Отырыс барысында осы жылдың мамыр айында өткен Кеңесте берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.
– «Самұрық-Қазына» қоры еліміздің ұлттық экономикасында ерекше рөл атқарады. Қордың алдында үлкен міндеттер тұр. Биылдыққа бұл Кеңестің екінші отырысы, – деді Елбасы.
Кеңесте «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы А.Есімов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы С.Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы А.Айдарбаев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Г.Пирматов баяндама жасады.
Ұсынылған ақпаратты тыңдай келе, Нұрсұлтан Назарбаев Қор басшылығы жүйелі мәселелерді шешіп, өндірістік көрсеткіштер мен индикаторлардың оң динамикасына қол жеткізгенін атап өтті.
– Былтыр Қордың таза кірісі 2017 жылғы деңгеймен салыстырғанда 88 пайызға артты. Биыл тағы 40 пайыз өсімді байқап отырмыз. Осы жылғы 9 айдың көрсеткіші былтырғы бір жылдық көрсеткіштен жоғары. Бұл жақсы динамика. Әкімшілік және басқа да тиімсіз шығындарды жүйелі түрде азайтып жатырсыздар. Мұның барлығы құптарлық жұмыс, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы бірлескен кәсіпорындардағы мемлекеттік үлестерді тиімді басқаруды қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.
– Қор 268 миллиард теңге таза ақшалай кіріс түсіріп, мемлекетке 70 пайызын, яғни 190 миллиард теңге әкелді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2 есе көп. Сондай-ақ ақшалай түрде дивидендтер мөлшері 5 есе өсті. Мұнымен шектеліп қалмай, осы бағыттағы жұмысты жалғастырған жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге Қазақстанның Тұңғыш Президенті мұнай-газ және химия өнеркәсібі салаларындағы тиімсіз учаскелердегі өндірісті ынталандырудың жаңа тетіктерін енгізу нәтижесіне назар аударды.
– Жаңа тетіктерді енгізу арқылы өндіріс көлемін ұлғайту мен әлеуметтік мәселелерді шешуден бастап, қажетті қорлар үлесін ұлғайтуға дейінгі кешенді міндеттер шешілуде. Үкімет бұл тәсілдерді зерттеп, қолдау көрсетуі қажет, – деді Елбасы.
Сондай-ақ отырыс барысында Қор компанияларының IPO-ға шығуы және сатып алулардың тиімділігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
– Бір көзден сатып алу шамамен 1,5 есе қысқарды және бәсекеге қабілетті сатып алу көлемі 4 есе өсті. Нәтижесінде үнемділік те артты. Бүгінде үнемделген қаражаттың көлемі 130 млрд теңгеден асады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 2018-2028 жылдарға арналған даму стратегиясын іске асырудың оң нәтижелеріне тоқталып, Қор компанияларының қаржылық жағдайын жақсартуға және жекешелендіру жоспарын одан әрі іске асыруға бағытталған ұсыныстарды қарастырудың маңыздылығын атап өтті.
– «Самұрық-Қазына» – ұлттық әл-ауқат қоры. Сондықтан біз Басқару кеңесі мен Директорлар кеңесі ретінде тұрғындар мен бизнес өкілдері тарапынан Қор қызметіне деген сенімді арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуіміз қажет. Азаматтар мұның бәрі Қазақстанға және біздің халқымызға тиесілі екенін түсінуі керек, – деп қорытындылады Елбасы.
Ахметжан ЕСІМОВ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы:
– Қордың операция тобы жүргізген жұмыстың негізгі мақсаты компания өнімділігін арттыру, тұрақты дамуды қамтамасыз етуді басқару болатын. Аталған міндеттер трансформацияның жаңартылған бағдарламасына негізделіп жасалды. Бұл бағдарламаның орындалуы барысында жаһандық трендтер мен талаптар ескеріліп, бизнесті цифрландыру басты назарға алынды. Сонымен бірге жаңа IT технологияларды жасақтау да қарастырылған. Осы орайда компанияда көлемді IT аудит жүргізіліп, оның әлеуеті анықталды. Жұмыс нәтижесінде тиімсіз шешімдерді енгізуге 60 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалғаны болжанды.
