Қоғам • 07 Қараша, 2019

Басты мақсат – сұранысқа сай маман даярлау

12 реткөрсетілді

Елордада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің төрағалығымен Кәсіптік стандарттарды әзірлеу жөніндегі басқарушы комитеттің отырысы өтті. Отырыста «Ақпараттық технологиялар», «Байланыс», «Инновациялық қызмет» және «Энергетика» салалары үшін кәсіби стандарттарды дайындау барысы талқыланды.

«Егер біздің елімізде экономиканың сұранысына сай мамандар даярлау керек десек, онда тиісінше ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастырған жөн. Ұлттық біліктілік жүйесі негізінен үш бөлімнен тұрады. Біріншісі, жұмыс берушінің, яғни ертең сол маманды жұмысқа қабылдаушының жас маманның біліміне, дағдысына деген талап. Сол талапты кәсіптік стандарт деп атайды. Кәсіптік стандартты әзірлегеннен кейін оған біздің білім беру стандарттары мен бағдарламалары бейімделуі, не болмаса соған қатысты әзірленуі керек. Сол кезде білім беру ошақтары экономиканың сұранысына сай мамандарды даярлайды. Ұлттық біліктілік жүйесінің келесі бір бөлігі – алған білімді тәуелсіз бағалау. Мысалы, бізде университет, институт, колледж болсын, студенттерді даярлайды да дипломын қолына береді. Сол дипломы білімін растайтын құжат саналады. Бірақ дүние жүзіндегі барлық дамыған елдерде тәлімгердің дипломына қарамай, оның білімін растайтын тәуелсіз біліктілік орталықтары жұмыс істейді. Олар студенттердің біліктілігін растап, сол сертификаты арқылы жұмыс берушілер қалаған мамандарын қабылдай алады. Оның құны мен бағасы жоғары. Сондықтан біз осындай жүйені қалыптастырудамыз. Дүниежүзілік банктің зерттеуі бойынша бүкіл экономикамызды қамту үшін 550 кәсіптік стандарт қажет. Осы жоба арқылы былтыр соның 70 кәсіптік стандартын әзірлегенбіз. Қалған 480 стандартты жылдың соңына дейін әзірлеуіміз керек», деді Біржан Нұрымбетов.

Бұл ретте «еліміздегі Жоғары оқу орындары кәсіпорынға сай келетін маман даярлай алмай жатыр ма?» деген журналистің сұрағына министрдің жа­уабы былай болды:

«Бізде еңбек нарығында сұранысқа даярланған мамандарымыз сай келмейді. Заңгер немесе экономист көп. Сол негізгі мәселе болып отыр. Қазір еңбек нарығының сұранысы өзгеше. Осы ретте көптеген зерттеу жасалып жатыр. Еңбек нарығының сұранысы жоғары білімді мамандарға емес, орта, арнайы кәсіби білімі бар мамандарға 75 пайыз мұқтаж деуге болады. Әр адам өз баласын жоғары білім алсын, заңгер, экономист болса екен дейді. Бірақ еңбек нарығын да естен шығармауымыз керек. Ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастырудағы негізгі міндеттеріміздің бірі – осы мәселені шешу. Әр саланың өзінің еңбек ерекшеліктері бар. Бірақ барлығының талабы бір. Қазіргі талап сол саладағы мамандар қандай болуы керек деген қағидаларды кәсіптік стандартқа енгізу», деді министр.

Сондай-ақ аталған шараға Мәдениет және спорт, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі, Энергетика вице-министрлері, түрлі саладағы кәсіптік стандарттарды әзірлеушілер, «Атамекен» ҰКП және «Ernst & Young» консалтингтік компаниясының өкілдері қатысты. Салалық біліктілік шеңбері мен «Туризм» саласындағы кәсіптік стандарттарды дамыту туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев, Ақпараттық технологиялар, Байланыс және Инновациялық қызмет салалары бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек, Энергетика саласы бойынша Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов тиісті ақпараттарды ортаға салды. 

Жиын соңында Біржан Нұрымбетов орталық мемлекеттік органдарға сала­лық комиссиялардағы кәсіптік стандарт­тардың үйлесімін қамтамасыз етуді және оларды бекітілген кестеге сәй­кес «Атамекен» ҰКП-ға жолдауды, со­нымен қатар әзірлеушілердің ескер­тулерін уақтылы әзірлеуді, биыл 15 қара­шаға дейін «Ernst & Young» сарапта­масын алуды аяқтауды тапсырды. Әзір­леушілерге кестеге сәйкес сараптама нәтижелері бойынша алынған ескер­ту­лерді жою және бекітілген КС пен бас­қа да кәсіптік стандарттарды еске­ре отырып, әзірленіп жатқан кәсіп­тік стандарттардағы кәсіптердің қайта­лануын болдырмауды тапсырды. 

 

Соңғы жаңалықтар

Мырқымбай

Әдебиет • Кеше

Қаламгермен кездесті

Әдебиет • Кеше

Қарашадағы қоңыр өлең

Аймақтар • Кеше

Ақша аударымын тексереді

Экономика • Кеше

17,5 мың құйма алтын сатылды

Экономика • Кеше

Алтыншы раундта жеңді

Кәсіпқой бокс • Кеше

Ұқсас жаңалықтар