Президент • 28 Қараша, 2019

Елбасы феномені

470 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Биыл Отанымыз сегізінші рет мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күнін атап өткелі отыр. ­Президенттік билік пен Тәуел­­сіздіктің 28 жылдық тәжі­рибесі Қазақстан үшін осы басқару формасының тиім­ді екенін дәлелдеп, ішкі және сырт­қы сая­саттың негізгі бағыт­тарын анықтауға мүмкіндік берді.

Елбасы феномені

Елбасының сарабдал саясатының арқа­сында Қазақстан Орталық Азия өңірі мен ТМД-да алдыңғы орын­ға шық­ты. Әлеуметтік-бағдарлы экономи­калық бағыттағы бастамаларымыз заманауи, қарқынды дамушы мемлекет құруды қамтамасыз етті.

Осыдан 22 жыл бұрын Елбасы ел дамуының даңғыл жолын байыптайтын ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» Страте­гиялық бағдарламасын ұсынғаны мәлім. Салмақты құжатта өткен жолымыз бағамдалып, болашақ еншісіндегі іргелі істер межеленді. 1997 жылы осы бағ­дарламаны жария еткенде Елбасы­мыз: «Біз нені құрғымыз келеді, таң­даған мақсатымызға жеткізетін дамуы­мыз­дың траекториясы, магистралі қандай болуы тиіс, соны анық білуіміз және айқын түсінуіміз керек» деген еді. Айтқаны айнымай келді. Қазақ­­стан халқы аянбай еңбек етіп, елдік әлеу­меттік-экономикалық дамуы көш бас­тап келеді. Замана сын-қатерін ескер­ген «Қазақстан-2050» Стратегия­лық бағ­дар­ламасы жаңа белесімізді анықтады.

Қоғам мен әлемдік дамудың жаң­ғыру­мен елімізде табиғи сабақтас­тық­тағы билік тансформациясы жүрді. Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев 19 нау­рыз­да президенттік өкілеттігін өз ер­кімен тоқтатып, Ақорда елдік мін­беріне осыған дейін талай саяси сыннан өткен халықаралық деңгейдегі қайрат­кер Қ.К.Тоқаев көтерілді. Nur Otan партиясының кезектен тыс өткен XIX съезінде осы тұлға алдағы Президент сайлауына түсетіні мәлім етілді. Сенім мен жеңіс таразының басын тең қылды. Бұл көрегендікті барша халық мойындады.

2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палата­ларының бірлескен отырысында өзінің алғашқы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Ертеңгі бағытын, жүретін жолын, өсу жолындағы мұратын анық біл­ген елдердің қандай жеңістерге жет­кенін тарихтан білеміз. Біздің еліміз тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп жатқанда алдағы 30 жылын ойласа, енді жүрісін дұрыстап, тынысын жөндеп алғанда сындарлы мұраттарды алға қойды. Сындарлы мұрат деген – халықтың жағдайы, ол – елдің өрлеуі, ол – жарқын өмірдің сабақтастығы.

Мемлекет басшысы қазіргі уақытта бізге тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отырғанын баса айтты.

«Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз. Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлауалды бағдарламамның негізі болды. Қазір мемлекеттік органдар оны жүзеге асыру үшін тиіс­ті жұмыстар жүргізуде. Мен халық­қа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын», деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қа­сиетті Отанымызды дамыту жолында елдегі тұрақтылық пен бейбітшілік­ті темірқазық етіп алды. Әсіресе елімізді Еуропа төріне шығаруда Тұңғыш Пре­зи­дент еңбегі ерен. Бүгінде Қазақ­стан Еуразия кеңістігіндегі страте­гия­лық қуаты күшті, маңызы зор мем­лекет ретінде мойындалып отыр. Дәлел­мен айтсақ, Азиада алауын жағуы­мыз, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, халық­ара­лық саммит өткізуіміз, Ислам Ын­ты­­мақтастық Ұйымы мен Шанхай ын­ты­мақтастығы ұйымына төрағалық етуі­міз, әлемдік дін қайраткерлері съезін тұрақты ұйымдастыруымыз, халық­аралық ЕХРО-2017 көрмесін ұйым­дастыруымыз – бәрі де зор мақтаныш, айрықша абырой.

