Ең қысқа әңгіме • 18 Қараша, 2019

Ең қысқа әңгіме. Олжас Сәндібек

951 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ең қысқа әңгіме. Олжас Сәндібек

 

Жоқтау 

Апам әдеттегідей пешке арқасын сүйеп, ұршық иіріп отыр. Қасында ауыл-аймақты әңгіме етіп отырған көрші әжейдің ендігі сөзі о дүниеге қарай ауысып:

- Жамал, мен өлсем жоқтайсың ба? - деді.

Апам жақсы көретінін, жақсы әрі жақын кісі екенін, олай-бұлай болып жатса жоқтайтынын айтты. Бұл сөздерге қанағаттана қоймаған көрші әжей сол жоқтауды көзінің тірісінде, дәл қазір естігісі келетінін аңғартты. Осы сөзді күтіп отырғандай тыңдағанның сай-сүйегін сырқыратып, дауыс шығарып тұрып жоқтады апам.

Көзінің жасы терең әжімдерінің арасымен сырғи ағып отырған әжейдің жүзінен қуаныштың да табы байқалады. Ол өмірден өткен жағдайда жоқтаусыз қалмайтынына деген сенімнің  қуанышы еді.

 

Олжас СӘНДІБЕК