Саясат • 12 Қараша, 2019

Әділ әрі ашық диалог құруды көздейді

777 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жаһандық сын-тегеуріндер мен сая­си шешімдердің ықпалы арқылы қысқа күнде қырық құбылған әлемдік экономикалық ахуал Astana Club-тың алаңында сарап­қа салынбақ. Дәстүрлі түрде ұйым­дастырылатын айтулы шараның бұл жолғы тақырыбы «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақ­тастықтың жаңа құрылымы жолында» деп аталды. Екі күнге жос­парланған жиынның алғашқы сессиясы жабық есік жағдайында өтті.

Әділ әрі ашық диалог құруды көздейді

Astana Club – жаһандық мәселелерге арналған алаң

«Әлемдік тәртіп: болашақтың тарихын кім жазады?» атты панельдік сессияда әлемге танымал сарапшылар мен беделді саясаткерлер арасында ортақ диалог орнап, дамыған елдердің бүгінгі экономикалық және қаржылық мүд­делері арасында туындаған қара­ма-қайшылық жайында әңгіме өрбіді. Жиынған қатысқан Парламент Сенаты­ның Төрағасы Дариға Назарбаева соңғы уа­қытта Еуразия құрлығындағы орын алған саяси-экономикалық жағдай еш­кім­ді бейжай қалдырмайтынын айтты.

− Сауда соғысы, экономикалық санкциялар мен контрсанкциялар, үздіксіз әскери қақтығыстар, геосаяси шиеленіс, сенім режімі мен ядролық арсеналдардағы бақылау жүйесінің бұзылуы сынды факторларды мысалға алуға болады. Аталған жайттар кез келген елдің стратегиялық тұрақтылығына нұқсан келтіретін орасан зор қауіп. Үлкен Еуразияға тікелей қа­тысты бұл жағдайлар ашық әрі жетеге жетерліктей айтылып келеді, – деді Пар­ламент Сенатының Төрағасы. Бұл тұр­ғыда Қазақстанның сыртқы саясаты әріптестерімен тарихи тамырластыққа негізделгенін жеткізген Д.Назарбаева мем­лекет жүргізген саясаттың ортақ эконо­микалық мүдденің негізінде өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталғанын сөз етті.

− Бүгінгі жағдайды ескере отырып, экономикалық, саяси, әскери конфронтацияның жалғыз өміршең баламасы тек жаһандық ынтымақтастық болып табылатынына сенімдімін. Өзара ынтымақтастықты адал әрі ашық диалогсыз орнату мүмкін емес. Тек осындай диалогтың нәтижесінде бүгінгі болмыс­ты бейнелейтін ережелер қалыптасуы мүмкін. Astana Club – озық ойларды ортаға салатын, түйіні күрмеулі сан мәселенің жібін тарқататын, ең бастысы тікелей қарым-қатынас орнатып, арадағы түсініспеушілікті шешетін алаң. Жаһандық мәселелерді жаңаша шешуге арналған орта, − деді Д.Назарбаева.

Сессия барысында белгілі саясаткерлер мен сарапшылар жаңа жаһандық жанжалдардың қатерлері, ұлтшылдық, популизм, либералды әлемдік тәртіп мәселелері, әлемдік дағдарысты шешудегі ұлттық институттар мен халықаралық ұйымдардың рөлі туралы пікір алмасты.

Испанияның 2004-2011 жылдар ара­лығында Премьер-министрі болып қызмет атқарған Хосе Луис Сапатеро бүгінгі күні мемлекеттер арасында туын­даған технологиялық жарыс, климаттық өзгерістер және әлеуметтік теңсіздіктің артуы сынды мәселелерге назар аудару керектігін айтты.