Осы күнге дейінгі жетістіктеріміз Қазақстанның болашағын жаңаша межелеуге мүмкіндік беріп отыр. Келе­сі кезеңде, яғни 2050 жылға дейінгі Стратегияда инновация, өндірістік-экономикалық серпін темірқазық етіп алынады. Бұйырса, таяу болашақта халқымыздың өмір сүру сапасы орташа еуропалық деңгейге сәйкеспек. Елбасы мұны сеніммен айтты, халық елдік іске бір кісідей жұмылды.

Елі қадірлеген, әлем ардақтаған Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев бар қа­жыр-қайратын, парасат-пайымын мем­лекетіміздің игілігіне жұмсап, уақыт көшінен алға озып, келер ұрпаққа жар­қын өмірдің негізін қалап жүргенін халық­аралық қырағы сарапшылар мен саясаткерлер жазып, бағалап келеді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы желтоқсан айын­да өткен Қазақстан халқы форумында еліміздегі бірлік пен келісім­нің ұйытқысы – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы бастама көтерді. Бүгінде Ассамблея қызметі Ел­басы үмітін ақтағаны елдегі бере­ке-бірліктен көрінеді. Әр этнос өкіл­дері бір үйдің баласындай, бір қол­дың саласындай тіршілік етіп, жасам­паздық туын жоғары көтерді. Бұл ретте осы нәзік саланы ғылыми-әдісте­ме­лік жағынан қолдау үшін республика­да тұң­ғыш рет арнайы кафедра Еуразия ұлт­тық университетінде ашылды. Қазір республика бойынша осындай ка­федра­лардың саны 30-ға жуықтады. ҚХА кафедралары бірлік пен баянды­лықты сараптайтын ғылыми-тәжірибе алаңдарына айналды.

Астана экономикалық форумы – Еуразия кеңістігінде жыл сайын өтетін салмақты шара екені белгілі. Осы жиынға әлемдік экономикалық қауым­дастық өкілдері, қазіргі және бұрынғы мемлекеттер басшылары, Нобель сый­лығының лауреаттары, ғылым әлемінің ғұламалары мен ірі кәсіпкерлер келе­ді. Елбасы осыдан 8 жыл бұрын ел тәуел­сіздігінің 20 жылдығы салтана­тында Астана экономикалық форумының негізінде «G-global» сұхбат алаңын құруды ұсынды. Бүгінде осы сұхбат алаңы әлемнің 128 елінен 10 мыңнан астам қатысушыны біріктірсе, Қазақ­стан­дағы осы шараның бел ортасында Елбасы негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдары мен білім алушылары жүргенін мақтанышпен айтамыз. Келі­сім мен кешірім, үйлесім мен толе­ранттылық арқауын мақсат еткен Елбасы Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өз­бек­стан президенттерімен бірлесіп, ұзақ мерзімді бейбітшілік пен бірліктегі өңір құру туралы декларацияға қол қойды. Шанхай ынтымақтастығы ұйы­мына мүше мемлекеттердің әрбір бере­ке-бірлік қадамы да – Тұңғыш Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев назарында.

Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дар­ламалық мақалалары – кеше де, бүгін де, болашақта да маңызын жоймайтын ізашар тұғырнама. Бұл тұлға еңбек ар­қылы нәтижеге жетудің жолын, жү­йесін көрсетті. Мысалы, осыдан туын­даған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы, оның бес жылға ұзартылуы, «Әлеуметтік бес бастама» халыққа берері өлшеусіз деп білеміз.

Елбасы тарихты саралап, Қазақ елінің мемлекетшіл мұраты – «Мәң­гілік ел» деп ерекше айтқанда да, ел­дік береке-бірлікті, өңірлік дос­тық және экономикалық қарым-қатынас­ты, дүниежүзілік өріс пен өрлеуді көз­дегенін ұмытпаған абзал. Бұл ретте айтқан: «Бақ та, тақ та таласқан­ға бұ­йыр­­майды, халықтық істе жарас­қан­ға бұ­йы­рады» деген сөзі бүгін де, бола­шақ­та да әлемді, елді ұйыстырады деп есептейміз.

