Тілдің қолданыс аясын кеңейтуді қамтамасыз етуде орын алған кемшіліктердің себебін анықтау мақсатында республика прокурорлары тексерулер жүргізіп келеді.
Прокурорлық тексерулер қорытындысына қарасақ:
- көптеген мемлекеттік органдар мен мекеме басшыларының тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты жұмысты ұйымдастыруы өте төмен деңгейде екенін;
- қызметкерлерінің мемлекеттік тілді жетік білуіне және іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуіне өз дәрежесінде назар аудармайтынын;
- соның кесірінен ісжүргізу мен құжат айналымының 75 пайызы тек ресми тілде жүргізілетінін анықтады.
Соңғы төрт жылда жалпы республика аумағында прокуратура органдары жүргізген тексерулер нәтижесінде 1000-ға жуық заң бұзушылықтар анықталып, олардың алдын алуға және жоюға бағытталған 819 ұсыныс, 17 наразылық енгізіліп, оларды қарау қорытындысымен 368 жеке тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа, тіл мәселесі бойынша 253 заңға түсіндірулер берілді.
Жүргізілген тексерулер нәтижесінде жыл сайын кездесетін және бір-біріне ұқсас заң бұзушылық фактілері анықталды. Мысалы, кейбір өңірлерде халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелер өзінің күнделікті жұмысында мемлекеттік тілді қолданбай, тек көзбояушылық ретінде кестелер, маңдайшалар, көрнекті ақпараттар орналастырумен шектелген. Мұның себебі, кейбір мемлекеттік мекеме басшылары жұмысты мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағыттамай, оны басты мақсатқа айналдырмай, тек тіл қолданысын тексеретін уәкілетті органның алдында есеп беру үшін көзалдау жасап отыр. Көптеген құзырлы орындар сөз жүзінде мемлекеттік тілге 2-3 жыл бұрын көшіп қойғанымен, әлі де аудармашылардың қызметіне жүгінумен келеді. Осы орайда “Тіл туралы” заңнамада (9-бап) көрсетілген актілердің мемлекеттік тілде әзірленіп, қажет болған жағдайда, мүмкіндігінше, басқа тілдерге аударылуы қамтамасыз етіле отырып, оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін деген норманың кері әсері байқалады.
Сөйтіп, біртұтас тіл саясатын жүргізу үшін мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың күш-жігерінің үйлесімділігін арттыра түсу қажет болып отыр. Яғни, еліміздің Парламенті осы уақытқа дейін бір ғана заңды (“Көші-қон туралы”) қазақ тілінде қабылдағанын ескере отырып, келешекте Үкімет заң жобаларын Парламентке мемлекеттік тілде ұсынса, бұл іс-шараның осы үрдісті жалғастыруға оң әсерін тигізері сөзсіз.
Жоғарыда, мемлекет тарапынан тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, оқытуға және дамытуға керек қаражат қажетті деңгейде бөлініп жатқанын айттық. Осы бөлінген қаражат тек типті кітаптар, лингофондық құралдар, сөздіктер сатып алуға және тағы басқа әдістемелермен қамтуға арналған. Алайда, прокурорлық тексерулер кей аймақтарда осы қаражат мемлекеттік тілдің дамуына мүлде қатысы жоқ бағыттарға жұмсалатынын анықтады. Мысалы, Жамбыл облысының тілдер басқармасы жанындағы тілді оқыту орталығы азаматтарға қазақ тілін оқыту үшін: “Ночная бабочка”, “Кто же виноват”, “Мои друзья головорезы” және “Я-вор в законе” атты орыс тілінде жазылған кітаптарды оқу әдістемесі ретінде сатып алған. Бұдан басқа, аталған орталық облыстық бюджеттен тілді оқытуға бөлінген 18 миллион теңгенің жартысын, яғни 9 миллион теңгені ғимаратты жалдауға жұмсаған. Осы мысал кей өңірде тіл туралы бағдарламаға өз деңгейінде көңіл бөлмейтінін және бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімсіз мақсатқа жұмсалғанын көрсетеді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге тілді оқытуға бюджеттен үлкен қаржы бөлінгенімен, қазіргі тілді үйретудің тәсілін тамырымен өзгертпесе, оқытушы агенттіктердің жауапкершілігін күшейтпесе, олардың қандай нәтижеге жеткені тексеріліп тұрмаса, мемлекеттің ақшасы босқа шашыла бермек.
