Аймақтар • 18 Қараша, 2019

Шығыс Еуропа және Орталық Азияда 1,7 миллионға жуық адам АИТВ-мен ауырады

432 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен 18-19 қараша күндеріне белгіленген Шығыс Еуропа және Орталық Азия (ШЕОА) аймағындағы АИТВ, туберкулез және гепатит мәселелеріне арналған ШЕОА INTERACT-2019 бірінші ғылыми семинары өтіп жатыр.

Шығыс Еуропа және Орталық Азияда 1,7 миллионға жуық адам АИТВ-мен ауырады

«Семинар өткізуге қосылып отырған AFEW International коммерциялық емес ұйымы Шығыс Еуропа және Орталық Азия аймағында 20 жылға жуық жұмыс істейді және аймақтағы АИТВ, туберкулезге және гепатитке қатысты деректердің үлкен жетіспеушілігін үнемі бастан кешіріп келеді. Бұл деректер ауруларға қарсы күрес стратегиясын құру үшін өте маңызды. Біздің семинардың мақсаты – аймақтағы зерттеулерді дамытуды ынталандыру және әртүрлі елдердің жетекші ғалымдары мен болашақта аймақтағы денсаулық сақтау және зерттеу мәселелерінде көшбасшылық таныта алатындар арасындағы ынтымақтастық құруға жәрдемдесу», – дейді INTERACT-2019 семинарының Халықаралық ұйымдастыру комитетінің мүшесі және AFEW International директоры Анке ван Дам.

Шығыс Еуропа және Орталық Азия – АИТВ індеті әлі де жылдам өсіп келе жатқан әлемдегі жалғыз аймақ. ЮНЭЙДС-тің бағалауынша, 2018 жылғы жағдай бойынша Шығыс Еуропа және Орталық Азия аймағында 1,7 миллионға жуық адам АИТВ-ахуалды. 2018 жылы шамамен 38 мың адам ЖИТС-тен қайтыс болды.

Екі күндік семинар ШЕОА аймағына, оның ішінде Қазақстанға тікелей қатысы бар тақырыптарға, атап айтқанда, АИТВ індетіне қарсы тұрудың жаңа табыстары мен мол тәжірибесіне арналады.

Аса маңызды халықаралық шараға Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы АИТВ/ЖИТС жөніндегі БҰҰ Бас хатшысының арнайы елшісі Мишель Казачкин (Франция), Амстердам университетінің Жаһандық денсаулық сақтау кафедрасының доценті (Нидерланды) және Канададағы Макгилл Университетінің қоғамдық денсаулық сақтау және халық медициналық факультетінің профессоры Кэтрин Хенкинс, «Психиатрия-наркология» Минск облыстық клиникалық орталығының бас дәрігері Алексей Александров (Беларус), AFEW International атқарушы директоры Анке ван Дам (Нидерланды) сынды ықпалды тұлғалар қатысып отыр.

 

АЛМАТЫ