Театр • 27 Қараша, 2019

Сәкеннің соңғы сапарын сахналады

815 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!» деп жырлаған қара өлеңнің Құлагері – Ілияс Жансүгіровтің осы бір ұлы сөзін ұран еткен қазақ елі жыл басынан бері мерейтойы аталып өтіп жатқан қайраткерлер мұрасын кеңінен насихаттап, Алаш арыстары рухына тағзым етіп келеді. Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов сынды тұлғалар туған киелі топырақтан басталған тағылымды шаралар легі олар туып-өскен облыс шекарасынан шығып, тұтас ұлт деңгейінде тойланып жатқанына да біраз болды. Оның бір айғағы – бас шаһарға гастрольдік сапармен келген Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы драма театрының «Сәкеннің соңғы сапары» қойылымы елордалық көрермендерге тамаша тарту болғаны сөзсіз.

Сәкеннің соңғы сапарын сахналады

Санаулы күн бұрын ғана «Ака­де­миялық театр» мәрте­бе­сін иеленіп, мерейі тасыған Қара­ған­ды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры Сәкен тақырыбына қалай бойласа да жарасады. Ақын есімін абыроймен арқалап жүрген қара­ша­ңырақ елордаға келген өнер сапарын қайраткер тұлға рухына тағзым етуден бастады. Жазушы, драматург Жолтай Әлмашұлының «Сәкеннің соңғы сапары» драмасын сахнаға шы­ғар­ған режиссер Дунай Еспаев қолтаңбасынан осы тектес құр­мет, тағылым, тағзым лебін сезін­ген­дей болдық.

– Жерлесіміз, Қарағанды то­пы­рағының даңқты перзенті Сәкен Сейфуллиннің 125 жыл­дық мерейтойын мерекелеуге бағытталған тағылымды шаралар жыл басынан бері жүйелі түрде үздік­сіз жалғасып келеді. Сол ке­шен­ді жұмысқа атсалысып, өз үлесін қосуды ақын есімін иелен­ген театр ұжымы да тұлға рухы алдындағы ғұмырлық парыз санап, Сәкен Сейфуллиннің туған жеріне келген соңғы сапарынан сыр шертетін «Сәкеннің соңғы сапары» қойылымын сахна тө­ріне шығарған болатын. Осы спектакльді еліміздің түк­пір-түк­пі­рін аралап, кө­рермен назарына ұсындық. Енді міне, ақын есімін, өлеңін, қайраткерлігін ұлықтауға бағыт­талған тағылымды өнер сапа­рымыз бас қала төріне ке­ліп қорытындыланып отыр», деді гастрольдік сапар көшін бас­тап келген С.Сейфуллин атын­дағы Қарағанды облыстық акаде­мия­лық драма театрының директоры Сансызбай Бекболатов.

Қазақтың сұңқар ақыны атан­ған айтулы тұлға жайлы сыр қоз­ғай­тын қойылымда негізінен Сәкен Сейфулиннің кіндік қаны там­ған киелі мекен – Арқа еліне шек­кен соңғы сапары баяндалады. Қарағанды топырағына табаны тигенімен, өскен жері Жаңа­арқаға жетпей, Алматыға кері қайтуға мәжбүр болған ақын­­ның орындалмай кеткен соң­ғы арманы, көкірек толы са­ғы­­нышы актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кема­ловтың кейіптеуінде әсерлі сурет­теледі. Спектакльде дәуір деректеріне жаңашыл қыры­нан үңілуге, тарихи кезеңге еге­мен­­дік биігінен әділетті баға беру­ге бірқатар жүйелі талпыныс, батыл қадамдар жасалады. Тұтас спектакль бойы сұңқар Сәкеннің ел мен жер, тіл мен діл тағдырына қатысты өткір ойла­ры, қазақ жерінің тұтастығы мен ұлттық кадрларды даярлау мәсе­ле­лері турасындағы пікір-пайым, салмақты сараптама­ла­ры кейіп­кер­лер арасын­дағы диа­логтар арқылы өткір жеткізіледі.

