Технология • 28 Қараша, 2019

Болашаққа жасалған батыл қадам

367 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында бүгінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы барлық салада тиісті деңгейде жүзеге асырылуда. Мәселен өңірде білім беруді цифрландыру аясында орта білім беру мекемелерінде 26 026 компьютер қолданылуда.

Болашаққа жасалған батыл қадам

Өңірдегі 442 мектептің барлығы жоғары кең жолақты интернет желісіне қосылған. Сонымен қатар 435 білім беру ошағы Wi-Fi желісімен қамтылған. Оның ішінде 334 мектеп жергілікті бюджет есебінен, 73 мектеп электронды оқыту жүйесін енгізу есебінен, 32 мекеме демеушілер есебінен жабдықталған. Аталған бағдарламаның маңызын ескере отырып, Жамбыл облысының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифр­ландыру орталығының басшысы Дамир Егізбаев жыл соңына қарай мектептерді Wi-Fi желісімен қамту 100 пайызды құрайтынын жеткізді.

Сондай-ақ өңірдегі барлық мектепке «Bilimland» сандық білім беру қоры енгізілген. «Жол картасына» сәйкес 2018-2020 жылдары адами капиталдың сандық экономикасын дамыту үшін мектептердің 50 пайызы роботтехника кабинетімен жарақтандырылады екен. Сонымен қатар Тараз қаласында №41 гимназия базасында қауіпсіздік мақсатында «SMART-мектеп» қанатқақты жобасы іске қосылған. Оқушыларды қабылдау ақпараттық жүйесі облыстағы мамандандырылған мектептерге енгізілген. Айталық, ерекше дарынды балаларға арналған облыстық «Дарын» мектеп-интернатына 443 өтініш беріліп, 60 бала электронды қабылданған. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ лицей-интернатына 355 өтініш беріліп, 40 бала электронды қабылданыпты.

 Бос жұмыс орындарын және педагогтарды жұмысқа қабылдау жүйесін басқарудың автоматтандырылған жүйесі өңірдегі барлық мектепке енгізіліп, бұл жүйе «е – еңбек биржасы» порталымен ықпалдастырылған. Іске қосылған уақыттан бері 2485 вакансия жария­ланып, 504 қызметкер мен кіші қызметкер жұмысқа қабылданған.

«Тараз қаласында 1 қарашада «TarazHub» IT инку­ба­торы ашылды. 5 қабатты иннова­ция­­лық IT-орталықтың аумағы 1 000 шаршы метрді құрайды. Орталықтың мін­де­ті – дәстүрлі және инновациялық IT-техно­логияларды оқыту, болашақ IT-маман­дар мен жаңа идеяларды іздеу, IT-стар­т­аптарды қолдау. Ғимарат құрылысы 100 пайыз аяқталды, қазір мамандарды іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл 37 IT-сынып ашу жоспарлануда», дейді Дамир Егізбаев. Сонымен қатар «Қауіпсіз мектеп», «Қауіп­сіз колледж» жобасы аясында да тиісті жұ­мыс­тар атқарылуда.

Тараз қаласы мен аудан орталықтарында 391 медициналық мекеме бар. Оның ішінде медициналық ақпараттық жүйеге қосылуға тиіс мекеме саны – 370. Облыстағы 4952 медициналық жұмыс орны 100 пайыз компьютермен қамтамасыз етілген. Соны­мен қатар 49 медициналық ұйым төрт меди­циналық ақпараттық жүйе бойынша жұмыс істейді. Денсаулық сақтау аясында мобиль­ді қосымша құрылып, оған 49 928 адам тір­келген. Медициналық құжаттаманы қағаз­сыз жүргізу үшін 1 069 079 электронды денсаулық паспорты құрылған. Бұл ақпа­рат­тық жүйеге тіркелгендердің 94,2 пайызын құрайды. Жыл соңына дейін 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сонымен қатар 12 меди­ци­налық мекемеге «е-Kezek» электрон­ды кезегін енгізу үшін жергілікті бюджеттен 73,8 миллион теңге бөлініп, оны «Stending» компаниясы 100 пайыз іске асырды. Қазіргі таңда цифрлы сауаттылықты артты­ру үшін ашылған цифрлы бекеттер, жедел ме­ди­ци­на­лық көмекті басқару бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Жамбыл өңірінде тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылықты цифрландыру бойынша «е-Shanyrak» бірыңғай зияткерлік ақпараттық жүйесін құру, «Ақылды квартал» қанатқақты жобасын іске асыру, қала­лық сумен жабдықтауды автоматтан­дыру, ортақ жылу энергиясын есептеу құрал­дарымен жабдықтау, «Ақылды жарық­тан­дыру» қондырғысын орнату және үйлердің кіре­берістеріне бейнебақылау камералар­ын орнату сияқты 6 жоба қолға алынған. Қаланы сумен жабдықтауды автоматтандыру аясында «Тараз су» мекемесінің мәлі­меті бойынша, «Цифрлы Қазақстан» мемле­кет­тік бағдарламасын іске асыру негізінде ITRON фирмасының FLOSTAR маркалы 448 қашықтан есептеу құралдары бюджеттік мекемелерге орнатылуда. Бүгінгі таңда, орнатылған қашықтан есептеу құралдарын бірыңғай ақпараттық жүйесіне қосу жұ­мыс­та­ры жүргізілуде, ол биылғы жыл желтоқсан айында толық аяқталатын болады.

