Әдебиет • 14 Қараша, 2019

Хат қоржын (14.11.2019)

7108 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Хат қоржын (14.11.2019)

...үлгі етеді

Африкалық құс пен балық өсіруде

Жамбыл облысының Жамбыл ауданы Шайқорық ауылында тұратын ағайынды Нұрғиса мен Нұрбол Қуанышбаевтар ауласында африкалық түйеқұстарды өсіруде. Олар бұл түйеқұстарды 3 айлығында Африкадан алдырған. «Түйеқұстар күніне 10-15 кило азық тұтынып, бір сиырдың жем-шөбін жеп қояды. Бірақ сиырдікіне қарағанда еті қымбат. Бұлардың біреуі 3-4 жылда 150 кг ет береді. 3 жылдан кейін 10-15 жұмыртқадан тауып, жыл сайын көбейте береді»,  дейді Нұрғиса Қуанышбаев.

Оның айтуынша, бүгінде салмағы 70 килоға жеткен алып құстар аса бір қамқорлықты қажет етпейді екен. Аумағы шағын, ашық алаңқайда жүре береді. Күн көзі күрт суыса да тез тоңа қоймайды. Айта кетейік, Нұрғиса мен Нұрбол қарақұрлықтың құстарымен қоса әлемдегі ең әдемі құс – Үндістан тауысын да асырайды. Бұл ғана емес, Қуанышбаевтардың қолдан жасалған бассейндерінде Африканың жайындары да бар. Көпшілік тек көгілдір экраннан ғана көретін жайындардың ұзын-саны 70-тен асады.

Осындай ерекше бастаманы қолға алған ағайындылар алдағы уақытта ауылдағы ауласын африкалық зообаққа айналдыруға ниетті.

 

Ғибрат СЕМБАЙ

Жамбыл облысы

 

...ұсыныс жасайды

Төлқұжаттағы жүйесіздік

Кешегі кеңес кезінде бүкіл ел ұлттық ерекшелігіне қарамастан «ов», «ев», «ин» «ич» болып жазылып келді. Бұл да сол кезеңнің елеусіз, көңіл бөле бермейтін орыстандыруға байланысты қитұрқы саясаты еді. Тәуелсіз ел болып өмір сүріп жатсақ та жеке бас куәлігіміздегі ұлттық ерекшелігімізді сақтамай, қалай болса солай әркім өзінше жаздырып келе жатыр. Оның сыртында арнайы мекеме басшыларының қамсыз отырғаны тағы бар.

Арнайы орындар басын қатырғысы келмесе, көпшіліктің назарына төмендегідей ұсыныс айтқым келеді.

Жеке бас куәлігін толтырғанда, бірінші сол куәлік иесінің есімі жазылса, одан соң әкесінің есімі, тегі көрсетілсе деп ойлаймын. Бұлай деп отырғаным, жеке бас куәлігі адамның әкесіне, болмаса бабасына беріліп отырған жоқ қой, сондықтан жеке куәлік сол тұлғаның бірден өз есімімен басталып толтырылғаны жөн.

Мысалы, Ермек Сәрсен, Асқар Оспан сияқты куәліктердегі атаудан қайсысы өз есімі, қайсысы әкесі, Бақыт Айжан, Рауан Нұржан, Алтын Қалыбай – осы есімдерден ер адам ба, әйел адам ба ажыратып көріңіз! Міне, осының бәрі айналып келгенде құжаттағы жүйесіздіктен туындап отырған жағдай.

Сондықтан Алтын Қалыбайқызы, Айжан Бақытұлы, Рауан Нұржанұлы болып жазылса, ешқандай түсініспеушілік туындамас еді.

 

Саниязбек НҰҒЫМАН

 

...ой қозғайды

Оң жамбасыңа келетін мамандықты таңда

Дүниеде екі нәрседен қателеспеу керек десе, соның бірі – мамандық. Десек те, алмағайып заманда қайда, қалай, қайтіп қадам басуды білмей тұрған талапкер аз емес. XXI ғасырға ғалымдар «Арпалыс ғасыры» деп баға беріпті. Яғни, бүгін ашқан жаңалығыңыз, ертең өзекті емес. Бірде футурист Митио Каку «Болашақта адам ісінің 50%-ын роботтар атқарады, көп мамандықтар жойылмақ», деді. Еуропа елдерінде мектеп оқушыларын мамандыққа баулып, жасөспірімді 9 сыныпта бейіміне қарай бағыттайды. Машина бөлшектері, компьютерлік бағыт, тағы сол сияқты. Мынадай сөз бар: «Германияда әрбір мектеп бітіруші түлек «OPEL» автомобилінің моторын шашып, қайта жинай біледі» деген. Сонымен қатар мектептен арнаулы орта техникалық мамандық иесі болып шығады екен. Жан-жағыңызға көз жіберіп қарар болсаңыз – ұмтылыс, бірінен бірі асқан ғылыми технология. Әлемнің ЖОО-лары кіл мықтыға есігін ашуда. Бәрінің сұрақтары: IT, нанотехнология, роботтехнология, машина жасау, т.б. Бітіргеннен соң қайда барамын деп бас қатырмасаңыз да болады. Білікті маман болсаңыз болды, шетелде алпауыт корпорациялар, холдингтер сізді өзі іздейді.

Бұл – бізге де үлгі аларлық іс. Биылғы мемлекеттік гранттың басым көпшілігі теникалық бағытта. Әлемдік сарапшылардың пікірінше, экономист, заңгер, қаржыгерлер керексіз. Бірте-бірте бұны компьютер атқаруда. Бірде ғаламтордан мынадай бір сөз оқыдым «Саған құдай бермегенді Сорбонна университеті бере алмайды» деген. Бұл  – дүниедегі белді оқу орнының маңдайшасындағы жазу. Уақыт – қысқа, таңдау – біреу. Осы таңдау әрбір жастың өмірлік тіреуі болғаны абзал. Болашақты бүгіннен қала, оң жамбасыңа келетін мамандықты таңда.

 

 Олжас ЖОЛДЫБАЙ

 

...әсерімен бөліседі

 «Ән арқау» әуеледі

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан орталығы Шетпедегі жастар орталығында Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Ән арқау» атты жас орындаушылардың аудандық байқауы өтті.

Шараның мақсаты – жергілікті сазгерлердің шығармаларын насихаттау, ән өнеріне деген махаббатын нығайту, жас ұрпақты патриоттық бағытта тәрбиелеу, сондай-ақ жас орындаушыларға қолдау таныту. Биылғы өткізілген байқау – сазгер Жалғас Кеңесов шығармашылығына арналды. Ж.Кеңесовтің 150-ге жуық әні бар. Байқауға қатысушылар байқау шарты бойынша екі әнімен келді. Біріншісі міндетті түрде белгілі сазгер Ж.Кеңесовтің әні болса, ал екіншісі патриоттық ән болуы керек. Байқауға дәстүрлі ән немесе эстрадалық әндер қатыстырылды.

Байқау соңында бірінші орынды Шайыр ауылы Т.Жалғасбайұлы атындағы орта мектептің оқушысы Нұрзия Алпамысқызы, екінші орынды Шетпедегі Б.Жұмалиев мектебінің оқушысы Рауан Тыныш­қалиұлы, ал үшінші орынды М.Атымов атындағы орта мектептің жас маманы Раушан Шабикова иеленді.

 Шарада жеңімпаздарға заттай сыйлықтар берілсе, сондай-ақ байқауға қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.

 

Гүлсім МЕҢДІБАЕВА,

аудандық жастар орталығының маманы

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы