Экономика • 19 Қараша, 2019

Еуропа қайта құру және даму банкі «Күрті-Қапшағай» жолын қайта жаңарту жобасын қаржыландырады

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде Еуропа қайта құру және даму банкі мен «QazAvtoJol» ҰК» АҚ арасында «Күрті-Қапшағай» жобасы бойынша кредиттік келісімге қол қою рәсімі өтті. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еуропа қайта құру және даму банкі «Күрті-Қапшағай» жолын қайта жаңарту жобасын қаржыландырады

Қарыз сомасы 34 479,7 млн теңгені құрайды. Қаржы Күрті және Қапшағай елді мекендері арасындағы ұзындығы 67 шақырым болатын жол учаскесін қайта жаңарту жұмыстарына бағытталады. Аталмыш жол – Орталық-Оңтүстік дәлізінің  бөлігі. Бұл біздің ел үшін ірі жоба. Ол – Республиканың Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстыратын буын.

««Синьцзян констракшн» компаниясы аталған жобаның мердігері болмақ. Біз банкпен келіссөздерді жүргізе отырып, конкурсты да өткізген болатынбыз. Мердігер компаниямен келісімшарт жасастық. Жобаны іске асыруға кірісе аламыз», деді  «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліпов.

Айта кету керек, ЕҚҚДБ Қазақстан Республикасындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруда белсенділік танытуда. Мәселен, банктің ат салысуымен жол саласында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің бойында жатқан 2 жоба  жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы сомасы – 322 млн доллар. Атап айтқанда, бұл: ұзындығы 102 шақырымды құрайтын Ақтөбе – Мәртүк және ұзындығы 62 шақырымды құрайтын «Ташкент – Шымкент» жолдары.

«QazAvtoJol» ҰК» АҚ «Күрті – Бурылбайтал» автомобиль жолын қайта жаңартуға жалпы сомасы 196 млн. доллар болатын Займ туралы келісімге қол қойды. Жолдың ұзындығы – 143 шақырым. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар биыл Атырау қаласының солтүстік айналма жолын қоса алғанда, «Атырау – РФ шекарасы (Астраханьға)» жолын қайта жаңартуға жалпы сомасы 103,7 млрд теңге болатын Займ туралы келісімге қол қойылған болатын. Жолдың ұзындығы 243 шақырымды құрайды.

Кездесу соңында Қазақстандағы ЕҚҚДБ директоры Агрис Прейманис ҚР ИИДМ-ге алғысын айтып, алдағы уақытта өзара ынтымақтастың кеңейе түсетіндігіне сенімін білдірді.