Ал «Ұлы даланың жеті қыры» ат­ты тұжырымдамалық мақаласы – ұлт­тық абырой бастауын нұсқайтын, елді өнеге өрісіне бастайтын жол, жаң­ғырған Қазақстанның баянды бағ­дары. Елбасының бұл мақаласын страте­гиялық маңызы бар және ғылыми мето­до­логиялық мақала деп түсінуіміз керек. Бұл кездейсоқ шыға қалған мақа­ла емес, бұл Елбасының жүйелі, мақсат­ты қызметінің жалғасы. Өйткені бұдан бұрын Елбасы «Мәдени мұра» бағ­дар­ламасын ұсынған болатын, содан кейін «Халық: тарих толқынында», «Бол­ашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалары ұсынылды. Міне, осылай жүйемен келе жатқан бағдарлама. Сон­дықтан да Елбасының бұл еңбегін осы үлкен істің жалғасы деп білуіміз керек.

Әрбір мемлекеттің, әрбір облыстың, әрбір қаланың тарихында жауапты кезеңдер болады. 2018 жылы 19 маусымда Елбасы Жарлығымен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып түрленіп, оның орта­лы­ғы ретінде Түркістан қаласы бекітілді. Елбасының бұл шешімі – Түркістанның қайта түлеп, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын жаңа орталыққа айналуына жол ашты. Облыс орталығы атанған Түркістан қаласы ендігі жерде еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның, тұтас түркі әлемінің белгілі сауда-эко­но­микалық және рухани-мәдени орта­лық­тарының бірі болары сөзсіз.

Әр қазақтың жүрегінде мақтаныш сезімін ұялатқан Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түркі жұртшылығына қа­сиетті әрі қадірлі мекен. Ақын Мағ­жан Жұмабаев «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп бекер жырлаған жоқ. Халқы­мызда «Мәдинада – Мұхаммед, Түркі­станда – Қожа-Ахмет» деген сөз бар. Осындай сан алуан факторлар Түркі­станды тұтас түбі бір түркі жұрты­ның рухани орталығына айналдырды.

Нұрсұлтан Назарбаев Жарлыққа жария түрде қол қою рәсімінде сөй­леген сөзінде: «Облыс орталығы ғасыр­лар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі руха­­ни орталығы болған Түркістан қала­сына көшіріледі», деді. Дара шешім. Дара шешімді дара тұлғалар ғана қабылдайды. Дара тұлғаны заман туды­ратынын тарих әрқашан есімізге салып отырады. Ал тарихи тұлғаны өз заманындағы түрлі шешуші оқиғалар­дан мүлде бөліп қарауға болмайды.

Түркістан шын мәнінде екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған, тарихы тереңде жатқан шаһар. Нақтырақ айтқанда, Қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген аяу­лы перзенттері мәңгіге жай тапқан қасиетті мекен. Бұл қалада ұлтымыздың тағдыры талқыланып, түрлі шешім қабылданған. Қазақтың небір ұлы тұлғалары дүниеге келген. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған хан, 30-дан астамы қол бастаған батыр, ауқымды сөз бастаған би екенін ескерсек, Елбасы шешімінің дұрыстығына тағы да көз жеткіземіз.

Қашанда тындырымды істер мен тиянақты нәтижелерді басты мақсат етіп ұстанған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студент­тер санының артуына байланысты жаңа жатақхана салатын бола­ды. Бес қабатты 2467 орынға арнал­ған үш заманауи Студенттер үйі Ахмет Бай­тұрсынұлы мен Кенен Әзірбай­ұлы көшелерінің қиылысынан бой көтермек. Бұл Елбасының Бес әлеумет­тік баста­масы негізінде жүзеге асқалы отыр. Олай дейтініміз, Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында студенттерді жатақханамен қамтуды толықтай шешуді тапсырған болатын.

