Руханият • 25 Қараша, 2019

Гулечка!..

1156 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Гулечка!..

...Сона-а-ау сексенінші жылдардың ортасында белгілі публицист, әдебиет сыншысы Әуез Бейсебаев екеуміз оңтүстіктегі облыстарға бірге іссапарға шығатын болып қалдық та, алдын ала пойызға билет алу үшін екінші Алматыдағы темір жол вокзалына келдік.

Шілденің күні шыжғырып тұр. Әуез ағам көзіне қара көзілдірік тағып ал­ған. Қимыл-қозғалысы ширақ. Әдемі қыз­дарды көрсе, мұртын сипап, жымиып қоя­ды. Оның жанында осындай-осындай қы­зықтарға куә болып жү­рудің өзі бір ғанибет.

Нағыз сері, сұлу жігіт. Жасы отыздан асса да, әлі үйленбеген кезі.

Вокзалдың іші қа­пырық. Құмырс­қаның илеуіндей құжынаған адам. Би­лет алуға кезекке тұр­ған жолаушыларда тіпті есеп жоқ. Бірін-бірі кимелеп, қуықтай ғана те­сігі бар кассаға же­ту үшін жанталасқан жұрт.

– Ой-хой, – дейді Әуез ағам басын шай­қап. – Осы жұрттың бәрі кетіп қалса, Алматыда кім қалады-ей, а?!..

Содан соң ол иегін созып, өкшесін көте­ріп, касса жаққа қарады. Оң қолын жоға­ры көтерді. Екі көзі кассир қызда. Бірақ оның қазір бізге қарауға мұршасы жоқ. Бірінен соң бірі тесікке жабысып, қайда баратынын айтып, ақшасын ұсынып жатқан елдің қарқынын әрең тежеп отыр.

Кенет... (Әй, осы Әуез ағамның әдемі қыздарды өзіне қарай тартып тұратын магниті бар-ау деймін!) Әлгі кассирдің бір сәтке басын көтеріп, тұп-тура біз тұрған жақ­қа қарай қалмасы бар ма.

– Гулечка! – деп дауыстады Әуез ағам қолын бұлғап-бұлғап жіберіп. Кассир қыз­дың жанары жалт етіп, жан-жағындағы қарбаласты әп-сәтте ұмытқандай күлім қақ­ты.

– Жаным! – деді Әуез ағам жымиып. Сол сәтте әлгі әп-әдемі кассир қыз сұқ сау­­са­­­­ғымен бүйір жақтағы есікті нұсқай қойды.

Сол сол-ақ екен, ағам да зу ете қалды. Аз­дан соң билетімізді қолына алып, әдет­тегі­дей жымиып шығып келе жатты.

– Түу, Әуез аға-ай, бүгін сіздің таны­сы­ңыздың кассада отырғаны қандай жақсы болды, – деймін мен қуанышымды жасыра алмай, мәз болып.

– Ой, қайдағы танысты айтасың, іні­шек?

Әуез ағам сылқ-сылқ кү­леді.

– Өй, жаңағы... кас­садағы қызды айтам да.

– А-а, оны танымаймын.

– Қалайша?! Жа­ңа ғана өзіңіз оған: «Гу­лечка!» деп айқай сал­дыңыз емес пе?

– Ха-ха-ха! – Әуез ағам басын қайта-қайта шұлғып, менің арқамнан қағып-қа­ғып қояды. – Иә, сөйттім. Сөйт­тім-м... Қа­зір­гі қа­зақ қыз­дарының бәрі «Гулеч­ка!» ғой!

«Мәссаған! Солай екен-ау!.. – деймін мен ішімнен таңғалып. – Мы­салы, Гүлжан – Гулечка, Гүлнар – Гулечка, Гүлжазира – Гулечка... т.с.с.»

Қайран, Әуез ағам! Әйел затына ғана емес, әдеби сынға да өткір еді. Әзілдеп отырып-ақ, «мақтамен бауыздап» тастайтын. Өкінішке қарай, ғұмыры қысқа болды. Бірақ сондай көңілді, ашық-жарқын, айналасына өте сыйлы жан болғандықтан ба, әлі күнге дейін ортамызда жүргендей болады да тұрады.