– «Сәкеннің соңғы сапары» тек Сә­кен туралы шығарма емес, тұл­ға тағдыры арқылы кейіп­­тел­ген өткен ғасырдың 30 жылдарындағы күллі Алаш арыс­та­рының жиынтық бейнесі, за­мана көрінісі десе болады. Ал оқиға өзегіне Сәкенді алу себе­бі­міз – Сәкен барлық жағдайдың бел ортасында жүрген қайраткер. Кеңес өкіметінің жағында бола тұра, негізгі арман-мұраты Алаш арыстарының мүддесімен бір болды. Сол үшін де көп қайшылыққа тап болды. Спектакль арқылы осы тартысты кезеңге хәл-қадері­міз­дің жеткенінше әділетті баға беруге талпынып бақтық. Сол кездің шындығын да, қателігін де ашық көрсеткіміз келді. Туын­ды барынша нақты тарихи деректерге негізделді. Мәселен, Сәкен­нің Қарағандыға келген соң­ғы сапарында сол кезде Орта­лық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін басқарған Садық­бек Сапарбе­ков­пен кездес­уі көрсетіледі. Са­дық­бек Сапар­бе­ков Сәкен Сей­фул­лин 1934 жылы 40 жасқа толып, «Еңбек Қызыл Ту» орденін өңіріне таққан кезде «Еңбекші қазақ», қазіргі «Егемен Қазақ­стан» газетіне «Біздің сүйік­ті Сәкен» деген бір бет мақала жазған. Қойылымда сол мақа­ланың жайы және Мағжан Жұ­мабаев, Нәзір Төреқұлов, Сәбит Мұқанов, Сұлтанбек Қожанов сынды басқа да қоғам қайрат­кер­лерімен арасындағы қарым-қаты­насы да барынша шынайы суреттеледі», деді пьеса авторы Жолтай Әлмаш­ұлы.

12

Рас, туынды авторы тілге тиек етіп өткендей, қойылымда тари­хи фактілердің сөйлетілуіне жан-жақты басымдық берілген. Репрес­сия жылдарындағы түрлі жағ­­­дай­ларды шынайы баға­лау­ға да батыл қадам жасалып, тың, тосын ойлар айтыла­ды. Қойылымның негізгі лейт­мо­тиві етіп алынған Сәкен Сейфул­лин­нің «Тау ішінде» әні мен театр әртіс­терінен жасақталған хор өне­рі спектакль басталғаннан аяқ­тал­­ғанға дейін оқиғаның тұтас даму желісін жетелеп, көрермен көңіл күйін қасиетті Арқа топы­рағында толғанған ақын сағы­ны­шына сәтті жалғайды. Әйтсе де, қойылымның тұтас көркемдік деңгей­ге көтерілуіне бұл жеткі­лік­­сіз. Ұжымдық жұмыс барлық жағынан үйлесімді талап етеді. Осы тұрғыдан келгенде, спектакль сценографиясы әлі біраз ізденістерге сұранып тұрғандай. Сахнадағы сурет, әсіресе лед-экран арқылы берілген көріністер заман, оқиға атмосферасын сәтті жеткізді дей алмаймыз. Сахна су­ре­тінің көркемдік кілті та­был­­маған. Сол секілді сахналық туын­ды болғандықтан спектакль­дің динамика мен қайшылыққа сұрануы заңды. Сол арқылы оқиға ширығып, өнердегі өз өмі­рін сүруге ұмтылады. Театрдың осы заңдылық-талабы өлшемі аясынан тарқатқандағы түйгеніміз қой­ылымға әлі де біраз баяндау сти­лінен арылып, әрекетке, қай­шы­­лыққа көбірек көңіл бөлсе, оқиға желісі бұдан да гөрі ширап, жандана түсер ме еді деген тілекпен тоқайласты. Осындай азды-көпті кемшілікті ескермегенде, жалпы бас-аяғы бүтін қойылымның куәсі болдық. Ең бастысы, Алаш арыстары тағдырының ақтаңдақ беттеріне тың көзқарас негізінде үңілуге тырысқан тамаша талпыныс бар. Бізді қуантқаны да осы.