Мерекелік нөмірді шығарғандар – Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, Ғаббас Тоғжанов қатарлы Алаш арыстары. Басылымның маңдайшасында «Жер жүзінің еңбекшілері бірігіңдер!» деген заманауи ұран тұр. Газет құрылтайшысы: «Қазақстан өлкелік партия комитеті, Өлкелік кеңес комитеті мен Кәсіпшілер кеңесі, Сырдария губерниялық атқару комитеті мен губерниялық партия комитеті» делініпті. Басылым күн сайын сегіз беттен шығып тұрыпты. Бағасы – 5 тиын.
Мерекелік санның бірінші бетіне әдеттегідей Өлкелік партия комитетінің құттықтау хаты жарияланыпты. Онда: «Бүгін «Еңбекші қазақ» мыңға жетті. Газетке мың сан, мың жас. Газет тап жыршысы, қай таптың жоғын жоқтаса, сол таптың сөзін сөйлейді, жырын жырлайды, қамын жейді, жұртшылығын бастайды. «Еңбекші қазақ» сондай газет болып қазақ жұртшылығын бастап отыр. Қазақ еңбекшілерінің жоғын жоқтап, тілегін тілеп, сөзін сөйлеп отыр. Қазақ еңбекшілеріне партия жолын, үкімет жолын ұғындырып, түсіндіріп отыр. Жақсыны үлгі, жаманды жексұрын қылып отыр. «Еңбекші қазақ» арқылы біздің партия, үкімет қазақ еңбекшілерімен күнде сөйлесіп, күнде араласып отыр. Әрине, бұдан былай да «Еңбекші қазақ» осы жолынан таймайды. Жаңа жұртшылық жас жұртшылықтың тірегі болады» делінген екен.
Сонымен қатар бірінші бетке ««Еңбекші қазақтың» басқармасына, жазушыларына, жұмыскерлеріне, ауыл тілшілеріне» деген ресми мәтінмен Үкіметтің де құттықтауы беріліпті. Онда былай деп жазылыпты: «Қазақстан үкіметі «Еңбекші қазақтың» мың саны шыққан күні басқармаға, жазушыларына, жұмыскерлеріне, ауыл тілшілеріне құтты болсын айтады. Жұмыскер – қара шаруа баспасөзі – Октабір төңкерісі арқасында жылдан-жылға, халықтың шаруа, мәдениет жүзіндегі тілегі өскен сайын, Қазақстанның ұлт баспасөзі де өсіп күшейіп келеді.
«Еңбекші қазақ» Қазақстан жұмыскер-диқан үкіметінің тұңғыш өлкелік газеті болып 6 жылдан бері қалың қазақ еңбекшілерімен тілдесіп, мұңдасып келеді. Қазақ Республикасының қараңғы түкпірлеріне шейін тарап, мәдениет сәулесін шашып, ауылды кеңестендіру жолына қызмет қылып, жаңа тұрмыс орнатуға күшті құрал болып келеді.
«Еңбекші қазақ» мың саны шығу қарсаңында қалың бұқараның газеті болуға жарады. Қалың бұқара кезінде беделі көтерілді. Ауыл белсенділерін өзіне тілші қылып алып, ауыл тұрмысын айнаға түскендей анық көрсетті.
Қазақстан үкіметі қызметтерің әрдайым жемісті, берекелі болуына тілектес».
Хат соңына Қазақстан Орталық атқару комитеті алқасының орынбасары Бегімбетұлы Ыбырайым, Комиссарлар кеңесінің ағасы Нұрмақұлы Нығымет, Қазақстан Орталық атқару комитетінің хатшысы Аралбайұлы Айдар деп қол қойыпты.
Газет бетіндегі тағы бір жүрекжарды лебіз Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің төрағасы Елтай Ерназаровтың үкім сипатты тілегі:
- «Еңбекші қазақ» бұдан былай да қазақ еңбекшілерінің жаңа жұртшылығын партияның тура жолымен бастасын. Жаңа жұртшылыққа кедергі болатын, кесірі тиетіндермен тынбай аянбай күрессін!
- Қазақ арасында әлі ескі салт күшті. Қазақ жұртшылығы ескі салтпен күресіп отыр. Бұл жөнінде «Еңбекші қазақ» жұртшылығы қорғаушы болсын, бастаушы болсын!
- Ауылда істелмей жатқан істер көп, толып жатқан кемшіліктер бар. Газет ел айнасы. «Еңбекші қазақ» сол ауылдың жақсы жағын да, жаман жағын да жаза білсін. Жұртшылық сынына берсін. «Еңбекші қазақтың» мың санына менің тілегім осы.
Сол сияқты бірінші беттің оң жақ бұрышына Жақан деген автордың «Еңбекші қазақ» газетінің мерекелік санына шашуым деген леппен «1000 жұлдыз» атты тоғыз шумақ өлеңі жарияланыпты.