«Нұр-Сұлтан – нұрлы болашақ мекені» деп аталған саясатқа қатысқан ардагерлердің ең жасы 65-те болса, ең үлкені – 91 жаста.
Мұндағы мақсат – Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында еліміздің, жеріміздің тарихымен терең танысу, келешек ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуге атсалысу, жастарға аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбек даңқы дәстүрлерін насихаттау, оларды қазақстандық патриотизм рухында баулуға қатысу болатын. Өйткені осы әсерлі саяхаттан соң біздер қалалық және ауылдық округтерде жастармен, жалпы жұртшылықпен кездесіп, жиналған қауымға елорданың арғы-бергі тарихын тереңірек әңгімелеп берген едік.
Астанамызға саяхат барысында керемет әсерге бөлендік. Мұндағы биік те зәулім, көрікті де көркем, бірінен-бірі өтетін сәулетті ғимараттар кімнің де болсын таңданысын тудырмай қоймайтыны ақиқат. Сайын далалы Сарыарқа төсі қазіргі таңда жап-жасыл орманды алқапқа айналыпты. Мұнан бөлек қаланың тазалығы таңдай қақтырды.
Шардара аудандық ардагерлер ұйымы Республикалық ардагерлер ұйымының және аудандық ардагерлер ұйымының бекітілген жарғысына, жылдық жоспарына сәйкес жұмыс атқарады. Аға буын ардагерлер бас құраған бұл қоғамдық ұйым жұмыс барысында Елбасы Н.Назарбаевтың, Президентіміз Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары мен аса маңызды ресми деңгейдегі құжаттарын басшылыққа алып отырады.
Қазіргі таңда ауданымызда 6200 ардагер бар. Олардың ішінде 80-і тыл ардагері, соғыс ардагерлерінің жесірлерінің саны – 13. Сондай-ақ 101 жалғызілікті қарт бар. Оларға 17 әлеуметтік қызметкер көмек көрсетеді.
Ардагерлер ұйымының негізгі мақсаты мен басты міндеттері – ардагерлердің құқықтарын қорғау, мүмкіндігінше ел өміріндегі қоғамдық жұмысқа белсене араласуына ықпал ету, олардың лайықты әлеуметтік тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету.
Қоғамның бірлігін, келісімі мен тұрақтылығын нығайту жөніндегі жұмыстарға белсене қатысып жүретін ардагерлердің жай-күйін, оларға қызмет көрсетудің мәдени-тұрмыстық, медициналық және басқа да түрлерін жақсартуға жәрдемдесіп жүрген, сонымен бірге естен кетпестей әсерлі саяхат ұйымдастырып берген аудан басшыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Тоқсанбай БЕРДІБЕКОВ,
Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Түркістан облысы