Парламент • 08 Қараша, 2019

Нақты экономикаға апаратын жол

112 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан 90-шы жылдардың бірінші жартысындағы экономиканың толық құлдырауынан осы жылдардың екінші жартыжылдығынан бас­тап экономиканың тұрақтануы мен өсіміне бет алған ауыр жолдардан өтті. Осы кезеңдерде шикізат саласына басымдық беріліп, соңғы онжылдықта экономиканың өңдеу секторы қарқын алып, өндірісті әртараптандыру жолға қойылды.

Нақты экономикаға апаратын жол

Бұл орайда, Стратегия және Индустрия­лық-инновациялық даму бағдарламалары мақсат­ты бағдарламалық тәсілдің басты құралы ретінде пайдаланылып, белгіленген межеге жетуге мүмкіндік туды. Шынында да ұлттық статистика көрсеткендей, 2009-2018 жылдары тұтастай өнеркәсіпке қарағанда өңдеу өнеркәсібін орташа есеппен жыл сайын 4,5 есе жоғары дамытуға қол жетті. Сонымен бірге экономиканың шынайы секторын тұрақты және теңгерімді дамыту қамтамасыз етілмейінше өндірісті әртараптандыруға дамудың ішкі және сыртқы факторлары жан-жақты әсерін тигізетініне көз жеткізілді.

Осыған байланысты шынайы сектордың бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыруды қамтамасыз етудегі аса жауапты міндеттерді шешу әлеуетін молайту үшін ел Президенті Қ.Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында «Шикі­зат­қа байланған мен­тали­тет­тен бас тартып, эко­но­миканы әрта­рап­тандыру» міндеттерін алға қойды. Яғни, бұл міндеттің өзектілігі сонда, ежелден келе жатқан қанатты сөзде айтылғандай, асу бермес шыңнан өттік, енді күмән мен толқуға жол бермей, тек қана алға тарту керек.

Белгіленген меже айқын – еңбек өнімді­лігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есе арттыру. Мұндай мақсатқа индустриялық дамудың ең үздік әлемдік тәжірибесіндегідей «білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті сияқты жаһандық дамудың негізгі факторларын пайдалануымыз қажет. Бұл тәсілдің жаңашылдығы – еңбектің мәнін сапалы жетілдіру арқылы сапалы өсімді қамтамасыз етуде. Осының негізінде өндірісті дамыту мен экономиканың өсімінде тұрақтылық кепілдігі орнығады.

Тұрақтылықты қамтамасыз ету кілті даму­ды реттеудің ішкі негіздерінде, атап айтқан­да, «квазимемлекеттік сектор – ақша-несие жүйесі – Ұлттық әл-ауқат қоры» үштаға­нында. Шындығында да Жолдауда нақты атап көр­сетілгендей, мемлекет тарапынан жеңілдікпен аса қомақты қаржы алатын ірі конгломераттар халықаралық бәсекелестікке төтеп бере алмайды деген күмән келтіреді. Шынайы сектордың мұқтажынан алшақ қалатын екінші деңгейдегі банктер ақша-несие саясатын тиімді жүргізе алмайды. Осының бәрі елімізді экономикалық жағынан қарқынды дамытуға кедергі болып келеді. Соның салдарынан мұндай жағдайда, туындаған проблемаларды шешуге Ұлттық банк қаржысын үнемді пайдаланбау орын алады.

