Әдебиет • 25 Қараша, 2019

Оралда ақын Бауыржан Халиолланың шығармашылық кеші өтті

2022 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Белгілі ақын, республикалық айтыс байқауларының жеңімпазы Бауыржан Халиолланың 40 жасқа толуына орай оның туған жері Сырым ауданында және Орал қаласында «Таң менен бесін арасы» атты шығармашылық кеші өтті.

Оралда ақын Бауыржан Халиолланың шығармашылық кеші өтті

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері Бауыржан Халиолланың шығармашылық кешіне арнайы келген танымал тұлғалар көп болды. Олардың ішінде Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер Одағының басқарма төрағасы, қоғам қайраткері, ақын Жүрсін Ерман, Қазақстанның халық артисі, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, белгілі ақын, «Жұлдыз» журналының редакторы Ғалым Жайлыбай, «Құрмет» орденінің иегері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Светқали Нұржан, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әнші, жыршы Берік Жүсіпов, айтыс ақындары Бекарыс Шойбеков, Мұхтар Ниязов, Жандарбек Бұлғақов және басқалары қырқында қамал алған азаматтың абыройын одан әрмен асқақтатып кетті.

Ақынның мерейтойы оның туған ауылы – Сырым ауданына қарасты Қособа ауылында басталды. Туған жер кім-кімге де ыстық қой, дегенмен кіндік қаны тамған ауылына Бауыржандай еңбегі сіңген, Баукеңдей қамқор болып жүретін азамат сирек. Ақын қашан да туған ауылының мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізіп, әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып жүреді. Бүгінгі шығармашылық кеш өткен сәулетті мәдениет үйінің бой көтеруіне де Бауыржан Халиолла тікелей мұрындық болғанын ел-жұрт жақсы біледі. Атағы алты алашқа жайылған ардақты азаматтарды аядай ауылына алып келіп, көңілден кетпестей кеш сыйлаған ақын ұлына бұл жолы да жерлестері шынайы риза болды. Кеш барысында Бауыржан сыйлық алудан бас тартып, керісінше мерейтойдың меймандары – «Қазақстан» ұлттық арнасының ардагері, диктор Бақытжамал Ерманова мен Бағдат Әшімоваға, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, белгілі кәсіпкер Құсайын Уақбайұлына, белгілі айтыс ақыны Мұхамеджан Тазабековке, кәсіпкер, өнер жанашыры Тұрсын Тастекеевке, ақын Светқали Нұржанға, жыршы Берік Жүсіповке, ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанға, дін қайраткерлері Еркінбек Шоқай мен Бауыржан Әлиұлына, оралдық ақын қыздар, айтыс ардагерлері Шолпан Қыдырниязова, Дариға Мұштанова, Үзілдік Елеубайқызына, Қособа ауылының ардақты ақсақалдары Төлеу мен Ерген атаға, ақ жаулықты Мәдина апайға сый-сияпат таратты. Ал Асанәлі, Жүрсін, Алтынбек ағалар Қособадан ат мініп, зерлі қамшылы болып қайтты.

Бауыржан Халиолланың мерейтойына орай Сырым ауданында Бақтығұл Ойшыбаев атындағы жас тілшілер байқауы және Жәрдем Тілеков атындағы жас ақындар байқауы ұйымдастырылған екен. Жымпиты ауылында болған шарада осы сайыстардың қорытындысы жарияланды. Жеңімпаздар мақтау қағазы мен сыйлықтарын танымал тұлғалардың қолынан алып, мәз болысты. Тағы бір үлкен оқиға – Жымпиты селосында ақын Жүрсін Ерман атындағы айтыс мектебінің ашылуы болды.

Әрине, екі күнге созылған мерейтойлық шаралардың нүктесі Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өткен кеште қойылды. Көрерменге орын жетпей, көп адам тізе бүкпей тік тұрса да, қабағын шытқан ешкім болмады. Шығармашылық кеш иесі туралы шағын фильмнен ақынның есімін атасы Хабиболланың «Бауыржан Момышұлындай батыр болсын» деп ырымдап қойғанын білдік.

