Экономика • 07 Қараша, 2019

Ауылды дамытуға – айрықша назар

343 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары және «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына ұсынылатын шаралар қаралды. Сондай-ақ Үкімет отырысында «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру барысы талқыланды.

Ауылды дамытуға – айрықша назар

«Бизнестің жол картасы-2025» басталады

Бірінші мәселе бойынша сөз алған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов­тің айтуынша, Бизнестің жол карта­сының екінші бесжылдығын іске асы­руда нақты нәтижелерге қол жеткі­зілді. Қабылданған шаралардың негізінде Қа­зақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісінде 25-орынға ие болды. Бұл рейтингте еліміз 2015 жылмен салыстырғанда 16 позицияға көтерілді. Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 28,4%-ға ұлғайды.

«2015 жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 400 мыңға көбейіп, 1,3 млн-ды құрады. Сондай-ақ ШОБ-та жұмыспен қамтылғандардың са­ны 300 мыңға өсіп, 3,3 млн адамға жетті», деді Ұлттық экономика министрі.

Бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен 282 млрд теңге бөлінді.

«Соның нәтижесінде 16 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері қар­жы­ландырылды, 100 мыңнан астам кәсіпкер оқытылды, 15,5 трлн теңгенің өнімі өндірілді, 1 трлн теңге шамасында салық төленді», деді Р. Дәленов.

Бағдарлама бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Оған қатысушылар 7,1%-бен несие ала алады. Несиенің ең жоғары қолжетімді сомасы – 2,5 млрд теңге. 60 млн теңгеге дейін кепілдік беріп,  3 млн теңгеге дейін өтеусіз грант ұсынылады.

«Бизнестің жол картасы-2020» шаралары биыл аяқталады. Сондықтан бағдарламаның жаңа жобасы әзірленді.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, жаңа жобада мақсаттар мен мін­деттер сақталған, қолдау құралдары жетіл­дірілген. Олардың тиімділігі мен қолже­тімділігі арта түспек. Мәселен, айна­лым қаражатын несиелеу көлемі 60-тан 360 млн теңгеге дейін ұлғаяды. Қар­жы­ландырудың қолжетімділігін арттыру үшін микроқаржы ұйым­дарының несиелерін субсидиялау және кепілдендіру енгізіледі.

Бағдарлама қаты­су­шыларына жұмыспен қамту және салық түсімдерін арттыру талабы жетілдірілді. Кәсіпкерлерді әр сатыда қолдау күшейтіледі. Бұл – оқыту, несие және қолдау алу үшін тиісті құжаттарды да­йындау және тауарларды өткізу жолдарын ұйымдастыру.

Р.Дәленовтің айтуынша бағдар­ла­ма­ның келесі кезеңіне 421 млрд теңге қарастырылған. Қаржыландыру өткен бесжылдық кезеңге қарағанда бір жарым есеге ұлғаяды.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағ­дар­ламасында нысаналы индикаторлар көзделген. Олар еліміздің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары­на сәйкес келеді. ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін кем дегенде 35%-ға, өңдеуші өнеркәсіптің үлесін ке­мінде 13,4%-ға жеткізу көзделген», деді Ұлттық экономика министрі.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Басқар­ма төрағасы Абылай Мырзахметов биз­несті жүргізу негіздерін оқыту және кәсіпкер­лерге кеңестер беру бойынша жүргізі­ліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша қолданыстағы бизнесті жүр­гізуге сервистік қолдау 200 мың­нан астам кәсіпкерлік субъектіле­ріне көрсетілді. Мұның сыртында моно­қалаларда, шағын қалаларда және аудан орталықтарында 500 мыңнан астам кәсіпкерге ақпараттық қолдау жасалды.

«96 мыңнан астам кәсіпкер «Бизнес-мектеп» компоненттері бойынша тренингтен өтті, 174 кәсіпкер Германияда іскер­лік тағылымдамадан өтті. 26 984 кәсіп­орын ашылды, 19 553 рұқсат құжаты дайындалды, 649 млрд теңгеге қаржыландыруға көмек көрсетілді. Кә­сіп­керлердің 45 500 жобасы сүйемелденіп, 2 млн еуро сомасына 24 келісімшартқа қол қойылды. 2015 жылдан бастап 2019 жылдың І тоқсанына дейін 97 147 кәсіпкер бюджетке 811 млрд теңге салық төледі», деді А.Мырзахметов.

 Мәселені Премьер-Министр қорытындылады

 «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атап өткеніндей, мықты бизнес – экономиканың тұрақ­тылығын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі. Биыл мамыр айында Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев Ұлттық инвестор­лар кеңесінің отырысында ШОБ-тың рөлін күшейту және оның ел эко­но­микасындағы үлесін 2025 жылға қарай кем дегенде 35%-ға жеткізу міндетін қойды. 2050 жылы біз 50% көрсеткішке жетуіміз керек. Оған қол жеткізу үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр, соның ішінде заңнамаға өзгерістер енгізілуде», деді А. Мамин.