Ортақ жылу энергиясын есептеу құрал­да­ры­мен жабдықтау мәселесі де өзекті. Өткен жылы табиғи монополиялар субъектілері жос­пар бойынша үйлерге 1249 дана ортақ жылу энергиясын есептеу құралдарын орна­туға тиіс болатын, нәтижесінде 997 дана ғана орнатылған. Тараз қаласы жоспар бойынша 1072 дана орнатуға тиіс еді, орнатылғаны – 873 дана. Сол сияқты Жаңатас қаласы жос­пар бойынша 98 дана орнату керек болса, бүгінге орнатылғаны 80 дана. Ал Қаратау қаласы жоспар бойынша 44 дана болу керек, оның орнатылғаны 10 дана және Шу қаласы жоспар бойынша 38 дана, ал орнатылғаны 34 дана болып отыр.

Жарықтандыру мәселесіне келсек, Тараз қаласындағы Төле би мен – әл-Фараби көшесінің қиылысында күн панелі мен жел генера­торы негізінде жұмыс істейтін «Ақыл­ды жарықтандыру» деп аталатын 4 көше шам­ның орнатылғаны белгілі. Сонымен қатар Тараз қалалық прокуратурасының «Қауіпсіз аула» бағдарламасы аясында 23 көпқабатты тұрғын үйдің аула алаңдарын жарық­тандыру жұмыстары бойынша жалпы құны 29,159 миллион теңге болатын жоба­лық-сметалық құжаттары жасалған. Жоба бо­йынша тұрғын үйлердің аулаларына жарық­­диодты шамдар мен темір бағаналар орна­ты­лады. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін үй кіре­берістеріне бейнебақылау камера­ла­рын орнату қолға алынып, бұлыңғыр бейне­бақы­лау сервисіне 238 кіреберісте 476 ка­ме­ра қосылған. Жыл соңына дейін 350 кіре­­берісте 700 камера орнатылады деп жос­пар­ла­нуда.

 Өңірде көлік жүйесін цифрландыру аясында да бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ орталық диспетчерлік қызмет құру, автобустарда GPS навигациялық жүйе­сін орнату және мобильді қосымша жасау, автоинформаторлар құру және электронды билет жүйесін енгізу күн тәртібіндегі мәселе болып отыр. Тараз қаласында «автобақылау» жолаушылар автобустарының мониторинг жүйесі мен 43 жолаушы маршрут, 670 автобуста GPS навигация енгізілді. Қоғамдық көліктерде автоматты түрде аялдамалар мен басқа да хабарландырулар жариялайтын 115 автоин­форматор орнатылған. Енді ағымдағы жыл­дың соңына дейін қосымша 150 автоинформатор орнатылмақ.

Тараз қаласында 206 сыртқы бақылау бейне­камерасы және 40 фотофиксация бекеті мен жол бақылау жүйесі орнатылған. Бүгін­де жергілікті бюджеттен жедел басқару орта­­лы­ғын қайта жаңартуға және Тараз қала­сында жаңа 300 бейнекамера орнату үшін жоба­лық-сметалық құжат әзірлеуге тиісті қара­жат бөлінген. Оларды сатып алу және орнату 2019-2020 жылдарға жоспарлануда. «Ақылды бағдаршамдар» өткен жыл­дың жоспарына сәйкес аталған облыс орта­лы­ғын­дағы жеті жол қиылысында орнатылды.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында «Цифрландырылған ақпа­раттық орталықтар» жобасын іске асыру барысында Жамбыл облысы бойынша 2018-2019 жылдары ауылдық кітапханалар жанынан цифрландырылған ақпараттық және ковор­кинг орталықтары ашылды. Оның ішінде 125 «Цифрландырылған ақпараттық орталық», 18 коворкинг орталық бар. Жыл соңына дейін 50 кітапхана мен әкімдік базасын­да «Цифрландырылған ақпараттық орта­лық­тар» құру жоспарланып отыр.

Жалпы алғанда, Жамбыл облысында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­ламасын жүзеге асыру бойынша бір­қа­тар жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және тағы да басқа 9 мемлекеттік қызмет автоматтандырылса, биыл білім беру, сәулет және құры­лыс, спорт, дін, экономика саласындағы бар­лығы 33 мемлекеттік қызметті автоматтандыру жоспарлануда. Осылайша, жыл соңына дейін электронды түрде көрсетілетін мем­ле­кеттік қызметтердің үлесі 80 пайызды құ­райтын болады.

 

Жамбыл облысы