Қазақстан • 07 Қараша, 2019

Ақтөбе мегаполистердің қатарына қосыла ала ма?

1658 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ақтөбе еліміздегі төртінші мегаполиске айналатыны туралы әңгіме жиі айтылады. Қолда бар деректерге сүйенсек, қазір Ақтөбе мен Қарағанды қаласы халқының саны деңгейлес, жарты миллионның о жақ, бұ жағында. Ақтөбенің болашақта мегополис қала мәртебесіне ие болуға қаншалықты мүмкіндігі бар? Соған жауап іздеп көрейік.

Ақтөбе мегаполистердің қатарына қосыла ала ма?

Қала қалай қанат жайды?

Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Ақтөбе қаласы мен оның маңындағы елді мекендердегі тұрғындардың саны кеңестік кезеңмен салыстырғанда әжеп­тәуір азайып кеткен-ді. Екінші мыңжылдықтың бас кезінде, тұралаған жағдай түзеліп, ел еңсесін тіктеген тұста халық санына қатысты көрсеткіш күрт көтеріліп сала берді. Шалғай өңірлердегі күнкөрісі төмен ауыл тұрғындары облыс орталығына қарай ағылған болатын. Соның нәтижесінде Ақтөбе қаласының іргесінен тұтас ауылдар пайда болды. Мұндай жабайы урбанизация үдерісі, облыс орталығы мен оның маңына халық тығыз қоныстана бастағаны жаңа шағын аудандар салу қажеттігін туғызды. Бүгінгі сәні мен сәулеті келіскен Нұр-Ақтөбе шағын ауданы осылай салынды.

Содан бері Ақтөбе қала­сының демографиялық өсі­мі ішкі көші-қон есебінен жыл­ма-жыл көбейіп келеді. Статис­тика­лық деректер тек соңғы 10 жыл­дың ішінде шаһар халқы 145 мыңға жуық өскенін айғақ­тайды. Осы тұрғыда еліміз­дің ба­тыс өңіріндегі шаһар тұр­ғын­­дарының санын миллионға жет­кізу мәселесі жалаң мақсатқа құ­­рыл­мауы қажет. Егер оның тиіс­­ті те­тіктері мен жолдары алдын-ала бел­гі­ленбесе, бұл әңгі­ме­­лер­­дің бәрі бос сөз болып шығады.

Ақтөбе қаласын бүгінгі за­ман­ғы урбанистикалық орта­лыққа айналдыру жобасы 2014 жыл­дың қаңтар айында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың тіке­лей араласуымен жасалған екен. Бұл жоба өз кезегінде агло­ме­ра­ция­лық даму жолымен еншілес екені аян. Өсу мен өрлеудің осы жо­лымен жүрген Алматы қаласы тұрғындарының саны бүгінде екі мил­лиондық межеге таяп қалса, даму бағыты бірдей Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларындағы халық миллиондық межеден асты.

Агломерациялық даму сипаты арқылы тұрғындардың санын одан әрі өсіру бағытын ұстанатын Ақтөбе мұндай тәжірибеден үйрене отырып, тек өзіне тән даму моделін қалыптастыра алса, алға қойған мақсатына жете алары анық. Айталық, Нұр-Сұлтан – егемен еліміздің әкімшілік орталығы ғана емес, қарқынды даму бойынша әлем жұртшылығын таңғалдыра білген ғажайып қала. Тәуелсіздік жылдарында мұнда тұрғындар саны бес еседен артық өсті. Ал Алматы – отандық қаржы жүйесі шоғырланған, қазақ руханияты ту тіккен шаһар. Шымкент халықтың табиғи өсімі жөнінен ел өңірлері арасында көшбасшы болуымен ерекшеленеді.

Әлеуеті жететіні анық

Ал Ақтөбе ше? Оның агломерация атануға лайықты артықшылығы қандай? Бұл өңір мұнай-газ секілді стратегиялық шикізат көздеріне жақын болуымен ғана емес, сонымен бірге жерінің қойнауы басқа да қазба байлықтарға толы екенімен ерекшеленеді. Ақтөбе топырағында Менделеев кестесіне кіретін элементтердің бәрі де бар деген сөз тектен-тек айтылмаса керек. Тоғыз жолдың торабында орналасқаны да оның еліміздегі ірі көлік-логистика орталығына айналу мүмкіндігін арттыра түседі. Ең үлкен рынок – Ресейге шығатын қақпаның бірі де Ақтөбе десек, қателесе қоймаспыз. Сондай-ақ бұл қала арқылы оңтүстік және орталық аймақтағылар Каспий теңізіне шыға алады. Осындай жағдайда Ақтөбенің жүйе түзеуші кешеннің бірі ретінде дамуы табиғи заңдылық десе де болады.