− Біз Еуропалық одақ, Африка ел­дері одағы, Орталық Азия, Еура­зия құр­лы­ғындағы елдер өзара ынты­мақ­тастық­ты күшейтуге тиіспіз. Өзара жекелей әріп­тестік орнатумен шектеліп қана қой­май, Біріккен Ұлттар Ұйымымен ортақ ынтымақтастықта болуға, соның маңайы­на топтасуға тиіспіз. Алпауыт елдер ара­­сын­дағы туындаған сауда соғысы әлем­дік экономиканың тұралап қалуына, тіпті өзге мемлекеттердің дамуына кері ық­пал етіп отыр. Мұндай жағдай­да ортақ­тасу, мәмілеге келудің пайдасы бар. Біз көп­полярлы әлемнің қалып­та­суына күш салуымыз керек. Көптеген қақ­­тығыстың бейбіт шешім табуы аса ма­­ңыз­ды қадам болмақ, − деді Х.Л.Сапа­теро.

Жаһанда орын алған қаржылық-экономикалық шиеленістерге қарамастан Үлкен Еуразия ғаламдық дамудың көш­бас­шысы атануға үмітті. Себебі – көрсет­кіші жаман емес.

− Жаһандық даму орталығы «Үлкен Еуразия» кеңістігіне жылжуда. Ресми мәлі­метке сүйенсек, Қытайдың ІЖӨ көле­мі алғаш рет 14 трлн долларды құрады. Бұл Америка экономикасының тиісті көр­сеткішінің үштен екісі, – деді «Өр­кениет диалогы» зерттеу институ­ты қамқоршылық кеңесінің төрағасы Владимир Якунин.

 Келер жылға болжанған жаһандық 10 сын-тегеурін анықталды

Форумның алғашқы күні «Еу­разия үшін 10 басты сын-қатер» рей­тин­гінің тұсауы кесілді. Аталған зерттеу жұмысына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен халықаралық институттар және 40-қа жуық беделді сарапшы, саясаткер қатысты.

Ауқымды зерттеу жұмысының қоры­тындысы туралы жоба жетекшісі Қазақ­стан Республикасы Тұңғыш Прези­денті − Елбасының Қоры жанындағы Әлем­дік экономика және саясат инс­титуты­ның директоры (ӘЭСИ) Ержан Салты­баев және рейтингтің тең авторлары Словения экс-президенті (2007-2012) Данило Тюрк, Карнеги қорының вице-президенті Эван Фейгенбаум (АҚШ), сондай-ақ ПИР-орталығының төрағасы, генерал-лейтенант Евгений Бужинский (Ресей) толығырақ айтып берді.

ӘЭСИ директоры Е.Салтыбаевтың айтуынша, аталған рейтингті жасау кезінде сауда соғысы, зымыран-ядролық қару, жаңа технологиялар енгізу сынды басым бағыттар нысанаға алынған.

− Жыл сайын рейтинг әзірлеу кезінде ғылыми-зерттеу жұмыстарына назар аударылады. Биыл бізбен бірге жобаны дайындауға халықаралық сараптама орталықтарының жетекшілері мен беделді саясаткерлер және дипломаттарды қосқанда әлемнің 40 сарапшысы қа­тысты. Сондай-ақ 70 елден 1 100 адам­ның пікірі жинақталды, – деді ӘЭСИ директоры.

