Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партияны жаңғырту бағдарламасы аясында саяси ұйым қатарына отаншыл, елге жанашыр азаматтар тартылсын деген талап қойған болатын. Сол міндетке сәйкес, Түлкібас ауданында Nur Otan партиясының кадрлық резервіне үміткерлерді іріктеу жүргізілді. Қазанның аяғында басталған қанатқақты жоба 16 қарашада түйінделді. Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, бұл жоба – азаматтық қоғамды қалыптастыру үшін аса маңызды қадам. «Партияның кадрлық резервіне іріктеудің басты мақсаты – саяси ұйымның ядролық электоратын қалыптастыру. Елдің және партияның мүдделерін жаңа көзқараспен қорғай білетін, елге адал қызмет ететін азаматтарды тарту. Бүгінде партия төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, партияны қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Ал жаңа міндеттерді жүзеге асыруда жаңа белсенділер, партия жанашырлары мен отаншыл қайраткерлер қажет. Қарапайым тұрғындар арасынан көшбасшыларды іріктеу мақсатында еліміз бойынша әрбір облыста бір ауданнан кадрлық резервке іріктеу қанатқақты жобасы басталды. Түркістан облысы бойынша Түлкібас ауданы таңдалып алынды. Партияның кадрлық резервіне іріктеу жобасын жүзеге асыруға жоғары дайындық жүргізіліп, филиалдар тарапынан нақты жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде басқа облыстармен салыстырғанда кадрлық резервке тіркелген үміткерлер саны бойынша Түлкібас ауданы көш бастады. Бұл өңірімізде саяси белсенділіктің жоғары екенін білдіреді», – дейді Б.Тәжібаев.
Алдымен Nur Otan партиясының Түлкібас аудандық филиалына қарасты 23 бастауыш партия ұйымында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кандидаттар ашық және әділетті түрде тіркелген. Іріктеу жұмыстары партияның орталық аппараты бекіткен нұсаулыққа сай атқарылып, үміткерлер бастауыш партия ұйымдарына таныстырылған. Партиялық кадрлық резервіне іріктеу жұмыстары нәтижесінде 100 үміткер тіркелді. Оның ішінде 60 ер, 40 әйел бақ сынауды жөн көрген. Жас ерекшеліктеріне орай тіркелген үміткерлер арасында 35 жасқа дейін 21 адам, 35-50 жас аралығында – 38, 50 жастан жоғары 41 адам, сондай-ақ 7 көп балалы ана да өзін ұсынған. Қорытынды дебаттар мен дауыс беру кезеңіне 96 үміткер өтті. Қанатқақты жоба бойынша 5-15 қараша аралығында кандидаттар өздерінің бағдарламалары мен ұсыныстарын таныстыру үшін ауданның әр ауылында болып, партия мүшелерімен кездесулер мен дебаттар өткізген.
Тіркелген үміткерлерге дауыс беру 16 қарашада ауданның 15 аумағында ашық және еркін түрде өткізілді. Сөйтіп аудандағы Nur Otan партиясының 6 мыңнан астам және «Jas Otan» жастар қанатының мыңнан астам мүшесі өз таңдауларын жасады. Өз ауылдарынан шыққан жаңа көшбасшыларды қолдаған түлкібастықтар билік тармағына азаматтар осылай таңдалғаны жөн деп есептейді.
Түркістан облысы