Инвестициялық және индустриялық күштерді бір жерге шоғырландыру агломерациялық даму жолына тән басты сипат десек, бұл тұрғыда да Ақтөбенің бәсі биік тұр деуге толық негіз бар. Мұндағы ферроқорытпа хром қосындылары және рельс-арқалық зауыты секілді ірі кәсіпорындарды атауға болады. Сондай-ақ еліміздің батыс өңіріндегі үлкен қаланың мұнай-газ химиясы кешінін дамытуға мол мүмкіндігі бар. Осындай өндірістік әлеуеті мол, экономикалық өсімі жоғары қалада халықтың шоғырлану үдерісі қарқынды болуы да табиғи заңдылықтай көрінеді. Жұрт қалалық ортадан орын табу үшін жердің шеті желдің өтінен үлкен үміт арқалап келгенде, кеудеден итеріп тастаудың жөні жоқ.

Агломерация орталығындағы инфрақұрылымдық жүйелерді жаңғырту мен жетілдіре түсу қажеттілігі де дәл осы тұстан туындайды. Яғни тұрғындардың тез көбеюі қосымша мүмкіндік көздерін іздестіруді қажет етеді. Бұған дейінгі құрылған инфрақұрылымдық жүйелер дәл осындай деңгей мен мөлшерге сәйкес келмейтін еді. Мұндай проблемаларды ірі қалалардың бәрі бастан кешкені анық. Міне, осы әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шұғыл шешу ісі өңірдегі іс басында жүрген басшылар үшін де үлкен сын. Осы орайда бірінші кезекте жабайы урбанизация үдерісін тежеп, ішкі көші-қон үдерістерін оңтайлы шешу жолдары шұғыл қарастырылғаны жөн секілді. Әлбетте, әлеуметтік инфрақұрылымға артылған жүктеме өз деңгейінен екі-үш есе артып кетсе, мұның өзі шиеленісті жағдайға соқтыруы әбден мүмкін.

Әсіресе мұндай түйткілдер бірінші кезекте денсаулық сақтау мен білім беру және тұрғын-үй салаларында орын алса, оның соңы тұрғындар тарапынан кейбір түсініспеушілік апарып соқтыруы мүмкін. Сондықтан да халық санының жедел дамуы ескеріле отырып, ел өңірлері арасында баламасы жоқ медициналық кластер құрылды. Мұндағы дәрігерлердің саны мен сапалық құрамы, әрі олардың кәсіби біліктілігі, денсаулық сақтау нысандары тұрғындарды медициналық қызметпен толықтай қамтуға мүмкіндік береді. Қазір бұл жүйе одан әрі қанат жайып келеді.

Жауапкершілік жүгі артады

Ақтөбе қаласында тұрғындарды білім беру жүйесі нысандарымен қамту мәселесінде бірқатар проблема қордаланып қалғанын көреміз. Атап айтқанда, облыс орталығында қазірдің өзінде жаңа білім беру ғимараттарына сұраныс айқын байқалып отыр. Өйткені жыл сайын Ақтөбеде мектеп оқушыларының саны 5-7 мыңға дейін өсуде. Соның салдарынан қаладағы кейбір үш ауысымдағы мектептер санын реттеу ісінде көптеген кедергілер бар. Облыстық білім беру басқармасынан алынған деректерге сүйенсек, жоғарыда айтқан ой-тұжырымдардың нақты көріністері айқындала түседі.

2018-2019 оқу жылдары облыс орталығындағы орта мектептерде білім алған оқушылар саны 75 430 болса, биылғы оқу жылында 82 140-қа көтеріліп, өсім 6710 жеткіншекті құраған. Бұған қоса айтарымыз, қаланың жаңадан тұрғызылған аудандарының бірінде үш ауысымда 3550 оқушы оқып жүр. Бұл көрініс мектеп ғимараты небәрі 1000 орынға арналғанына байланысты. Ендігі үміт Нұр Ақтөбе және Батыс-2 шағын аудандарында келер жылы пайдалануға берілетін жаңа мектеп ғимараттарында болып отыр.

