Экономика • 19 Қараша, 2019

Ғылым мен бизнесті ұштастырған жиын

364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында «Инновацияларды ынталандыру: ғылым мен бизнестің ұштасуы» атты конференциясы өтті. Ғылыми жетістіктерді коммерцияландырудың табысты тәжірибелерін таныстыратын шараға «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы аясында Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк бірлесіп мұрындық болды.

Ғылым мен бизнесті ұштастырған жиын

Конференцияда Қазақстан экономикасының үдемелі дамуын жүзеге асыру үшін бизнеспен жемісті ынтымақтастықтың нәтижелері таныстырылды. Олардың қатарында «Bio Clean» компаниясының коммерцияландыру жөніндегі маманы және «KazEcoSolutions» ЖШС бас директоры Олжас Дүйсенов ұсынған мұнай ластаған топырақ пен суды тазартатын Myco-Oil инновациялық биопрепараты жобасы бар.

– Қазақстанда мұнай 100 жылдан астам уақыттан бері өндіріліп келе жатқанын, ел аумағындағы мұнаймен және мұнай өндірісі қалдықтарынан ластанған жер көп. Біздің міндетіміз – ластанған жер көлемін барынша ұқыпты әрі тиімді тәсілмен азайту. Биологиялық тазартудан кейін немесе «биоремедиациядан» кейін ластанған топырақ агробиоценоздар жүйесіне қайтарылады, – дейді О.Дүйсенов.

Биопрепарат негізіндегі технологияға алғаш болып «Ембімұнайгаз» АҚ компаниясы тапсырыс берген. Сөйтіп қысқа мерзім ішінде 20 000 тонна мұнай қалдықтары мен 4,2 га жер тазартылды. Ал өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Нұрлы жол» вокзалы ауданындағы апат салдарынан авиакеросин төгілген 50 000 текше метр топырақты тазалау жұмысы табысты жүргізілді. Қазір «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Балғымбаев атындағы кен орны мен  Забурунье кенішінің аумағы тазартылып жатыр.

«BioMix» компаниясы белсенді микроорганизмдер негізінде органикалық көлдерді биологиялық тазарту мақсатында алғашқы отандық «BioMix7BLB» биопрепаратын жұрт назарына ұсынды. «Water Energy» компаниясы гидростанса мен жылу генераторына арналған жаңа технологияларын таныстырды. «EcoSave» компаниясының өкілдері агроөнімдерді қорғау технологиясын отандық агроөнімдерді аурулардан сақтайтын, көкөніс қоймаларында ұзақ сақтау кезінде зиянкестерден қорғайтын экологиялық қауіпсіз биопрепараттары туралы баяндады.

Конференцияға Білім және ғылым министрлігінің, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстандағы Дүниежүзілік банктің өкілдері, Ғылымды коммерцияландыру жөніндегі халықаралық кеңес және квазимемлекеттік сектор өкілдері қатысқанын айта кетейік. Жиында ғылым мен бизнестің тығыз серіктестігінің өзекті мәселелері, сондай-ақ қазақстандық ғылыми жетістіктерді дамытудың маңызды факторларының бірі ретінде инновацияларды ынталандыруды қолдау мәселелері талқыланды.