Мемлекеттің тұрақтандырушы рөлін алдың­ғы қатарға шығарып, нарық институттары мен тетіктерін толыққанды қамтамасыз етер уа­қыт келді. Сондықтан Президент Жолдауы аясын­да алғаш рет мынадай міндеттер алға қойылды:

– квазимемлекеттік сектордың қайтарымын арттыру, ол үшін ең алдымен мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың нақты тиімділігіне талдау жүргізу қажет. Яғни, олардың қажет еместерін қысқартып, стратегиялық секторлардағы субъектілерді басымды қолдауды қамтамасыз ету керек;

– Ұлттық әл-ауқат қоры құрылғаннан бері халықтың әл-ауқатын арттыруға қандай үлес қосқанын бағалау. Осы орайда Үкіметке жыл аяғына дейін Ұлттық банкпен бірге Ұлттық қордың қаржысына өкімдік ету тетіктерін жетілдіруге нақты ұсыныстар жасауға тапсырма берілді;

– екінші деңгейдегі банктердің тиімді шарттармен және ұзақ мерзімге бизнеске несие беруін қамтамасыз ету. Осы мақсатта Ұлттық банкке 2019 жылдың аяғына дейін екінші деңгейдегі банк активтерінің сапасын тәуелсіз бағалауды аяқтау тапсырылды.

Осындай шешуші және басқа негізгі міндеттерді толыққанды іске асыру арқылы біз мемлекеттік менеджменттің теңгерімдігі мен тиімділігі негізінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік аламыз.

«Қарапайым заттар экономикасы» туралы айрықша атап көрсету қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында мұны жұмысымыздың басым бағыты деп баға берді. Осы тұжырымды іске асыруда терең ойластырылмаған саясат жүргізгендіктен кейбір менеджменттер мәселенің мәніне терең үңілмей орынсыз тәуекелге кез болып қалады.

Бәріміздің де есімізде, Үдемелі индус­триялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­масы бойынша өндірісті әртараптандыру­дың бірінші бесжылдықтағы міндеттерін іске асыру кезеңінде Басымды тауарлар мен қызмет көрсетулердің біртұтас картасы деп аталатын бастама көтерілді. Бірақ сол кезеңде Қазақстанның Индустрияландыру картасы негізгі жұмыс құралы болғандықтан жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламаның жұмыс кестесіне біртұтас карта телініп кете алмады. «Қарапайым заттар экономикасының» қазіргі тұжырымдамасы сияқты ол да жергілікті тұтыну нарығына бейімделген тауарлар өндіру мен қызмет көрсетуді дамытуды көздеген болатын. Алайда, сол кездегі бастама ұмытылды. Қарапайым заттар экономикасы да егер оны іске асырушылар орынсыз және өзге уақытта пайдаланатын болса жоғарыда ұмытылып кеткен бастаманың жолын қуып кетуі мүмкін.

Қазақстан тарапы 2019 жылғы 9 тамызда Қырғызстанда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында Еуразиялық экономикалық одақ аясында осы бастаманы бірлесіп іске асыруды ұсынды. Бұл бастама 2021-2024 жылдарға арналған ИИДМҚ жаңа мемлекеттік бағдарламасы үшін едәуір тәуекел туғызатыны белгілі. Бағдарламаның шешуші бағыттары­ның бірі – тұтыну нарығын сұранысқа ие тауарлармен толықтыру мақсатында «қарапа­йым заттар экономикасын» дамыту болып табылады. Бірлесіп өндіру қазірдің өзінде үлесі басымырақ болып тұрған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнімдері Қазақстанның ішкі нарығында бұрынғыдан да ұлғая түсу тәуекеліне әкелуі мүмкін. Осының бәрі отандық өндірістің бәсе­кеге қабілеттілігіне орны толмастай зиян келті­ретінін түсінуге тиіспіз.

Сондықтан Мемлекет басшысының Жол­­дауын экономиканың шынайы сек­торын­­дағы өндіріс субъектілеріне, әсіресе шағын және орта бизнес үшін  аса қолайлы жағ­дай жасаудың шынайы қамқорлығын көз­деген бағ­дарламалық құжат ретінде қабыл­дауы­мыз керек. Соның негізінде барша қазақ­стандық­тар­дың әл-ауқатын айта қаларлықтай көтеруге мүмкіндіктер туады.

 

Еділ МАМЫТБЕКОВ,

Парламент Сенатының депутаты