«Біз әлемдік стандарттарға сай бі­лім беру жүйесін қалыптастыра оты­­­рып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасау­ға тиісті назар аударуымыз қажет. 2022 жыл­дың соңына дейін студент­терге ар­нап кемінде 75 мың орын­дық жаңа жа­тақ­хана салуды тапсы­ра­мын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұра­ныс­ты ескер­геннің өзінде жатақ­хана тап­шы­лы­ғын біржола шешеді», деді Елбасы.

Бұл білім саласының басшыларын ғана емес, еліміздегі барлық студент-жастарды және олардың ата-аналарын қатты қуантты. Демек, 2019-2020 жыл жоғары оқу орнымыз үшін табысты жыл деуге негіз бар. Қазіргі таңда болашақта салынатын жатақханалардан бөлек, бас ғимарат пен оқу-зертханалық ғимараты арасынан заманауи спорт-сауықтыру орталығының құрылысы басталып кетті.

Алдымыздағы басты мақсат – елі­міз­­дегі қолға алып отырған жаңа ре­фор­­маларға байланысты универси­тетіміз­дегі білім беру мен ғылыми жұ­мыс­тарды әлемдік стандарттарға сай жетіл­діру, оқу-әдістемелік бағдарла­ма­ларды жаңарту, жақсарту. Қазіргі инновациялық талаптарға сай сапалы мамандар даярлау жұмыстары жан-жақты жалғасын табады. Факультеттер мен кафедралардың материалдық-тех­никалық базасын нығайтып, елімізге қажетті сапалы мамандар даярлап беру үшін білім берудің тереңдетілген оқу-әдістемелік жүйелері мен ғылы­ми-зерттеу жұмыстарының жаңа бағ­дар­ламаларын қалыптастыру басты стратегиялық бағыт-бағдарымыз болып қала бермекші.

Жалпы, тәуелсіздік дегенде ел сана­сында өркенді халқымыз бен Тұң­ғыш Президентіміз туралы таным-түсінік жаңғыруы тиіс. Қазақстан мем­лекетінің іргетасын қалаушы – Тұң­ғыш Президент, Елбасының болмысында ұлтымыздың асыл мұраттары мен әлемдік және ұлттық өркениет же­тіс­тіктері тоғысқан. Ол Қазақстан халқы үшін күн-түн демей жанын шү­берекке түйіп, сол кемелдікке абыроймен жеткен жасампаз тұлға.

Тарихи қайраткердің қадау-қадау экономикалық, әлеуметтік, мәдени реформаларына әлем өз бағасын беріп үлгерді, ал қоғамның бар жігіне серпін берген «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық еңбектері ел рухын асқақтатып, ел тәуелсіздігінің жаңа мүмкіндіктерін айқындады.

Азаттықтың елең-алаңындағы Ор­да­басыдағы жиыннан кейінгі Түркі­стан­ның түлеуімен жалғасып, байтақ жері­міздің бар игілігі жаңа елордамен есе­­леніп Елбасы феноменінің баянды екенін көрсетті. Бұл – жақсылық пен жа­­ра­сымдықтың үндесуі. Бұл – тарих толқынындағы білік пен биліктің, дәс­түр мен жасампаздықтың үйлесімі.

Қорыта айтқанда, Тұңғыш Прези­дент күні – Қазақстан халқының мәрте­белі мерекесі. Бұл – тарихи таңдау күні, барша отандастарымыздың Елбасы төңірегіне топтасу күні.

«Ері жоқ болса, ел – жетім, елі баға­ла­­маса, ер – жетім» дейді халық дана­лы­ғы. Тәубе, бізде елін өрге сүйрейтін Ер де, азаматын құрмет тұтатын Ел де бар.

Мұны дүние жүзі сарапшылары айтады, біз оған мақтанамыз, қуанамыз.

Елдік мақтаныш, әлемдік мерей баян­ды болғай!

 

Ерлан СЫДЫҚОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҰҒА академигі