- Осы кешке мен ұзақ уақыт дайындалдым. Алла Тағала ғұмыр берсе, ақын Төлеген Айбергенов айтқандай, «Мен барлық жиған-тергенімді Бір тамаша той қылып өткіземін» деп армандап едім. Ешкімнің мазасын алмадым, өз кешімді өзім өткізейін дедім. Осы кешке алыс-жақыннан келген аяулы көрерменге, мәртебелі меймандарыма құрметім шексіз! Бүгінгі кеште мен өлең оқып, өзімнің әндерімді тықпалап мазаларыңызды алмаймын. Аузы дуалы, ел таныған тұлғалар сахнаға шығып, елмен сұқбаттаса, менің мақсатым осы, - деді сахнаға шыққан ақын.

Екі сағатқа жетпей өте шыққан шығармашылық кеші ақынның өзі айтқан үдеден шықты. Әдемі кештің көрінісі көптің көңілінде қалды. Асанәлі Әшімовтің өз иығындағы ескі шапанын сілкіп-сілкіп алып, Бауыржанға жаба салғаны, «Қыз Жібек» фильмінде Төлегенді «өлтіргенмен», Қособаны көрмеп едім, көрсеткеніңе рахмет!» деген сөзі көрерменге көңілді күлкі сыйлады.

- Арғы-бергі қазақ әдебиетінде 40 жасын тойлаған жалғыз ақын – Сәкен Сейфуллин болатын. Совет үкіметі Сәкеннің омырауына орден тақты, Жарық деген теміржол бекетін ақын атына берді, астына «Зил» деген машина мінгізді, бірақ келер жылы алды да атып тастады. Сәкен сияқты, Бауыржанның да қыңыр-қисық мінезі көп, соңы қалай боларын Құдай білсін?! – деп елді бір күлдіріп алған Жүрсін Ерман ары қарай өлең оқып кетті:

Көтеріп бөрененің ауыр жағын,

Сенбілік жасап жүрсің, Бауыржаным.

Өзіңнің қилы-қилы тағдырыңмен

Өзгертіп өмір заңын, дәуір заңын.

 

Туғанмен жердің түбі Қособада,

Күмілжіп қалған жоқсың босағада.

Ортаға киіп-жарып кіріп келдің,

Болам деп ініге дос, дос ағаға.

 

Айтыстың аспанында қағып қанат,

Қасқайып айта білдің халыққа дат.

Жайыққа қайық салған балықшыдан

Сен ғана тілейтұғын балыққа бақ.

 

Басыңа билік қамшы үйіргенмен,

Шығады ащы даусың күйінгеннен.

Оралдан шыққан жалғыз Дон Кихотсың

Соғысып келе жатқан диірменмен.

 

Көргенмен өнер үшін көресіні әр,

Демейсің садақ қирап, жебе сынар.

Батыстың ақындары бақытты екен,

Мұзжарғыш алда сендей кемесі бар.

 

Барында бойда қуат, қолда күшің,

Қорғайсың ел намысын, жер намысын.

Жолығып қала көрме жалғыз оққа,

Жонынан сипатпайтын жолбарысым!

 

Өткізіп жатырсың-ау бәрін бастан,

Қадірің қашқан кезде қарын да ашқан,

Сотталмай құтылғаның жақсы болды,

Тұлпар деп есек баққан қарындастан.

 

Бұл өмір – күнде айтыс, күнде сынақ,

Барады бауырларың мінгесіп ат.

Қайтасың Сағынайдың асынан да

Құлагерді өлтіріп, жүлдесін ап.

 

Үйренсін өнегеңнен үйренсе елің,

Тағдырын кешіп жүрсің Жиреншенің.

Жомарт боп жұртқа шүлен таратқанмен

Сирағың шығып жатыр үйден сенің!

Бұл кеште аға қаламгерлер ізін басқан іні ақынның бедел-бағасын шын мойындап, ізгі лебізін аямады.

- 2014 жылы «Жыр маржаны» атты қазақ поэзиясының он томдық антологиясын шығардық. Осы жинақтың соңғы тобы жас ақындарға арналды. Осы жинақтың алғашқы беті осы Бауыржанның өлеңімен басталды. Фамилиясы «Х»-дан басталса да, «Бауыржан неге бірінші тұрады?!» деп бір де бір адам айтпады. Өйткені Бауыржанның шығармашылығы – бүкіл жас буынға үлгі болатын өлең еді! – деді Мереке Құлкенов.  

- Қырығында не дейін шайыр ұлға?!

Бірге жүзген өлеңнің қайығында.

Сенен жақын іні жоқ Байұлында,

Бауыржан Халиолла!

