100 • 21 Қараша, 2019

Азаматтық ұстанымым қалыптасты

283 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Азаматтық ұстанымым қалыптасты

Мен бұл газетке 1972 жылдың 8-тамызында жұмысқа тұрдым. Ол кезде газеттің атауы «Социалистік Қазақстан» еді. Оған дейін бес жыл Қазақ радиосының Қостанай облысы бойынша тілшісі, бес жыл Торғай облыстық телерадиокомитетінің бас редакторы қызметін атқарғанмын. Мен үшін «Социалистік Қазақстан» газеті үлкен мектеп болды. «Жазу-сы­зуды үйрендім, белгілі бір азаматтар ұстазым болды» дей алмаймын. Газеттің маған жасаған жақсылығы – сол тұстағы қазақтың маң­дайалды азаматтарымен сұхбат құруыма мүмкіндік берді. Сол сұхбаттардың барысында олардың әрқайсысынан ұлттық мәселелерге немқұрайды қарамауды үйрендім. Осы кісілердің арқасында ол кезде «жабық тақырып» болған Алаш арыстарының еңбектерімен түгел таныстым. Ұлт үшін тәуекелге баруға болатынын түсіндім. Газетке келгеннен бастап хабар жазсам да «осыдан халыққа қандай пайда» дегенді ойлайтын болдым. Бұған дейінгі қалыптасқан «журналист – партияның қолғанаты» деген түсінікті «журналист – халықтың жоқшысы, жанашыры, үні» деген ұғымға ауыстырдым.

 «Егемен Қазақстан» – дәстүр жалғастығы сақталған қара­шаңырақ. Біз жұмыс істеп жүрген кезде Сәкен, Бейімбет, Ілияс сынды мықтылардың көзін көрген ағалар бар еді. Олар бізге ақылын аяған жоқ. Тілші болып кіріп, «Әдебиет және өнер» бөлімінің меңгерушісі қызметіне дейін өстім. «Бір хаттың ізімен» айдары бойынша 3 адамды түрмеден шығаруға септігім тиді. Қаншама зәбір көріп жүрген еңбек адамдарының құқықтарын қорғадық. Мұның бәрі менің жазғыштығымнан емес, газеттің беделінің арқасында шешіліп жатты. Жалпы газеттің маған бергені көп болды. Тамағын асырап қана жүрген қатардағы көп адамның бірінен барлық нәрсеге сын көзбен қарайтын, елдің ертеңін ойлайтын азаматқа айналдым.

 

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ,

ғалым-жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше