Әдебиет • 08 Қараша, 2019

«Ғасыр адамы» атағын суық жарықтың пайда болу табиғатын анықтағаным үшін берді

2689 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қарағанды ғалымдары жайлы әңгімелегенде алдымен «Ұлы математика курсы» деп қазақ тілінде тұңғыш оқулық жазған Алашорданың соңғы тұяғы – Әлімхан Ермековті тілге тиек етеміз. Көмірден синтетикалық мұнай өндіруге қатысты жобаны алғаш жасап, «Атан қомында туған адам» атты тұңғыш жинағына профессор Зейнолла Қабдолов «Селен мен өлең» деген атаумен алғысөз жазған сұңғыла ғалым Евней Бөкетовті айтуға болады. Сол ірілердің лайықты інілерінің бірі, физика-математика ғылымдарының докторы — Темірғали Көкетай десек артық айтқандық емес. Әлемге әйгілі ғалым. 1999 жылы Ұлыбританияның Кембридж университетінің жанындағы Халықаралық географиялық орталықтың шешімімен «Ғасыр адамы» атағын алған тұңғыш қазақ. Біз бүгінде ғылымның небір майталмандары, әлем физиктері ашқан жаңалығын түгел мойындаған, кристалдардағы жарықтың табиғатын зерттеп, студент кезінде-ақ, кристалды қолдан өсірген дара тұлға жайлы көп біле бермейміз. Жуырда ғалыммен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті.

«Ғасыр адамы» атағын суық жарықтың пайда болу табиғатын анықтағаным үшін берді

– «Ғасыр адамы» атанған тұңғыш қазақсыз. Әңгімемізді осы атақтың ар­ғы-бергі тарихынан бастасақ? Кім­дер ұсынды сізді? Бұл атаққа қол жеткізген шетелдіктерден кімдер бар?

– Менің жұмысымның аты «Белсен­дірілген кең ауқымды кристалдардың абсолюттік спектроскопиясы» деп ай­ты­лады. Жалпы, түсінікті тілмен айт­қанда «Ғасыр адамы» атағын суық жа­рықтың пайда болу табиғатын анық­тағаным үшін берді. 1994 жылы үйге Кембриджден хат келді. «Сіз «ХХ ғасыр­дың ғұлама адамы» атағына ұсы­нылған үміткерлер ішіндесіз», деп. Бұл біреудің мені қылжақтап жазып жібер­гені деп ойладым. Сосын жыртып, лақтырып жібердім. Сол беті ұмытылып қалды. Арада екі ай өтті. Бір күні тағы хат келіп тұр. Тағы Кем­бриджден. Қызым бірінші хатқа жауап жазған-жазбағанымды сұрады. «Маған оның не керегі бар?», дедім қызыма. Ол қоймай, менің физиканың қатты денелері бойынша ашқан ғылыми жаңалығымды ағылшыншаға аударып, салып жіберді. Содан 1999 жылдың шілдесінде хат келді. Ел-жұртқа айтар-айтпасымды білмей ойланып жүргенде, әлгі хат жоғалып қалды. Тағы ешкімге тіс жарған жоқпын. Бір күні 1999 жы­лы желтоқсанның соңына таман, ас­пиранттарым бар, кафедраға келген хат­тарды қарастырып отырғанбыз. Аспи­рантымның біреуі: «Аға, сүйінші», деп айғай салсын. Сөйтсек поштамен «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» деген атақтың медалі, дипломы келіпті. Медалі 300 грамм таза күмістен жасалған. Білуімізше, бұл атаққа бес жыл бойы кімнің лайық екенін әбден таразыға тартқан сияқты. Сол кездегі ҚарМУ ректоры Жамбыл Ақылбаев бастап қуанып, мәре-сәре болдық. Мұндай атақтың қалай, кімдерге берілетінін ол уақытта білмейтінмін. Содан 1-2 жылдан кейін Мәскеуде дүние­жүзілік конференция болды, сол жиында Жапониядан келген бір профессор маған келіп бейджиктен есімімді оқып:

– Сіз Көкетаевсыз ғой, құттықтаймын, ‒ деді.

Екеуміз сөйлесе келе бұл атаққа мені 1994 жылы Жапониядағы Физика институтының дүние жүзі танитын Теазава деген теоретик-физигі бастап, солар ұсыныпты. Шетелдіктерден басқа кімдер барын нақты білмеймін, ал Ресейден бір адам химия саласы бойынша осы атаққа қол жеткізді. Жалпы Орта Азия бойынша Қазақстаннан осы атаққа мен ғана ие болыппын.

– Атыңызды әлемге әйгілі еткен сол жұмысты қысқаша түсіндіріп бере ала­сыз ба?

– Менің нақты шұғылданатын салам Қатты дене физикасының иондық кристалдар физикасы немесе оларды кең аумақты диэлектриктер деп атайды. Сондықтан ең негізгі сала ол люминесценция құбылысы. Бұл өте қызық, ғылымда да, былай да жарық деген құбылысты адамзаттың барлығы біледі. Бірақ оның табиғаты деген өте күрделі нәр­се. Люминесценциялық құбылыс адам­зат баласына бұдан 700 жыл бұрын белгілі болған. Бірақ әлі түбіне жеттік деуге болмайды. Люминесценттік деген сөзді елдің бәрі көріп жүрген «суық жарық» деген сөзбен түсіндіруге болады. Жалпы, жарық деген жылумен байланысты екені белгілі. Сіз қандай денені белгілі бір температурада қыздырсаңыз ол жарық шығарады, мынау ағаш, кө­мір, темір барлығын қыздырсаңыз белгі­лі температураға барғанда ол жы­лу шыға­рады, яғни екінші жарық шығарды. Ал люми­нес­ценциялық жарық ол жылуға байланысты емес, өзінің табиғатының ерекшелігіне сай, жылу болмаса да шығара беретін қатты денелер болады. Мыса­лы, денелерді -273 градусқа суытсаң ол дене люминесценция жарығын шығара береді. Орысша «холодное свечение» деген сол.

– «Ғасыр адамына» алғашқы математика, физика пәнінен сабақ бер­ген ұстаздың есімі кім?

– Мен жалпы 4-сыныптан 10-сыныпқа дейін Алматыда оқыған адаммын. Атақты №12 мектептің оқушысы болдым. Мені физикаға баулып үйреткен Нұр­манов деген мұғалім. Одан кейін Абай атын­дағы педагогикалық инсти­туты­на түстім. Мұнда келген уақытта физикаға баулыған, үйреткен Төкеш Әбдісадықов деген үлкен ұстаз болды. Ол кісі уақытында КСРО Ғылым ака­демиясының президенті Сергей Иванович Вавилов деген академиктің оқушысы болған екен. Сол аспирантурасында оқып жүргенде бір жылдан кейін Төкеш Әбдісадықұлының әкесі өте бай кісі болған екен, соны мұндағылар біліп қойып «мұның әкесі бай болған, хандыққа таласқан» деп ана жаққа жазып, партиядан шығарып, жұмыстан қуып, аспирантурадан шеттетіп бір ауылға мұғалім қылып жібереді. Кейін бәрі басылғаннан кейін қайта КазПИ-ге келіп мұғалім болып, Ленинградқа барып Вавиловтың оқушысы Киммент деген профессор бұл кісіні қайтадан ғылыми жұмысқа алады. Содан кандидаттық диссертация қорғаған адам. Физикаға баулыған тағы бір ұстазым Тарту университетінде Чеслав Брониславович Лущик деген ғалым, бүкіл дүние жүзіне белгілі Эстония Ғылым академиясының академигі. Мен сол жерде 2 жыл сынамадан өттім, 3 жыл аспирантурада оқып, бас-аяғы 5 жылда мені ғалым қылып тәрбиелеп, ғылым деген алып мұхитты сана-сезіміме құйған адам.

– Евней Бөкетовпен ҚарМУ-дың қабырғасын қатар қалаған ғалымның бірі әрі бірегейісіз. Ебекең жайлы егжей-тегжейлі әңгіме өрбіте кетсеңіз?

– Өмірімде Ебекеңнен артық адамды мен көргенім жоқ. Ғылым жағынан да, өнер, әдебиет, адамгершілік, қысқасы қай жағынан алсаң да Ебекең адамзаттың бір керемет құбылысы ғой деп ойлаймын. Бірде университетіміздің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры бір жағдаймен қызметінен босады.

