «Жасыл ел» еңбек жасақшылары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» бағыты бойынша Тиген ауылына жақын Құлбарақ ата қауымына арнайы барды. Мақсат – ауыл жастары мен студент жастардың тарихи-танымдық жан дүниесін күшейту және «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жастар арасында кеңінен насихаттау болып табылады. Жастар алдымен Құлбарақ батырдың басына барып құран бағыштады. Сосын қауымдықты аралап, осындағы атақты тұлғалар туралы мәліметтерге қанықты. Бұдан соң жастар қауымдық түнеуханасына барып шырақшымен әңгіме дүкен құрды.

Құлбарақ Табылдыұлы Хиуа хандарының озбырлығына қарсы күрескен. Құлбарақ түрікменнің атақты Сүйінғара батырының жиені. Құлбарақ батырдың ерлігі негізінен Хиуа хандығының аламан-қарақшыларынан ел қорғау ұрыстарында танылған. Матай ақын «Батыр болып туыпты, Табылдыдан Құлбарақ, Алты сан Алаш жиы­лып, Кем деген жоқ бір қазақ» деп жырлаған. 1832 жылы қысында Хиуа ханы Аллақұл Маңғыстауға 3 мың қол аттандырады. Құлбарақ аз қолмен күші басым жаумен Тиген жерінде ерлікпен ұрысып қаза тапқан. Батырдың Тигенге жақын төбе басындағы зираты да әулие жер болып есептеледі. Бертінде басына сәнді күмбез, түнеухана салынды. Келер 2020 жылы Құлбарақ атаның 230 жылдығы республика көлемінде аталып өтілмек.

 

Бақытжан САТЫБАЛДИЕВ,

аудандық жастар орталығының маманы

 

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы

 

...сақтандырады

Сенім сетінемесін деңіз

Дәл осындай тақырыппен осыдан он шақты жыл бұрын бір газетте үлкен мақала жарияланып еді… Елең еткізіп, оқушыны бірден өзіне тартатын тақырып… Журналистік тәсіл шығар. Бірақ мақаланың мағынасы да өте жақсы еді. Сонда айтпағы – егер маған Кеңес Одағы кезінде компартия келіп: «Қонаевты ат!» десе, атар едім», дейді. Себебі шыр етіп дүниеге келгеннен бастап мені компартия тәрбиеледі. Әліппеде де өз идеологиясын сіңірді, мультфильм арқылы да, телебағдарламалар арқылы да, газет-журналдары арқылы да өз идеологиясын сіңіре берді, сіңіре берді. Әсіресе әдебиет арқылы, көркем шығармалар арқылы сіңірді. Сондағы кейіпкерлерге еліктедік. Ал кейіпкерлердің іс-қимылы мен ойлары тұнып тұрған идеология еді, – дейді. Ал қазір ше? Кеңес одағы болмағанымен, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, киносы мен мультфильмі бар, музыкасы арқылы өз идеологиясын жүргізіп жатқандар көп қой. Соған абай болу керек. Әйтпесе құлағыңа неше түрлі «измдерді» құйып тастап, сосын барып «ат!» десе, ата саламыз ба? Бүлік шығарғыштар, іріткі салғыштардың қолданатын тәсілі ғой. Неше түрлі жаңалық таратқыштардың хабарларын да сын көзбен оқу керек. Айтқаны мен жазғанының бәріне сене салатын жаман әдеттен арылуымыз керек…

 Едіге АЛПЫСБАЙ

 

НҰР-СҰЛТАН