Руханият • 06 Қараша, 2019

Димаштың Нью-Йорктегі концертіне билеттер бір жарым айда сатылып кетті

188 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

10 желтоқсанда танымал әнші Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі Barclays Center аренасында «Arnau tour ENVOY» бірегей шоуын ұсынады.  Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған бұл концерт Қазақстанның АҚШ-тағы мәдениет күндері аясында өтеді.

Димаштың Нью-Йорктегі концертіне билеттер бір жарым айда сатылып кетті

Әншінің талантына қызығушылар біздің елімізде ғана емес шетелдерде де көп. Бұл - әртістің шығармашылығы белгілі бір мәдени шеңберден тыс әмбебап және әр түрлі ұлт пен ұлыстардың жүрегінен орын алғанының көрінісі. Айтулы шараға билеттер 13 қыркүйекте сатыла бастаған, және 1,5 ай ішінде әртістің жанкүйерлері барлық 7000 билетті сатып алған. Көпшіліктің өтінішіне орай, Ticketmaster.com сайтында Димаштың алдағы концертіне фан-аймақ пен шеткі қатарлардан тағы 2000 билет сатылымы ашылған.  

Тартымды шоу бағдарламасы мен әртістің көрерменін елітер сахналық образдарын қазақстандық жас мамандар тобы дайындаған. 

«Arnau tour ENVOY» - 2019 жылдың жазында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «ARNAU» концертінің жаңарған нұсқасы. Жаңа бағдарламада үздік сәттер топтастырылып, жаңа ән, жаңа нөмірлермен толықтырылды. Америкалық көрермендер ARNAU бағдарламасының үздік пікірге ие болған және бүкіл әлемдегі жанкүйерлер қолдаған кейбір нөмірлерін жаңа нұсқада көре алады. 

Димаш әлемдегі тыңдарманға қазақ музыкасының бейнесі, елшісі, бүкіл әлемге еліміздің мәдениетін паш ететін тұлға ретінде танылды. 

Айта кетейік, Димаштың Лондонда өткен жеке концертіне әлемнің 45 елінен 4600 көрермен жиналған.