Ебекең ректор бірден:

– Теме, сені ғылыми жұмыстар жө­нін­дегі проректорлыққа ұсынуды ойлап отырмын, – деді.

Оқыс ұсынысқа жүрегім дауаламай: – Сеніміңізге көп рахмет. Мен проректор болмай-ақ қояйын. Басқа азаматтар бар ғой. Кафедрамыз жаңа құрылып жатыр, – дедім. Мұндай жауапты қызмет үшін әлі жас екенімді де білдірдім.

Ректор аз-кем ойланып отырды да: – Болмайды. Айтқан себептеріңнің бі­ре­уі де орынды емес. Жаспын дейсің. Ана жылы Қанекең (Сәтбаевты айтып отыр) мені де осылай шақырып алып, Қарағандыға, жаңа құрылып жатқан ғылыми-зерттеу институтына директор етіп жібергенде 34-35-терде ғана болатынмын. Қазіргі сенің жасың, қабілетің жетеді, көріп жүрмін. Көмектесеміз. Жұмыстан сырғақтай беруге болмайды. Қиыншылықтан қашпа. Бұл орынға таласып араға кісі салып жүргендер көп. Қолыңнан келеді, мен сенемін.

Ебекең кесімін айтып барып тоқтады. Ең ауыры «сенемін» деген сөзі болды. Зады, қазақтың осы бір «сенім» деген сөзінің құдіретін түсініп болдық па? Жоқты бар қылатын, болмасты болдыратын сенім емес пе? Сенім арқалаған азамат басын оққа тігеді, жанын отқа салады, өзіңе-өзің сенімді болсаң, басқаның сеніміне ие болсаң, бойыңа қуат, ойыңа қанат бітеді. Мені қинатқан да ширатқан да ардақты ағаның сенімі еді.

Ебекең – университеттің ғана емес, біз сияқты ғалымдардың да іргетасын қалаушы тұлға деуге болады. Ебекең туралы бірнеше мақала жаздым, енді бір кітап жазсам ба деген ой бар.

– Қанша ғылым докторын тәрбие­ледіңіз?

– Менің жетекшілігіммен 32 ғылым кандидаты, 8 ғылым докторы және 2 PhD докторы диссертацияларын қор­ғады. Олардың көбі еліміздің универ­ситеттерінде, төртеуі Израильде, бесеуі Германияда, екеуі Қырғыз елінде, біреуі Өзбекстанда жемісті еңбек етіп жүр.

– Қазақ тілі ғылым тіліне қанша­лықты ыңғайлы?

– Қазақтың тілі жалпы, ғылым ғана емес, бүкіл дүние жүзіне белгілі, ең шырайлы да, шұрайлы бай тіл. Ғылымда қазақ тілін еркін қолдануға болады. Өз тәжірибемнен айтайын, физика ғылымын қазақ тілінде мүлтіксіз пайдалануға еш­қан­дай бөгет кездестірмейсіз. Нағыз ың­ғайлы тіл болып есептеледі.

Қазақ тілі орыс тілінен әлдеқайда бай тіл. Ғалымдардың айтуы бойынша, бү­кіл тілдік қорын жинаған уақытта ағыл­шын тілінде 600 мың сөз бар екен. Ал қазақ тілінде әлі жиналып бітпеген. Ғылым академиясының қорында қазірге дейін жиналған 2,5 миллион сөз бар екен қазақ тілінде. Қазақтың тілі қандай ғылым болса да керемет, жақсылап түсіндіріп қолдануға ыңғайлы тіл. Мен оны жай айтып отырғаным жоқ. Қазақ совет энциклопедиясының кітап болып шыққан 12 томы бар, соның бірінші томынан бастап 12 томына дейін аталған энциклопедияға еңбек еттім. 1971 жылдан бастап жүзге таяу мақала жаздым, сол себепті оны жақсы білемін. Сондағы мақалаларды қазір оқып көрсеңіз керемет жазылған. Кейін орыстардың империялық саясатының нәтижесінде біздің тіл аяқастынан жарамсыз болып, жалпы отбасында ғана қолданылатын аясы тар тіл болып шыға келді. Кеңес өкіметі тұсында тілге шын жаны ашып, ешкім көңіл бөлген жоқ. Тіпті қазақ ғалым­дардың өздері де, бәрі де орысша оқып, орысша университет бітірген адамдар ретінде ана тіліне алаңдай қоймады.

