Парламент • 14 Қараша, 2019

Заңдардың ел игілігіне қызмет етуі – міндет

138 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар үш заң жобасын мақұлдады. Оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасы бар.

Заңдардың ел игілігіне  қызмет етуі – міндет

Аталған келісімді ратификациялау банк және сақтандыру секторларында, бағалы қағаздар нарығындағы көрсетілетін қызметтер секторында қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған лицензияларды өзара тануды қамтамасыз ету үшін жағдай жасайды. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы нарықтарына кемсітушіліксіз қол жетімділігін қамтамасыз етеді.

Бұл келісім жөнінде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев баяндама жасады.

Отырыста белгілі болғандай, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімге 2018 жылғы 6 қарашада Мәскеу қаласында қол қойылған. Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы ұлттық заңнамасында көзделген банк секторындағы, сақтандыру секторындағы, бағалы қағаздар нарығында көрсетілетін қызметтер секторындағы егжей-тегжейлі тұстарына қатысты келісілген талаптарды қабылдау; халықаралық стандарттарға сәйкес қаржы нарығы саласындағы тәуекелдерді реттеу тәсілдерін үйлестіру; лицензияларды өзара тану шарттарын қамтамасыз ету; қаржы нарығы саласындағы ақпаратты ашуға қойылатын талаптарды үйлестіру; қаржы нарығына қатысушылардың жарғылық капиталындағы үлестерді (акцияларды) мүше мемлекеттер инвесторларының сатып алу мәселесі; қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша талаптарды үйлестіру жөніндегі нормаларды жақындастыруға мүмкіндік береді.

Екінші оқылымда депутаттар «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және оған ілеспе заң жобаларын мақұлдады. Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар, әлеуметтік төлемді алушы осы кезеңде еңбек немесе кәсіпкерлік қызметті қайта бастаған жағдайда, бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемдерді азайтуға жол бермеуге бағытталған түзетулер енгізді. Сонымен бірге, жұмыс берушінің тиісті органдарға өздерінің пайдасына берешек өндіріп алынатын адамдардың тізімдерін міндетті түрде ұсынуы, сондай-ақ осы талапты орындамағаны үшін жауаптылық белгілеу бөлігінде әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті өндіріп алу рәсімдерін заңнамалық тұрғыдан реттеу бойынша бірқатар түзетулер қабылданды.

Ілеспе заң жобасында 4 кодекс пен 17 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді. Атап айтқанда, түзетулер арқылы мүгедектерді техникалық көмекші құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, сондай-ақ санаторийлік-курорттық емдеумен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік көрсетілетін қызметтерімен қамтамасыз етудің жаңа тетігі белгіленеді. Жаңа тетік құрылғалы жатқан әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында көрсетілетін қызметтерді алушыға қажетті тауарды (көрсетілетін қызметті) өз бетінше таңдау мүмкіндігін және тауардың (көрсетілетін қызметтің) ең төмен орташа бағасын жергілікті атқарушы органның кепілді түрде төлеуін ұсынады.

Отырыс барысында Мәжіліс бірқатар заң жобаларын жұмысқа алды.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірқатар мемлекеттік орталық органдардың басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Осы орайда, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Сымайловқа депутаттық са­уал жолдаған Азат Перуашевтың көтерген мәселесіне тоқтала кетсек.

А.Перуашев Қаржы вице-министрі Б.Шол­панқұловтың азаматтардың банк карталарындағы операцияларды қада­ғалауды енгізуді жоспарлау туралы хабарламасына орай «Ақ жол» партиясына көптеген шағымдар түсіп жатқанын айта келіп, «Бұл мәлімдеме қоғамда сынға ұшырап, қызу пікірталас тудыруда. Вице-министрдің мұндай шешімі екі мақсатқа негізделген: біріншісі, кәсіпкерлердің жасырын табысын анықтау, екіншісі – бюджетке түсетін салықты арттыру. Естеріңізде болса, Президент Қ.Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында Үкіметке 2020 жылдың
1 қаң­тарынан бастап шағын бизнесті салық тө­леуден 3 жылға дейін босату туралы тапсырма берген болатын. Сондай-ақ
3 жыл көлемінде орта және шағын бизнесті тексеруге мораторий енгізілді. Сонымен қатар орта және шағын бизнестің кіріс салығы өзгертулермен жергілікті бюджетке берілген. Сондықтан бұл сауал бойынша әр аймақта жергілікті жағдайға байланысты шешім шығарған жөн», деді.