Үкімет басшысы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдегенін атап өтті. 2010 жылдан бастап оны іске асырудың нәтижесінде 342 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, 94 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 2015 жылғы 24,9%-дан 2018 жылы 28,4%-ға дейін өсті. ШОБ өнімдерінің көлемі 13,3-тен 23,4 трлн теңгеге дейін өсті. Субъектілердің саны 900 мыңнан 1,3 млн-ға дейін өсті. Биыл Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде 28-орыннан 25-орынға көтерілді.

2015 жылдан бастап Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға 282 млрд теңге бөлінді, жаңа «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында бір жарым есе көп қаражат – 421 млрд теңге қарастырылған.

Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне қараша айының соңына дейін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының қабылдануын қамтамасыз етуді, жыл соңына дейін қажетті нормативтік құқықтық актілер­дің қабылдануын қамтамасыз етуді, «Ата­мекен» ҰКП және «Даму» АҚ-мен бірлесіп, кәсіпкерлер арасында жаңа Бағдарламаның тәсілдері мен мүмкін­діктері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

 «Ауыл – ел бесігі» жобасы халық өмірін жақсартады

Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе – «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру барысы туралы баяндаған  Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың айтуынша  қазір еліміздегі 6 443 ауылда 7,7 млн адам тұрады (бұл – ел халқының 42%-ы).

«Бүгінде ауылдық жерлерде бірқатар шешілмеген мәселе бар. Ауылдың жартысынан астамында көшені жөндеу қажет. Инженерлік желілер тозуының жоғары деңгейі байқалады. Көптеген ауылда білім беру және денсаулық сақтау объектілері жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты ауылды дамыту үшін кешенді тәсіл қолдануды ұсынамыз», деді Р. Скляр.

Осы мақсатта бірінші кезекте қол­даныс­тағы мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы есебінен ауыл инфрақұрылымы жаңғыртылады, сонымен бірге Аг­роөнер­­кәсіптік кешенді дамыту, «Бизнес­тің жол картасы-2020», «Еңбек» және бас­қа да қолданыстағы бағдарлама шең­берін­де кәсіпкерлікті қолдау жүзеге асырылады.

Қазір даму әлеуеті бар 3 477 ауыл іріктелініп алынды, соның ішінде 1 150 тірек ауыл мен 200 шекара маңындағы ауыл бар. 2 327 ауыл спутниктік ауыл қатарына жатқызылған. Аталған  елді мекендерде 6,6 млн адам немесе ауыл халқының 85%-ы тұрады. Бұл ауылдарды дамытуға басымдық берілмек.

Халық саны өсуінің, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының жалпы қосылған құнның, халықтың жұмыспен қамтылуының жыл сайынғы өсу динамикасы бар осындай ауылдар ірі елді мекендерге жақын орналасқан.

«Бұл ауылдардағы мәселелерді ке­шен­ді шешу үшін біраз қаражат қажет. Алдын ала есептеулер бойынша 900 млрд теңге керек. Бұл қаржының  70%-ын немесе 630 млрд теңгесін респуб­ликалық бюджеттен, ал қалған 30%-ын немесе 270 млрд теңгені жергілікті бюджеттен бөлу көзделеді», деді Р.Скляр.

Қазір шамамен 700 мың адам тұ­ра­тын 53 ауылда 30 млрд теңгеге 452 ин­фра­құрылымдық жоба іске асырылуда.

Бұлар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды жөндеу және қайта жаңарту жө­ніндегі жобалар болып табылады. Қара­жаттар жоспарлы түрде игерілуде.

«Сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елба­сының «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында туған ауылдарды абаттандыру бойынша ірі кәсіпкерлердің «кіші отанына» қамқорлықпен қарау мен ме­ценаттық жасаудың жарқын мысалдары бар», деді Р.Скляр.

Инфрақұрылымды жаңғырту бойынша биыл оң нәтижелерге қол жеткізілді.

«Бұл жұмыстың бастамасы ғана. Оны 2020 жылы жалғастырамыз. Еліміздің барлық өңірлерінде ауыл инфрақұрылымын кең ауқымды жаңғырту басталады. Көзделген 30 млрд теңгеге 2020  жылы қосымша 50 млрд теңге бөлінетін болады», деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Жалпы бөлінетін қаражатқа 250 ауылда 1641 жобаны іске асыру жоспар­лануда. Ауыл халқын жұмыспен қам­туды қамтамасыз ету және іске асыры­лып жатқан жобаларға жаңа дағды алу мақ­сатында ауыл жастары тартылатын болады. Жүргізіліп жатқан инфрақұрылымды жаңғырту ауыл экономикасын дамытуға жаңа серпін береді.

Ұсынылған шараларды тиімді іске асыру үшін республикалық Жол карта­сы­ның жобасы әзірленді. Тірек және спутниктік ауылдарды 2027 жылға дейін дамыту кестесін жасау жоспарланған. «Ауыл – ел бесігі» және басқа да мемле­кеттік бағдарламалар шеңберінде әрбір ауылды қаржыландыру көлемі мен көз­дерін анықтау қажет. Ауыл экономикасын дамыту картасын әзірлеп, тиісті жобалық құжаттаманы дайындау керек.

«Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру 7 жыл ішінде 7 млн халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. 7 мың шақырымнан астам кенті­ші­лік көшелер салынып, жөндеуден өткі­зіледі. Барлық ауыл сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Әлеуметтік нысандарды жаңғырту бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Жалпы, барлық шаралар кешені ауылдарды одан әрі серпінді дамытуды қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде ел экономикасына оң әсерін тигізеді.

Осы мәселедегі өңірлердегі жағдай туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Ақмола облы­сы­ның әкімі Ермек Маржықпаев баяндады.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Ми­нистр Асқар Мамин «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру Елбасының 2019 жылғы 27 ақпанда Nur Otan партия­сының XVIII съезінде берген тапсырмаларына сәйкес басталғанын атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары бойынша әзірленген жоба аудан, қала мен облыстар бо­йынша аумақтарды дамытудың өңірлік бағдарламаларына берік негіз бола алады.

Премьер-Министр жобаны іске асыру аясында 7 жыл ішінде ауылдардың барлық инфрақұрылымын жаңарту, 7 мың шақырымнан астам жолды және ауылішілік көшелерді салу және жөндеу, тіршілікті қамтамасыз ететін инженерлік желілерді салу, сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт объектілерін реконструкциялау және салу, сонымен қатар 130 мың жаңа жұмыс орнын құру арқылы 7 млн-ға жуық ауыл тұрғынының тұрмыс сапасын жақсарту күтіліп отырғанын атап өтті. Ол «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыруды ұлғайту туралы ұсыныстар енгізуді, жылдар бойынша топтастырып және қажетті қар­жыландыру көлемімен тірек және спут­никтік ауылдық елді мекендердің тізі­мін қайта қарауды, сондай-ақ жыл соңына дейін 2020-2026 жылдарға арналған жаңартылған «Ауыл – ел бесігі» жобасын дайындауды тапсырды.

 Келесі жылға жоспарланған заң жобалары

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспарының жобасы  туралы Әділет вице-министрі Наталья Пан баяндама жасады. Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомство­аралық комиссия мүшелерімен бірлесіп, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспар жобасын әзірледі.

Жоспар жобасы Президент пен мемле­кеттің стратегиялық құжаттарында айқын­далған міндеттер негізінде әзірленген, онда 16 заң жобасын әзірлеу қарастырылған. Олар әлеуметтік қамсыздандыру, де­не шынықтыру және спорт, арнайы мем­лекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қа­ты­настары, ерекше тауарларды бақылау, көрнекі ақпарат және басқа да салаларды одан әрі дамытуға бағытталған.

Алдағы жылы 2 жаңа заң жобасын әзір­леу көзделіп отыр. Бұл – «Ерекше та­уарларды бақылау туралы» және «Өсімдік әлемі туралы» заң жобалары. «Ерекше тауарларды бақылау туралы» Заң жобасын жаңа редакцияда әзір­леу ұлттық экспорттық бақылау жүйе­сін жетілдіру, сондай-ақ ұлттық және өңір­лік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағыт­талған. «Өсімдік әлемі туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу өсімдіктер дүниесі объек­тілерін қорғау және пайдалану саласын­дағы қатынастарды реттеуді қамтамасыз ету, оларды тиімді басқару үшін жағдай жасау мақсатында қажет.

 Бұдан басқа, алдағы жылы Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарынан туындайтын 2 заң жобасы Парламентке енгізілетін болады. Жоспар жобасында көзделген 16 заң жобасының ішінен Парламентке 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында – 4, ал екінші жартыжылдығында – 12 заң жобасын енгізу жоспарлануда.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 3 заң жобасын әзір­лейді. Қорғаныс, Ұлттық экономика, Сыртқы істер, Мәдениет және спорт, Эко­логия, геология және табиғи ресурстар, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрліктері 2 заң жобасынан әзір­лейді. Қаржы министрлігі бір заң жобасын ұсынуы тиіс.

Бұл мәселе жөнінде «Әділет министр­лігіне салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, енгізіліп жатқан заң жоба­ларының сапасына ерекше назар аудару керек», деген Үкімет басшысы тиісті тапсырмалар берді.