Аймақтар • 13 Қараша, 2019

Тартымдылық тереңдей түспек

287 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде бұдан бес жыл бұрын 2016-2020 жылдарға арналған аумақтарды дамыту бағдарламасы қабылданған болатын. Бүгінде осы межелі кезең де мәреге таяп келеді. Содан бері аталған уақыт аралығында не істеліп, не тындырылды деген заңды сауал туындайды.

Тартымдылық тереңдей түспек

Бұл ретте аталған бағдарламаның басты мақсаты өңірлер экономикасын дамытуға жаңа серпін беру және өмір сапасын жақсарту екенін атап көрсеткен жөн. Мұндай ауқымы кең істі бірыңғай бюджеттік қаражаттар есебінен шешу еш мүмкін еместігі бесенеден белгілі. Бұл бағытта өңірлерге инвестициялық қаражат көздерін тартудың барлық жолдарын қарастыру бірінші кезекке қойылған-ды. Осы орайда Ақтөбе облысында әжептәуір іс тындырылғанын айтпай кету шындыққа қиянат. Яғни 2016 жылдан бастап өңір экономикасын дамытуға 1,3 триллион тенге инвестиция тартылғаны алдыңғы пікіріміздің айғағы. Қазіргі қолда бар деректер тартылған инвестициялардың 85 пайыздан астамы – инвесторлардың меншікті қаражаты екенін көрсетеді. Осы аралықта бюджетте небәрі 15 пайыз ғана инвестиция тартылғаны ілкімділіктің бір көрінісі болмақ. Қуырдақтың көкесі түйе сойғанда көрінсе, инвестицияның көкесі шетелдік болған жағдайда салмағы мен бағасы арта түспек.

Бұл бағытта аймақта тартылған инвестициялардың жалпы көлемінің 30 пайыздан астамы шетелдік екені де төмен көрсеткіш емес. дегенмен мұны мүмкіндік шегі деу де қиын-ақ. Қазіргі кезде облыста осы үлесті одан әрі көтеру мен жалғастыру жөнінде кешенді шаралар көзделген. Бұған Ақтөбе аймағының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығы негіз қалай алады. Инвестиция көлемін одан әрі өсіру жөніндегі жаңадан жасақталған аймақтық жобаға сәйкес жыл аяғына дейін қосымша 800 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылмақ.

Бүгінгі күні аймақтың инвестициялық тартымдылығын одан әрі тереңдету жөніндегі мәселелер жергілікті атқарушы органдар жетекшілерінің ұдайы назарында. Әрине орайын таба бастаған іс бір сәтте алқынып, демігіп қалуы әбден мүмкін. Бейнелеп айтқанда бүгінгі күні әлемде инвестициялар үшін тынымсыз күрес жүріп жатыр десе де болады. Осы күресте жығылып қалмау үшін өңірде инвестициялық бастамаларды қолдаудың нақты тетіктері мен жолдары белгіленді.

Соның ішінде Ақтөбеде 2013 жылдан бері тұрақты түрде өткізіле бастаған халықаралық инвестициялық форумдардың тигізген шапағаты аз емес. Соның нәтижесінде хром оксидін өндіретін цехтан жел электр стансасына дейінгі отызға жуық жобаға қол қойылып жүзеге аса бастады. Бұл орайда соңғы аталған инвестициялық-инновациялық жобаның жалпы құны 100 миллион АҚШ долллары тұратынын ескерсек, оған тартылған инвестициялық қаражаттың құны тым қомақты екенін бірден түйсінеміз. Осы арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 423 миллиард тенге көлемінде инвестициялық қаражат қосылды. Сонымен бірге 3000-ға жуық адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды.

Инновация өздігінен шауып, жүгіріп келіп алақанға түсе қоймайды. Қырдан қашқан қызыл түлкідей дерсің оны. Мұны қалай тартып игеруге болады. Бұл үшін кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігін көтере білудің маңызы жоғары. Өткен жылы өңірде бұл үшін тау-кен мен металлургия өнеркәсібінің бірқатар кәсіпорындарын цифрландыру жүргізіліп, бұл іс биыл тағы да өз жалғасын тапты. Әйтсе де аталған мәселеде барлық күш пен мүмкіндік ақтөбелік инвесторлардың қолында тұрмағанын да ашық айтқанымыз жөн.

Мысалы елімізде инвесторларды кедендік салықтардан босату жөніндегі жоба кешеуілдемесе бір ізге түскен үрдіс одан әрі ширай түспек. Осындай түйінді жоба құнынын отыз пайызына дейін мемлекеттік грант беру мәселесіне қатысты айтуға да болады. Осы қатарда шикізат пен материалдарды сырттан әкелген инвесторларды бес жылға дейін қосымша құн және жер мен мүлік салықтарынан босату жөніндегі шаралар өз кеегін күтіп тұр.

Елімізде инвестициялық ахуалды жақсартуға үлкен септігі тиетін мұндай кешенді іс-шаралар толық шешімін тапқан кезде ақтөбелік инвесторлардың арқасы да кеңи түспек. Бұл жөнінде газет тілшісіне өз ой-пікірін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин былайша жеткізді.

- Өңірде «кедергісіз бизнес» жобасы жүзеге асырыла бастады. Оның тез алға жылжуы үшін инвесторларға арналған фронт-офис ашылды. Мұның бәрі облыста қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыруға бағытталған. Аталған істің алғашқы нәтижелері де атап айтуға тұрарлықтай. Мәселен біз соңғы уақытта Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия және Нидерланды секілді экономикасы жақсы дамыған көптеген елдердің капиталдарын пайдалануға мүмкіндік алып отырмыз. Қазіргі кезде өңірде аталған мемлекеттердің 900-ден астам компаниялары жұмыс жүргізуде.

Өңір басшысының тұжырымы құрғақ сөзге құрылмағанының басты бір дәлелі бүгінгі күні инвестицияларды пайдалану арқылы облыс шикізаттық тәуелділіктен арылып, керісінше өңдеу өнеркәсібі буындарын дамыту бойынша өңірлер арасында алдыңғы орынға көтерілгені. Бұған өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 10,8 пайыздан 13,7 пайызға дейін өскені. Сондай-ақ еңбек өнімділігі 43 пайызға артқаны айқын айғақ. Әрине бұған қарап Ақтөбе облысында экономиканы көтеруге шетелдік қаражаттарды тарту мен экономиканы әртараптандыру жұмыстары толық шешімін тапты деп айта алмас едік.

Керісінше бұл істе алдағы кезде өз шешімін табуға тиісті мәселелер де жеткілікті. Бұл ретте өңірдің экономикалық әлеуетін одан әрі өсіру, отандық және шетелдік инвесторларды тарту ауқымын арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және салықтық базаны одан әрі кеңейту секілді жауапты да күрделі міндеттер тұр. Осыған байланысты өңірдегі салалық басқармалар мен «Қазақ Инвест» ҰҚ өкілдігі және «Ақтөбе» ӘКК АҚ экономиканың әртүрлі секторларында инвестициялар тарту ісінің сан түрлі тәсілдерін қарастыра білгендері жөн. Ал әзірге бұл істе олардың тарапынан айта қаларлықтай қарқынды іс-қимыл байқала бермейтінін де жасырып қалудың жөні жоқ.

Рас, Дүниежүзілік банктің сараптамалық қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша ел өңірлері арасында алдыңғы орындардың бірінде, яғни үшінші орында тұр екен. Үшіншінің аты үшінші. Осы орайда ақтөбелік инвесторлар бұдан да биік белестерге көтерілуі үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып қимылдай алса, алдағы кезде  бір триллион бес жүз миллиард тенгеден асып түсетін аса қомақты мөлшерде инвестиция тарту жөніндегі ой-мақсаттарына жете алары анық.   

 

АҚТӨБЕ