Депутаттық сауал жолдаушының айтуынша, «Тұрғындар азық-түлік, дәрі-дәрмек, балалар тауарларын, шаштараз қызметтері мен көліктерді техникалық тексерістен өткізгенде карталары арқылы төлем жасайды. Иә, мұндай төлемдердің ішінде «Золотой теленоктағы» Корейко сынды жасырын миллионерлер бар шығар, алайда ондайлардың үлесі жалпы жүргізілген операциялардың 1% ғана құрауы мүмкін. Халықаралық ірі аудиторлық компаниялардың бірі KPMG-нің мәліметі бойынша, мұндай әрекет байлар мен кедейлер арасындағы табыстың үзілуін растайды. Аталған компанияның зерттеуі бойынша, қазақстандықтардың тек 0,4% ғана жылына 100 мың доллар табыс табады. Ал азаматтардың 97% жылына 10 мың долларға дейін табыс табады. Ал 0,001% (162 адам) азамат қана Қазақстанның жарты табысын иемденеді. Сондықтан 0,4% үшін қалған азаматтардың 99%-ын жаман етіп көрсетудің қажеті жоқ».

Сонымен қатар А.Перуашев карта иелерінің көпшілігі несиеге өмір сүретінін айта келіп, «Құрметті салықшылар, жасырын миллионерлерді төлем карталарын тексеру арқылы іздемеңіздер. Бұл адамдар мемлекеттен ештеңе сұрамай, өз бетімен күн көріп, нан тауып жүр. Одан да, миллондап пара алатындарды, офшорға миллардтарды шығаратындарды іздеңіздер. Егер елімізде жалпыға бірдей табысты декларациялау жүргізілсе карталарды тексерген дұрыс болар еді. Сонда ғана фактіленген шығындарды салыстыра отырып, жасырын айналымды анықтауға болады. Алайда, жалпыға бірдей табысты декларациялау 2025 жылға дейін қалдырылған. Сондықтан бұл бастаманы қисынсыз деп білеміз», деді.

Депутаттың сөзіне қарағанда, Б.Шол­пан­құлов мырза карталарын тексеру арқылы салық салғысы келген азаматтар – шағын бизнесте ешбір бағдарламаның көмегінсіз, өз күшімен кәсіпкер атанған адамдар. Сондықтан оларды қысқартпай, керісінше өсуіне, аяққа тұруына мүмкіндік берген дұрыс. Сонымен бірге бастамашылар бұл жаңалықты енгізуде адамдардың жауабы қандай болатынын ескермегені, бүгінде банк карталарының қарқынды дамуын арқылы Қазақстанда көптеген төлем жасау жұмыстары электронды форматқа көшіп, көлеңкеден шығарылғаны, бірақ көрсетілген мәлімдемеден соң картаны пайдаланудан бас тартып, қолма-қол төлемді талап ету пайда бола бастағаны, осының кесірінен заманауи төлем жүйесіне деген сенім жоғалып, қаржы операцияларының басым бөлігі көлеңкелі жүргізілуі қаупін тудыратыны депутат тарапынан атап көрсетілді. Депутаттық сауалдың соңында Әлихан Сымайловтан біріншіден, вице-министр Б.Шолпанқұловтың төлем карталар бойынша белгілі бір операция түрлеріне салық салуды енгізу туралы мәлімдемесін растау немесе жоққа шығару, екіншіден, егер мәлімдеме ведомствоның жоспарына сай келген жағдайда, Президент тапсырмасына сай шағын бизнесті салықтан босату мерзімінің аяқталуына дейін оны жүзеге асыру тәсілдерін қайта қарау немесе бас тарту мәселесі сұралды.