Руханият • 25 Қараша, 2019

Алматылық жас суретшілер Жастар жылына тарту жасады

1096 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күнделікті өмірде біз жиі көріп жүрсек те, сыры мен сымбатына зер салып жанымызбен үңіле бермейтін әр сәттің әдемі көрінісі  суретшілердің қиялына қанат бітіргендей. Баябан даланы мыңбояуға шомылдырған әсем гүлдер, жазғы жазира, дүниеге жан бітірген шұғылалы көктем, сылдырап аққан тау өзені, буырқанған асау теңіз олардың кенебінде қаз-қалпында көз алдыңа келеді.

Алматылық жас суретшілер Жастар жылына тарту жасады

Жастар жылы аясында ел аймақтарында сан алуан іс-шаралар қанат қағуда. Бұл ретте жас суретшілер қауымы да өз тарапынан белсенділік танытып, қазақ өнерін жоғары деңгейде дамытуға күш салып келеді. Қала әкімдігі және Суретшілер одағының қолдауымен, Алматы төрінде өтіп жатқан жас суретшілер көрмесі осыған дәлел.

Өнер өлкесінде өзіне тән өрнегін қалыптастыруға талаптанған таланттар шоғырын бір арнада тоғыстырған бұл көрмені жас суретшілер ұйымы ұсынып отыр. Аталған одақ елімізде алғаш рет бейнелеу өнері саласындағы шығармашыл жастардың тәжірибе алаңы ретінде 2014 жылы құрылған еді. Содан бері жас қылқалам шеберлерінің дені артып, деңгейі өсті. Бүгінде айрықша қолтаңбасымен танылған жастар көптеген республикалық, халықаралық көрмелерге қатысып, түрлі жобаларда төбе көрсетіп жүр.

«Алматы жас суретшілері» деп аталған көрме авторлардың тақырыптары мен шығармашылық қызығушылықтарын біріктірген кескіндеме, мүсін, графика және сәндік-қолданбалы өнер секілді төрт бөлімді қамтыған.  Мұнда әсіресе пейзаж, натюрморт, жанрында жазылған тақырыптық композициялар ойып орын алған. Табиғат көріністері Мадина Нарбаева, Карина Крылова, Рене Мерей, Аян Қабыл сынды суретшілер үшін сарқылмас шабыт көзі деуге болатындай. Олардың кенебінде көркем көрініс тапқан тау мен аспан, су мен дала адам мен табиғат арасындағы терең байланыстың сырына үңілтеді. Ал Әбдірахман Тұрғын, Алмас Жұмағалиев, Ярослава Тищенконың натюрморттары күнделікті өмірде бізді қоршаған әдеттегі заттардың бейнесіне сүйсіне қарауға шақыратындай. Алмас Нұрғожаев, Гафура Қайырбекова, Даурен Бекназаров, Әлихан Жаханша, Аят Өркен, Сұлтан Аманжол, Перизат Таинова, Шахиза Қуанышбекова, Игорь Соколов, Наталья Милютина, Санжар Сырғабаевтар заманауи сюжеттермен қатар, қазақтың қасиет-қалыбын ұлттық тақырыптар арқылы тереңнен қаузай отырып, ескі мен жаңаны өзара үндестіреді. Олардың шығармаларынан ұлттық мінез аңқиды.

Экспозицияның графика бөлімінде баспа графиканың түсті линогравюра және литография тәсілдерінде орындалған Балқия Қожабекова, Мадина Ерғазина, Лада Кан және Шалқар Бердіқожаның композициялары ұсынылған.  Олардың графикалық парақтары тақырып таңдауы мен көркемдік шешімдер арқылы дараланған.

«Көрменің сәндік-қолданбалы өнер бөлімі Мөлдір Әбілжан, Әсел Момбекова, Нұрхат Дәуітов, Райымбек Ермен, Гүлназ Мади сынды суретшілердің гобелен, кесте, киіз бұйымдары мен ағаштан, металлдан жасалған түрлі сәндік паннолар, музыкалық аспаптарымен толыққан. Ал, мүсін бөлімінде Шәкен Ақылбектің, Рыскелдиев Әнуардың және Азаматұлы Елдостың мүсіндік композициялары орын алды. Әр шығарманың өзіне тән ерекшелігі бар. Қазақстанның бүгінгі жастары еліміздің қоғамдық және мәдени өміріне белсене араласады, өйткені мәдениет пен өнер халық өмірінде маңызды рөл атқарады», дейді көрме жетекшісі Самал Мамытова.

7

8