Келер жылы әлемдік экономика үшін ықтимал сын-қатерлер тізімінде 2020 жылы АҚШ-тағы президенттік сай­лау­дан кейінгі орын алатын жағдай айтыл­ған. Сонымен қатар жаһандық эконо­ми­калық құлдырау мәселесіне назар аударылыпты. Белгілі болғандай, дүние жүзіне ықпал ететін кезекті эконо­микалық дағдарыс дамушы елдер­дегі экономикалық мәселелердің ушығуы­нан туындауы мүмкін. Дамып келе жатқан нарықтарда капиталдың кетуі әсерінен валюта бағамы құлдырап, ком­паниялардың қарызға белшеден бату қаупі бар. Үшінші мәселе, АҚШ пен Қытай текетіресінің ушығуы. АҚШ пен Қытай арасындағы текетірестің кү­шею қаупі былтырғы рейтингтің алдыңғы қатарынан орын алған. Бұл мәселе 2020 жылы да өзектілігін жойған жоқ. Рейтингте Вашингтон мен Бейжің шиеленісі толыққанды стратегиялық қарсылық екені айтылған. Төртінші мәселе, жаһандық қарулану жарысының жаңа кезеңіне арналды. Биыл жақын және орта қашықтықтағы зымырандарды жою жөніндегі келісім күшін жойғаны мәлім. Келер жылы жаппай қарулануға көшкен елдердің «ойын ережесі» қандай болатыны алаңдатады. Технологиялық даму белең алған кезеңде бұл саланың қандай бағытта дамитыны, пайдасы мен зияны жайында да сарапшылар зерттеу жүргізді. Белгілі болғандай, келер жылы технологиялық кеңістіктің геосаяси сегментациясы айқындала түспек. Сонымен қатар ядролық келісімді жою Иран төңірегіндегі қарама-қайшылықтардың одан әрі ушығуына ұласуы мүмкін. Иран­ның геосаяси қарсыластарымен теке­тіресі киберкеңістікке кең таралуы ықтимал. Мәселені тереңірек бақыла­ған сарапшылар келер жылғы Таяу Шы­ғыстағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты тың мәліметтермен бөліскен.

 Қазақстан – ауқымды іс-шаралар ұйымдастыруда тәжірибе жинақтаған ел

Бұдан басқа ДАИШ-тың талқан­дал­ғанына қарамастан, террористік топтар дамудың жаңа сатысына көтеріліп, әрекет ету ауқымын кеңейте түсуде. Жеке-дара күрес ұйымдастырушылардың саны артқан. Әлемге төнген қауіпті 10 сын-тегеурінге қосу арқылы келер жылы экстремизммен күрес шараларының арта түсетінін аңғартса керек. Тізімнің соңында басқыншы ұлтшылдық пен популизм толқыны, яғни этностық және діни араздық қаупінің туындауына назар аударылған. Бұған қоса, ірі державалар арасындағы кикілжіңдер мен келіспеушіліктер 2020 жылы климаттың өзгеруіне қарсы күресті түбегейлі тоқтату қаупін тудыратыны да басты назарда.

«Еуразия үшін 10 негізгі сын-қатер» рейтингін таныстыруға арналған конференцияда Карнеги қорының вице-президенті Э.Фейгенбаум Astana Club аясында көтерілген экономикалық тұрғыда маңызды, саяси тұрғыда өзекті мәселелер бір ғана құрлықтың жағдайын баяндаумен шектелмей, ғаламдық деңгейдегі оқиғалардың негізінде бірлесіп шешім қабылдауға арналған мүмкіндік екенін атап өтті. Өзінің осымен клуб жұ­мысына бірнеше мәрте қатысып отыр­ғанын айтқан ол кез келген мемле­кетте осындай ауқымды іс-шаралар ұйым­дас­тырылмайтынын, Қазақстан бұл тұрғыда тәжірбие жинақтаған ел екенін сөз етті.

Astana Club-тың алғашқы күні «Ға­ламдық тұрлаусыздық дәуірі: Еуразия 2020 жылғы сын-тегеуріндер мен мүм­кіндіктер» тақырыбында ашық панельдік пікірталас өтіп, рейтингте анық­талған 10 сын-тегеурін төңірегінде әңгіме өрбіді. Форумның екінші күні Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Ел­басы Н.Назарбаевтың қатысуымен пле­нарлық отырыс өтеді деп жоспарлануда.

Айта кетерлігі, жыл сайын айтулы шараға әлемнің 40 елінен 200-ден астам спикер қатыстады. Олардың қата­рында АҚШ, Қытай, Ресей, Иран, Герма­ния, Түркия, Ұлыбритания, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің меймандары бар.

Биылғы Astana Club отырысының спикерлері мен құрметті қонақтарының қатарында Мохаммед әл-Барадеи, Жозе Мануэль Баррозу, Ахмет Дәуітоғлы, Вацлав Клаус, Абдулла Гүл, Борис Тадич, Хамид Карзай, Джордж Фридман, Иэн Моррис, Роберт Каплан сынды танымал саясаткерлер бар.