Аймақтар • 13 Қараша, 2019

Жаңылтпаш жауаптар кімге қажет?

411 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әділдік іздеп, қабырғаларына қара тастай батып жүрген мәселелерді үлкенді-кішілі мемлекеттік орган басшылардың атына хат түрінде жолдайтын қарапайым азаматтар жеткілікті. Сондай-ақ соңғы кезде облыс әкімдігінің сайттары мен әлеуметтік желі парақшаларына да тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағымдар жиілей түскені байқалады. Қандай мазмұнда болса да мұны оң құбылыс деп бағалауға болады. Өйткені өкілетті және атқарушы орган жетекшілеріне жолданған әрбір хаттың арғы астарында үлкен сенім мен үміт тұрғаны талассыз. Бұл екеуі ақталмаса, осы сенім мен үмітке селкеу түспесіне кім кепіл?

Жаңылтпаш жауаптар кімге қажет?

Осы орайда кейінгі кезде мемлекеттік органдар тарапынан хат пен арыз-шағым иелеріне жауаптар белгіленген уақытта кешікпей қайтарыла бастағаны сүйінішті жәйт. Тіпті қазіргі электрондық құжат айналымына сәйкес бір күннің ішінде өтініш хат иесінің ұялы байланыс желісіне оның тіркелгені әрі оны орындайтын жауапты лауазымды тұлғаның атына жіберілгені, әрі өтініш хаттың заңмен белгіленген мерзімде қаралатыны туралы хабарлар келіп түседі.

Мұндайда кімде-кім болмасын «ие, бәсе» деп әжептәуір қанаттанып қалатыны анық. Содан соң арада көп уақыт өтпей жазған өтініш хатқа қайтарылған жауаптар да келіп түседі. Әрине жоғарыда айтылғандай тұрғындарды толғандырған мәселелерге мемлекеттік органдар тарапынан жауаптардың уақытында келуі сөз жоқ өте жағымды жәйт. Әйтсе де жауаптың мәтініне көз салғандар көп жағдайларда оны қапелімде түсіне алмай, бейне бір жаңылтпаш оқығандай әрі-сәрі күйде қалады. Өйткені хатта айтылған толғақты мәселеге нақты жауаптар қайтарыла бермейді. Есесіне оның орнына әлдебір заңдар мен Кодекстердің ұзақ тармақтарынан тұратын сала-құлаш баптары көрсетіледі. Осылайша қарапайым тұрғындар үшін ешқандай жылуы жоқ, мәні мен мағынасы бұлдыр сырғытпа жауаптар түсініксіз күйінде қалып қоя береді. Тұрғындар тарапынан түсетін өтініш хаттарға ешкім түсінбейтін қойыртпа, жаңылтпаш жауаптар қайтару көрінісі Ақтөбе облыстық әкімдігінде де орын алып отырғаны ақпарат жиынында ашық айтылды. Осы мәселеге байланысты Ақтөбе облысы әкімінің аппарат басшысы Нұржауған Қалауов өз тұжырымын былайша жеткізді.

-Бұған дейін азаматтардың арыз-шағымдарына байланысты берілген жауаптардың бірқатары ешқандай сын көтермей келді. Мұндай үстірттікті былайша жалғастыра беруге болмайды. Сондықтан да алдағы уақытта салдыр-салақ әзірленген жауаптар тікелей әкімдік аппаратының сүзгісі мен бақылауынан өткізілмек. Мұндағы мақсат – хат иелеріне қарапайым да түсінікті, етек-жеңі жинақы жауаптар қайтару.

Лайым да, солай болғанына не жетсін!

 

АҚТӨБЕ