Әлемдік дамушы елдердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, сыбайлас жемқорлықпен күресуде бірінші адам бойында кездесетін парасаттылық, әділдік, адалдық секілді қасиеттерін дамыту мен бірге тұрмыстық ортада қолдана отырып, адамның жүріс-тұрыс қасиетінің басты әрекетіне айналу қағидатын ұстанады.
Әл-Фараби өз сөзінде «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсатпен кездейсоқ рақат үшін емес, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағыттап отыруында» деп парасаттылық қасиетінің мағынасын ашып айтқан болатын.
Парасаттылық сана сезімі қазіргі таңдағы өскелең ұрпақпен бірге барлық адамзаттың бойында міндетті қолданылатын қасиеттердің бірі болуы керек.
Қазіргі таңда «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобасының аясында облысымыздың аудан, қала және ауылдық округтерінің тұрғындарына парасаттылық тақырыбында дәрістер өткізілді. Аталған шараға өңірдің аудан және ауыл әкімдерінің белсене атсалысқандығын айта кету қажет.
Сонымен қоса, өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзбеушілік, адалдық, әділдік, парасаттылық және отансүйгіштік сияқты құндылықтарды қалыптастыру мақсатында Маңғыстау облысының білім беру мекемелерінде «1 қыркүйек – Білім күні» мерекесіне орай «Адалдық сағаты» шарасы өткізілді. Жалпы, іс-шарада облыстың 139 орта білім беру мектебі, 25 колледжі және 2 жоғары оқу орны қамтылды.
Жоғарыда аталған қасиеттердің барлығы адам бойындағы мәдениеттілік қасиеттермен ұштасып келеді. Осы тұрғыда облыс аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру мақсатында түрлі мақсатты топтармен кездесулер өткізіледі. Жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру және адалдық қағидатын енгізу мақсатында студенттер мен оқушылардың қатысуымен дебаттық сайыстар, «Пара берме» челленджі, «Ізгілік елшісі» волонтерлік қозғалысы, форумдар және тәрбиелік сабақтар ұйымдастырылып тұрады. Оның үстіне Елбасымыз 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында еліміздің өсіп-өркендеуінде жастардың алатын орны ерекше екенін ескере келе, осы жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Демек, жастарға сенім артып, олардың теріс жолға түспеуін қадағалау – біздің міндетіміз.
Үйде ата-ана, оқуда ұстаз, ал қоғамда жалпы азаматтар парасаттылық, адалдық және әділдік қасиеттерін дәріптеуге тиіспіз.
Болат ЖЫЛҚЫБАЕВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы
Маңғыстау облысы