Жалпы, термин деген уақытта, бү­гінге дейін сол шаруамен ылғи филология ғылымдарының мамандары айналысады. Терминді жасайтын филолог ғалымдар емес, әрбір саланың өз ғалымдары болуы керек деп ойлаймын. Мысалы, физи­каның терминдерін филологтар емес, физик­тер құрастыруы керек, бірақ оны орыс, қазақ тілдеріне жетік, сауатты маман жүйелесе жөн. Былайша айтқанда, термин құрастырушы адам үшқырлы маман иесі болғаны дұрыс. Жалпы, қазақ тілі ғылыми тілге, жаратылыстану ғылымдарына жарамайды деген сөз қате, мүлдем дұрыс емес. Менің үш аспирантым таза қазақ тілінде диссертация жазды. Алматылықтар да, астаналықтар да біледі.

Қазақ тілі ғылым тіліне жарамсыз деген сөз қазақ тілін менсінбейтін адамдар­дың айтқан шала пікірі. Адамның қандай күй-жайы болса да, соны көрсете алатын тіл. Сонда сөздік қорында 2,5 миллион жеке сөзі бар дүние жүзіндегі ең бай тіл ғылым тіліне жарамаса не болғаны? Шетелдің барлық ғалымдары айтып жүргендей, сондай әуенді, сондай тамаша, әдемі тіл – менің тілім.

– Шыңғыс Айтматов шетелге шық­­қанда құнды екі жәдігерді жа­ны­нан тастамайды екен. Бірі – әйгілі «Манас» жыры, екіншісі – «Абай жолы» дейді. Сіз шетелге қазақ­тың қандай жәдігерін таныстырып жүре­сіз?

– Тарту университетінде 8 тіл біле­тін филологпен танысқаным бар. Он тоғы­зыншы тіл ретінде қазақ тілін меңгере бастады. Ленинград кітапханасынан академик Н.Сауранбаевтың ілгеріде шыққан кітабын тауып алып, сонымен тіл сындырып жүрді. Мен ол студентке «Абай жолының» қос кітабын сыйладым. Ол әлгі кітапты толық оқып шығып, қазақ тілінің құдіретіне құрметінің тіпті арта түскенін айтты. «Абай жолын» аударма арқылы оқыған басқа халықтар қазақ дүниетанымын бәрібір толық түйсіне алмайтынына аталған романды өзім әдейі екі мәрте орысша оқып шыққан кезде түсіндім. Бір эстонның «Абай жолын» қазақша оқуына сеп болғаныма өзімді бақытты сезінемін. Жалпы, «Абайдың» екі томдығы, өлеңдер жинағы мен қара сөздері өмір-бақи қалтамда жүреді.

2006 жылы ғой деймін, ана тіліміздің рухын биіктетіп, өз тілімде Оксфордта 70 профессордың алдында дәріс оқуға бекіндім. Дәрісті қазақ тілінде оқуға қанша ниеттенсем де, физика саласының қазақ-ағылшын тәржімасы бір жүйеге келмегендіктен амалсыз орыс тілінде жүргізуге тура келді. Сонда ғылыми жетекшім Чеслав Лущик бұл жетістігімді естігенде қоңырау шалып: «Ұлы орыстың өзі Оксфордта дәріс оқыған жоқ. Сен Оксфорд университетінде дәріс оқыған тұңғыш қазақсың!», деген еді. Қазақты шетелге осылай да танытқым келген кездер болды.

– Қазіргі білім саласындағы рефор­малар­ға, өзгерістерге көңіліңіз тола ма?

– Көңілім мүлдем толмайды. Тәуел­сіздік алғалы бері Білім және ғылым министрі 14-15 рет ауысты ғой деймін. Жалпы, адам баласына әке-шешесінен кейінгі қымбатты адам ол – мұғалім. Дүние­дегі ең қымбат капитал ол – жас адам. Оны тәрбиелеуге кеткен ақша есе­сімен қайтады. Білімі, ғылымы, ру­хы төмен ел, ешқашан өркендемейді. Сон­дықтан ұстаздардың беделін ең жоғарғы сатыға көтеріп, жалақыларын жарты мил­лионға дейін жеткізу керек.