Оқыған азаматтар іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге, құжаттарды ресімдеуге және тіл үйрену тәжірибесін әрі қарай нығайтуға ешқандай әрекет жасамайды. Ал, еліміздегі жұмыс істеп жатқан шетел компаниялары азаматтарды жұмысқа қабылдау кезінде міндетті түрде ағылшын тілін білуін талап етеді. Осы компанияларда жұмыс істеймін, жоғары айлық аламын деген азаматтар ағылшын тілін оқытатын курстарға қатысып, екі-үш ай ішінде толық меңгеріп, шетел компанияларына жұмысқа орналасады. Бұл мысал біздің мемлекеттік тілдің қажеттілігін арттыра алмай отырғанымызды, сондай-ақ, мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған бүгінгі әдістемелік құралдардың төмен деңгейде екенін көрсетеді.
“Тіл туралы” Заңның 23-бабында мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің және лауазымдардың тізбесі заңдармен белгіленеді делінген. Дегенмен, заң күшіне енгеннен бастап осы мерзімге дейін аталған біліктілік талаптары бойынша заң актісі қабылданбаған, ал мемлекеттік қызметке үміткерлерден қазақ тілі бойынша тестілеу формальды түрде жүргізіледі.
Тіл саласындағы заң бұзушылықтардың туындауының негізгі себептері мынадай: біріншіден, мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін меңгеруіне басшылар талап қоймайды; екіншіден, Заңның 24-бабына сәйкес, “Тіл туралы” заңды бұзғаны үшін лауазымды тұлғалардың жауаптылығы қарастырылған. Алайда, мұнда бірінші басшының жауапкершілігі көрсетілсе де, уәкілетті органның құзіреті нақты айқындалмаған. Осының салдарынан, осы күнге дейін бір де бір мемлекеттік орган тіл туралы заңды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылмаған, себебі, заңнамада жауапкершілік көзделмеген. Сондықтан, Тіл туралы Заңның осы механизмін жетілдіру қажет; үшіншіден, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған шараларды іске асыруда мемлекеттік органдар көбіне жеделдете оқыту курстарын ұйымдастыру және бөлінген бюджет қаражатын игеру туралы есеп берумен шектеледі. Бірақ, мемлекеттік тілді қолданысқа тереңдеп енгізудегі негізгі қиындық қаржы тапшылығында емес, сол қаражаттың тиімді жұмсалуында. Соның нәтижесінде қанша адамның мемлекеттік тілде іс қағаздарын еркін жүргізіп, таза сөйлейтін дәрежеге жетуінде болуы тиіс.
Қысқасы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жолдары ретінде мына мәселелерге назар аудару қажет:
Бірінші, қазақ тілін оқытудың жаңа, тиімді жолын ұйымдастыру; екінші, тілді оқытатын орталықтардың жауапкершілігін арттырып, уәкілетті органдардың формальды түрде сертификаттар беруінің жолын кесу; үшінші, тілді оқыту құқығын тіл оқыту әдістемесі, педагогикалық, кадрлық мүмкіндігі, тәжірибесі бар институттарға бекіту; төртінші, заң жобаларын қазақ тілінде дайындауға қабілетті мамандарды даярлау, т.б.
“Тіл туралы” заңның 4-бабына сәйкес, Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы екенін үнемі есте сақтау керек.
Міне, осы жағдайда ғана мемлекеттік органдарда құжат айналымының қазақ тілінде жүргізілуін қамтамасыз ету мүмкіндігі арта түседі.
Мұхтар ЖӨРГЕНБАЕВ, Бас Прокурордың орынбасары.