Аймақтар • 06 Қараша, 2019

«Мың бала» өңірлік байқауының қорытындысы өтті

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясының Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен №198 орта мектепте «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасының өңірлік байқауының қорытындысы өтті. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

«Мың бала» өңірлік байқауының қорытындысы өтті

Маңызы жоғары жобаны іске асыруда жыл басынан бастап облыс көлемінде түрлі форматта іс-шаралар өткізілді. Жазғы тынығу лагерьлерінде ұлттық және спорттық ойын түрлерінен жарыстар, байқаулар ұйымдастырылды. Жобаға тартылған 500-ден аса жас қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтудағы мемлекеттік тілдің маңыздылығын жете түсінді.

Бүгінгі «Асыл сөз» мектебі» бағдарламасы аясындағы облыстық «Тіл мерейі» байқауына 8 оқушы қатысып, бақ сынасты. Бірінші кезеңде оқушылар Отан, тіл, патриотизм тақырыптарында эссе жазды. Екінші кезеңде қойылымдық мәнерлеп оқу сайысында қатысушылар қазақ ақындарының шығармасынан үзінді оқыды. Ал үшінші кезең «Ораторлық өнер» сайысында оқушылар берілген тақырып бойынша сөйлеу шеберлігін танытты.

Өңірлік байқауда қазылар қатарында «Қоғамдық келісім» КММ аға сарапшысы Шакизат Абдраманова, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің аға оқытушысы, ф.ғ.к Әсия Алмауытова, облыстық Ішкі саясат басқармасы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гаухар Айдарова  болып, төрелік етті.

Байқау барысында қазылар қатысушылардың сөйлеу мәнеріне, мәтіннің бейнелік жүйесі мен мазмұндық құрылымына, актерлік шеберлігіне, таңдап алынған шығарманың ерекшелігіне мән берді. Үш кезеңнің нәтижесі бойынша I дәрежелі дипломды Қармақшы ауданы III интернационал ауылы №108 орта мектебінің оқушысы Омар Латифов, II дәрежелі дипломды Жаңақорған ауданының №56 орта мектебінің оқушысы Диана Каюмджан, III дәрежелі дипломды Қызылорда қаласы №198 орта мектебінің оқушысы Дильшат Искаков қанжығасына байлап, Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалы атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ендігі кезекте қазылар алқасының шешімі бойынша іріктеуден өткен оқушылар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының қорытынды шарасына қатысады деп күтілуде.