Сонымен қатар қаржы жағынан ұтымды бірнеше жоба іске асырылды. Мысалы, «Қазақстан Темір Жолы» компаниясында жолдардағы ақауларды тексеру жиілігі 12-ге өсті. Нәтижесінде, жолдардың сапасы 90 пайызға жақсарады. Мұндай жетістіктерге мобильді диагностикалық кешендерді қолдану нәтижесінде жеттік. Қорды тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін басқару деңгейін қысқарту мен профильден тыс активтерден шығу шаралары атқарылды. Осыдан дәл бір жыл бұрын, яғни 2018 жылдың 14 қарашасында «Астана» халықаралық қаржы орталығында «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамының акцияларының сатылуы жөнінде хабарланған болатын. Осы уақытқа дейін акциялардың бағасының өсуінен компания капитализациясы да жарты миллиард долларға өсті.
Ұлттық банк сатылым кезінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ портфелін 150 млн долларға алған болатын. Нәтижесінде, зейнетақы қорына 21 млн теңге көлемінде қаржы алып келді. Бұл компания тарихындағы ең тиімді салым болды. Келесі жылы Air Astana, «Қазақтелеком» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ акциялары сатылымға шығады.
Сауат МЫҢБАЕВ, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
– Өндірістік көрсеткіштер бойынша жоспарға сай жұмыс істелді. Жүк айналымының көрсеткіші былтырға қарағанда жоғары. Жолаушылар айналымында вагондардың жетпейтіні анықталды. Сонымен бірге қажетті шараларға қаржының жетіспеушілігі, транзитті жүктің көлемі ұлғайтылғаны, соның ішінде Қытай-Еуропа, Қытай-Орталық Азия, Транскаспий бағыты мен кері бағыттағы транзиттердің ұлғайғаны айтыл-
ды.
Қаржы көрсеткіштеріне келсек, компанияда операциялық жұмыстардың өскені, кредиттік қарыздардың азайғанына назар аударылды. Бұл «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы өз міндеттерін толықтай орындап жатқанын білдіреді. Қарызға қатысты мәселе әлі де бар. Осы бағытта жүргізілуі тиіс жұмыстарға, транзит көлемін арттыру, сонымен бірге компанияның қаржы мен өндірістік көрсеткішін жақсартуға қатысты тапсырмалар берілді.
Алик Айдарбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
– Тоғыз ай қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» компаниясы мұнай мен газ конденсаты өндірісі, мұнай өңдеу мен оны тасымалдау бойынша оң динамиканы сақтап келеді. Биылғы таза пайда былтырғымен салыстырғанда анағұрлым жоғары.
Сонымен қатар Елбасына ірі инвестициялық жобалардың іске асырылып жатқаны баяндалды. Соның ішінде «Сарыарқа» газ құбыры желісінің аяқталғаны айтылды. Елбасы өз Жолдауында осы газ құбыры туралы айтқаны белгілі. Жыл соңына дейін газ құбыры сынақтан өтеді. Яғни, рекордтық аз уақыт ішінде газ құбыры құрылысы аяқталып отыр.
Бұдан бөлек өндірістік қуаттылығы жылына 500 мың тоннаны құрайтын 2,6 млрд долларлық полипропилен зауытының құрылысы 2021 жылы аяқталады.
Ал полиэтилен зауыты енді ғана басталды. Зауыттың қазір техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Бұл зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 1,2 млн тоннаны құрайды. Зауыттың құны 6 млрд доллардан асады. Құрылысы 2026 жылы аяқталады.
Питер Фостер, «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті:
– Өткен жылдың 2 қарашасында Елбасының берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы әңгімелестік. Атап айтар болсақ, ол кезде біз Fly Arystan компаниясын құру туралы тапсырма алған едік. Өздеріңіз білетіндей, аталған әуе компаниясы 1 мамыр күні ашылды. Содан бері 5-6 айдың ішінде компанияның жетістіктері мен көрсеткіштері ең батыл деген болжамдардан асып кетті.
Тарифтерге келер болсақ, қазіргі таңда орташа баға 13 мың теңгенің айналасында. Бұл әлем бойынша ең төменгі бағалардың бірі. Сонымен қатар компания ұшақтарының барлығы дерлік лық толы ұшады. Мәселен, қазіргі таңда ұшақтардың толу көрсеткіші орташа есеппен 94 пайызды құрайды. Өткен аптада біз 500 мыңыншы жолаушыны тасымалдадық.
Қазіргі таңда компания әлемдегі ең қарқынды өсіп келе жатқан компаниялардың бірі. 2002 жылы ашылған Air Astana бүгінде үлкен жетістіктерге жетіп отыр.