 

Жанын оның дос түгіл жауы ұғатын,

Арпалысып арсызбен ауыратын,

Әні жақын жаныма, бәрі жақын

Халиолла Бауыржан – бауыр ақын! – деді Ғалым Жайлыбай.

 

- Көгенін ерте ағытып көрпеш ойдың,

Бауыржан, балалықтан ерте есейдің.

Ел куə шығандаған шабысыңа,

Жүйріктей шығасалма желкесі ойдым.

 

Келдің де Алматыға саяқсыдың,

Есте еді қуырылғаны қай апшының?!

Тізгініңді əр жерден бір тартып жүрдің,

Атындай алақашпа саятшының.

 

Жатқанда қалыңында жұрт ұйқының,

Сырластың ақ қайыңның сілки түбін.

Жырдың жүйрігіне айналдың Алаш үшін,

Жырынды жүлігі емес Жымпитының.

 

Қозады анда-санда арқаң бірақ,

Қосам деп аламанға қаңтардың ат.

Асаудай тік шапшитын мінезің бар,

Есекті жек көресің салпаңқұлақ.

 

...Тілегін мен айтпаймын жұрттың жауыр,

Батасы болсын мəңгі ұлттың қабыл.

Он бесінде танысқан Жайыққа кеп,

Тұрымтайдай тұлғаңды тұттым бауыр – деп ағынан жарылды ақын, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының иегері Дəулеткерей Кəпұлы.

- Өлеңнің асау құлыны Бауыржан баламыз бүгін 40-қа толып жатыр, «қырқынан» шығып жатыр баламыз! Мен Бауыржанның анасынан үлкенмін, анасы ретінде талай мәрте батамды бергенмін. Бүгін де батамды беремін! Бауыржан тентек дейміз, ақын жаны еркіндік аңсайды. Бауыржан кіндігін кескен топырақ – Алаштың арыстарының топырағы. Ол - Қадыр Мырза Әлінің топырағы. Кешегі күні Колбиннің алдында қасқайып тұрып сөйлеген Жұбанның елінде туса, Бауыржанның батыр болмауға қақы бар ма?! – деді Ақұштап Бақтыгереева.

-Қоғамды сынап, ұлтты тәртіпке шақыру үшін адам әуелі өзінің қанын ағызып, өзін әшкерелеу керек деп ойлаймын. Өзін аямаған адамның бірі – Абай болса, ақынның сол мінезі Бауыржанда да бар. Өзін аямайтын ақын ешкімнің бет-ажарына қарамайды. Бесіктен белі, есіктен өзі шыққаннан бері Бауыржанның да жағаға жармасып, іздеп келе жатқаны – әділет, шындық, ақиқат! Жігіттің өмірі – елінікі, өлімі – өзінікі. Айналайын, өмірің еліңдікі болсын! – деп тілек айтты шайыр Айтман – Светқали Нұржан ақын.

Бұл кеште Бауыржан Халиолланың қазақ айтыс өнеріндегі орны, қайраткерлігі туралы да жылы сөздер көп айтылды. Ол басқаратын Қадыр мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының бүкіл өңірдегі үлкен өнер жаршысына, мәдениет насихатшысына айналғаны сөз болды. Кейбір айтыс ақындары масылдық психологиямен жүрсе, Бауыржан керісінше осы айтыстың шаруасымен көп жүгіріп, ұйымдастырып, Батыстағы талай-талай жас ақынға жол сілтеп, талантын ашқаны жария болды. Жақсының жақсылығы айтылған, нұры шалқыған әсерлі кеш болды. Шығармашылық кешті жүргізген Жанарбек Әшімжан да кейіпкерлерінің көңілін өсіріп, сипатын келістіріп, ерекше шеберлік көрсетті.

- Бауыржан өзінің туған күнінде аңыз болған сұңғылалар мен корифейлерді, «аттарынан ат үркетін» азулы ақындар мен елге белгілі өнерпаздарды туған елмен, ауыл адамдарымен қауыштырды. Өзіне емес, елге қызмет етті. Өзіне емес, қонақтарына құрмет көрсетті. Залдың бүгінгі қол соғуы бөлек болды! Бұл – жүрекжарды кеш болғанының белгісі. Өйткені Бауыржанның өзі де шынайы, фальш дегенді білмейтін, не нәрсені де ашық айтатын адал азамат қой, - дейді осы кештің бір көрермені, белгілі педагог ғалым Светлана Бақышева.

Бұл – көпшіліктің шынайы пікірі.

 

Батыс Қазақстан