Екінші маңызды мәселе тәрбиеге аса зор көңіл бөлінуі керек. Мен Жапонияда 5 рет болдым, олар он екі жасқа дейін 4-ақ пән оқиды. Ол төрт пән мыналар: жапон тілі, тарихы, мәдениеті және салт-дәстүрі.

Өз ата-анасын, елін, халқын, отанын жан-тәнімен сүйген, құрметтеген, ол үшін жанын пида ететін адам ғана бүкіл адамзаттық деңгейде көтеріле алады. Намысты оятудың ең маңызды шарасы – мектепте тәрбие жұмысын жандандыру.

Еліміздегі жоғары оқу орындарының барлығы университет мәртебесіне ие болды. Бұрын екі-ақ университет болатын еді. Университет дегенде оның мәні, аты айтып тұрғандай әмбебап, көптеген мамандығы бар кешенді оқу орны. Біздегі педагогикалық, политехникалық тағы басқа институттар бір-екі жаңа мамандықтарды ашты да бәрі университет болып шыға келді. Олардың санын қысқартып қазіргі таңда сабақ беріп жатқан 150 жоғары оқу орнының 30-40-ын қалдырып, қалғанын жабу керек. 18 миллион халыққа 30-40 жоғары оқу орнының өзі көп. Қазір экономика, заңгер мамандықтарын бітіргендердің саны бір орынға 15-20-дан келеді дейді. 50 миллион халқы бар Англияда 20 шақты ғана университет бар.

Бірде Жапониядан келген шетелдік әріп­тесім: ‒ Қазіргі білім жүйелеріңіз қалай, – деп сұрады. Айттым:

‒ Біздің жүйе Болон әдістемесіне кірейін деп жатыр, соған әрекет етіп жатыр, ‒ деп. Сонда ол кісі:

‒ Біз де ептеп оқу жүйесін жаңар­тайық, реформа жасайық деп жатырмыз. Біздің реформа Кеңес Одағының 1950-1960 жылдағы оқу жүйесіне негізделуде, ‒ деді.

‒ Мектепке оқулық жазып жатырсың­дар ма? ‒ дегенде:

‒ Жазу қиын. Перышкин деген автор­дың кітабын жапон тіліне аударып жатырмыз, содан оқитын боламыз. Біз зерттеп біліп сондай қорытындыға келдік, ‒ деді.

Мен Қарағандыға келгеннен кейін, бұл Перышкинның несі артық деп қазіргі шығып жатқан оқулықтармен салыстырып қайта оқып шықтым. Сөйтсем, шынында да 1950-1960 жылдары шыққан Перышкин оқулығы қазіргіден әлдеқайда артық екен.

–Туып-өскен атақонысыңыз – Жаңа­арқа. Таяуда мың күбінің күр­пілі мен күмбірі Ұлы даладағы көш­пелі рухымызды оятқандай ғажап құбылыс болды. Жаңаарқаның қы­мызы жайлы айтыңызшы?

– Дәл қазіргі Жаңаарқа ауданының аймағына Көкшетау, Ақмола жақтан келе жатқан болу керек, Асан қайғы Есеннің бойына жетіп ‒ «Шіркін, Есен аттың сауырына сыймайсың-ау, алты күнде ат семіретін жер екенсің», депті жарықтық. Есеннің бойы дегеніңіз Иманақ тауының бауырынан 15-20 шақырым жердегі тамаша, шырайлы аймақ. Есеннен шыққаннан соң 40-50 шақырымнан кейін қазіргі Атасу өзеніне келіп, бой жазып, өзен суынан қана ішіп тұрып, «Сарысудың саумал татитын суындай емес, судың атасы мұнда екен ғой» деген. Сол уақыттан бастап Атасу өзені атанып кетіпті. Міне, менің туған жерім Жаңаарқа ұлы бабамыздың дуалы аузына бір рет емес, екі рет ілігіпті.

Әр адамға туған жері қымбат. Оның ішінде «Сәкен» деген совхоздан, 80 шақырым жерде Қызылағаш деген жерден артық жер жоқ. Жаңаарқа жылқылы аудан ғой. Бір бауырымыздың 5 мың жыл­қысы Ақдала деген жерде жатса, 10 мың жылқысы бар бір бауырымыз Жаңа­арқаның екінші бір қиырында жылқы қайырады. Сондықтан мұндай өлкеден мың күбі тауып алып, оны бір мезетте пісу қатты таңғалатын шаруа да емес деп ойламын. Әлем бірақ қатты таңғалды.

– Рухани ағалы-інілі, қазаққа қатар қыз­мет қылған Ақселеу Сейдімбек досыңыз болыпты. Ақаң жайлы айтып беріңізші?

– Сексенінші жылдардың бас кезі болатын. Бір күні Ақселеу Алматыдан телефон шалып, амандық-саулық сұраған соң: «Темеке, мен «Білім және еңбек» журналына бас редактор болдым. Баяғы айтқан мәселеңізді енді өзіңіз бастаңыз», деді. Мен: «Ол қандай мәселе? Ойыма түспей тұрғаны», дедім. «Осыдан біраз жыл бұрын ҚарМУ-де «Білім және еңбек» журналында физика туралы ештеңе жазылмайды деп сынап едіңіз ғой. Міне, енді сізге қолқа салып, өзіңіз зерттеп жүрген кристалдар туралы оқушыны қызықтыратындай мақала сұраймыз» дейді күліп. Кейін бұл журнал «Зерде» болып өзгерді. Ақселеудің еңбегі сіңген осы журналдан қашанда қазақтың қасиеті аңқып тұрушы еді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін, біреулердің қара ниеті кесірінен абзал азамат орнынан алынды. Қазақтығы үшін...

Ақселеудің белгілеген жоспарла­рының, ойлағандарының құрығанда жартысы іске асқанда, ұрпағымыз ұлттық тәрбие, білім алып, қоғамда оң өзгерістер қазірден әлдеқайда көп болушы еді деп ойлаймын.

Бір таңғалғаным, осыған дейін ойыма келмесе керек, физика, математика пәндері арқылы да жастарға ұлттық тәрбие сіңіруге болады екен. Жалпы, қай салада жүрсең де қазақ мүддесін ойлай жүруді Ақаңнан үйрендім. Ең қарапайым мысал: математикада берілетін «А пункті мен В пунктінің арасы неше шақырым» де­­ген есептің мәтінін «Қарқаралы мен Баян­ауыл­дың арақашықтығы», «Же­тісай мен Қаратаудың арасы» немесе «Ұлытау мен Арқалықтың ара­қа­шық­­тығы қанша?» деп өзгертіп, есеп шы­ғарыл­са, оқушының Отанға, ел мен жерге деген сүйіспеншілігі артып, таным көк­жиегі кеңейетіні анық.

Ақселеу таңғаларлық талант еді, бас­қасын айтпағанда, ол екі-ақ әнімен композитор ретінде тарихта қалды, ал оның шықпаған әндері қаншама болатын.

‒ Мыналарды неге шығармайсың? ‒ дегенде:

‒ Онша емес қой деймін бұл ән, бұл әндерді шырқайтын адам да болмай жүр ғой, ‒ дейтін. Ол әндер архивте бар шығар. Халыққа жетпеген, айтылмаған 10 шақты әні бар. Ол сондай-ақ өзін ешқашан ғалыммын деп ойламаған адам. Алайда небір өтірік ғалымдар ақылға сыймайтын «атақ-абырой» алып, жолын кесе бергеннен кейін докторлықты 6-ақ айда, кандидаттықты 2-ақ айда жазды.

‒ Енді қазір немен шұғылданып жатырсыз?

‒ Қазір біраз жасқа келдік, университетте профессор болып ептеп жұ­мыс істеп жатырмыз, баяғыда аш­қан ғы­лыми-зерттеу институтымызды жан­дан­дырғымыз келеді. Кейінгі кезде қазақ тілімен, терминдерімен шұғылданып жүрмін. Қазақтың 20 мың сөзі және сөз тіркесі қамтылған орысша-қазақша сөздік жасап қойдым, енді оны басып шығару керек, баспаға дайындау керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Мирас АСАН,

«Egemen Qazaqstan»