Аймақтар • 15 Қараша, 2019

Жамбыл өңіріндегі жарқын жобалармен танысты

360 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Бердібек Мәшбекұлы әуелі бүгінде құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан «Шахристан» этномәдени кешенінің жұмысымен танысты.

Жамбыл өңіріндегі жарқын жобалармен танысты

Бүгінде аталған кешендегі 8 нысан бо­йынша құрылыс жұмыстары қызу жүр­гізілуде. Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасарына стенд арқылы «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніндегі жұмыстар да таныстырылды. Өңірге сапары барысында Бердібек Сапарбаев атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, тарихи Тараз шаһарын туристік орталыққа айналдыру керектігін баса айтты.

Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Бердібек Сапарбаев Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өткен «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты Алтын Орданың 750 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Айтулы шараны Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп, Талас құрылтайының тарихи маңызына тоқталды. «Тарихсыз болашақ болмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы бастаманы көтеріп, талай ғасырлық тарихы бар ел екенімізді дүниеге көрсету үшін Үкіметке тапсырма берді. Қазақ ұлтының тарихы тереңде жатыр. Тараз қаласының 2000 жылдық, Түркістан қаласының 1500 жылдық, Қазақ хандығының 550 жылдық тарихи тойын атап өттік. Енді тарихи Таразды дамыту керек», деді Бердібек Сапарбаев. Бұдан кейін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов сөз алып, тарихы терең Тараздың тарихын талайға таныту керектігіне тоқталды. Жалпы, аталған шараға Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан елдерінің атақты ғалымдары қатысып, өзара пікір алмасты.

Өңірге жұмыс сапары барысында Б.Сапарбаев Байзақ ауданында да болып, Қостөбе ауылдық округіндегі жаңадан пайдалануға берілген алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанына барды. Нысанды аралау барысында Үкімет басшысының орынбасары бұл бағыттағы жұмыстарды Жамбыл өңірінде жолға мықтап қоюға болатынын жеткізді. Мәселен, өткен жылы өңірде 30 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынған болса, биыл 65 нысанның құрылысы жүргізілуде. Олардың бәрі де жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Жалпы, 95 нысанның алғашқы құны оңтайландыру арқылы 2-3 есе арзандатылған. Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысындағы бұл бастаманы да оң бағалап, өзге өңірлерге де үлгі ету керектігін жеткізді.

Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Бердібек Сапарбаев Жамбыл облыстық қазақ драма театрында жергілікті жұртшылықпен және зиялы қауым өкілдерімен де кездесті. Өңір тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, жалпы Жамбыл облысын дамытудың тиімді жобаларын ұсынды.

 

Жамбыл облысы