Тұрғындар санын миллиондық межеге жеткізу жобасы белгіленген қалада урбандалу проблемаларын бүгінгі заман талаптарына сай шешудің маңызы жоғары. Халық саны көбейген сайын жұмыссыздық болмай тұрмайды. Ашығын айтқанда, Ақтөбеде әзірге шиыршық атқан мұндай әлеуметтік мәселені шешу үшін ірі ауқымдағы жобалар қолға алына қойған жоқ. Жергілікті өкілетті орган жетекшілері берген өткен жылмен салыстырғанда облыста жұмыссыздық деңгейі осыншама пайызға азайды деген ешқандай жылуы жоқ ақпараттар ешкімді селт еткізбейді. Керісінше ауылдан қалаға еріксіз келген, нарықтық сұраныстарға сай жаңа мамандықтар алу ісіне тартылмаған азаматтардың жай-күйі қаға берісте қалып келеді. Жаңа кәсіпке бейімделмеген тұрғындар еңбек өнімділігінің артуы мен жоғары технологияға негізделген жобаларды енгізуге кедергі келтірмек.

Екінші бір ескеретін тұс, қазірдің өзінде Ақтөбе қаласында күрделі экологиялық ахуал қалыптасты. Кейін тұрғындар саны миллионға жақындаған кезде оның салдары тіптен ауыр тиетіні, мегаполис қала атану туралы ақтөбеліктердің мақтаныш сезімі түкке де тұрмай қалары хақ. Осы қауіптің алдын алудың басты жолы – жоғарыда аталған ірі кәсіпорындар мен металлургия және химия өнеркәсібі саласында зиянды қалдықтарды азайтуға әрі жоюға әсер ете алатын қондырғыларды орнықтыру болмақ.

Тағы бір айта кетерлік жайт, мегаполис қала жағдайында оны жасыл желекке ораудың орны айырықша. Осы орайда Ақтөбеде тал-терек өсіру ісі нәтижелі болғанын қалаймыз. Балапанды күзде санайтыны секілді, көшеттердің санын отырғызылған сәтінен емес, жапырақ жайып терекке айналған кезімен өлшейтін кез әлдеқашан келгені анық. Өйткені өңірде жерге шаншылған талдардың көп кешікпей солып, қурап қалу көріністері тыйылар емес. Бұл іспен кәсіби тұрғыда айналысатын бағбандардың жетіспеуі, ағаш өсірумен айналысатын арнайы салалық құрылымдардың құрылмауы «Жасыл ел» бағдарламасын жарға жығып кетпей ме деген қауіп те жоқ емес.

Өндірістік және инвестициялық күштер бір орталыққа топтастырылған аймақты энергетикалық ресурстармен қамту ісі алдағы перспективалық мүмкіндіктерді қоса қамтып ойластырылмаса бұл да үлкен кедергі. Сондықтан да өңірдің энергетикалық қуаты мен мүмкіндігін одан әрі өсіру жөнінде шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі ешқандай талас туғызбайды. Осы қағидаттың көлік-логистика кешені әлеуетін одан әрі өсіруге тікелей қатысы бар. Осы арқылы экономика мен шаруашылық мәселелерін шешудің өңіраралық және мемлекетаралық байланыстарды дамытудың әрі транзиттік шекаралық қарым-қатынастарды тереңдетудің жаңа жолдары ашылмақ.

Тағы бір ескеретін мәселе – қауіпсіздік. Атап айтқанда халықаралық мәртебені иеленген Ақтөбе әуежайы қала іргесіндегі тұрғын үй аумақтарына таяу орналасқан. Мұны қауіпті қашықтық деуге де болады. Яғни мұндай жағдайда ұшақтардың ұшуы, әрі қонуы мен көтерілуі кезінде төтенше жағдайлар орын алмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан таяу уақытта Ақтөбе әуежайын жаңғырту немесе оны тұрғындарға қауіп төндірмейтін қала шекарасы сыртына көшіру мәселесі ойластырылса, бұл болуы мүмкін қауіптің алдын алудың бір жолы болмақ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қала халқының көптігі құр мақтаныш емес, керісінше бұған байланысты туындаған мәселелердің жауапкершілігі Жергілікті атқарушы органдардың ұдайы назарында болса, Ақтөбе таяу болашақта еліміздегі мегаполис қалалар қатарына қосыла алады.

 

АҚТӨБЕ

Суретте: Ақтөбе қаласы көрінісі