Руханият • 28 Қараша, 2019

Әміре ізін жалғаған...

428 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күллі Еуропа құрлығын елең еткізген Ержанның ерек үні күні кеше тағы да жаһан назарын өзіне бұрғызды. Балалардың әлемдегі ең үздік ән байқауы – «Junior Eurovision song contest-2019» жобасында 2-орын тұғырынан көрінген талантты жастың жеңісі – мұқым қазақ елінің мерейі, мақтанышы екені даусыз.

Әміре ізін жалғаған...

Айтулы өнер оқиғасына орай кеше Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құлова «Junior Eurovision – 2019» ән байқауының жеңімпазы Ержан Максимді қабылдап, өнерлі өренді музыка әлеміндегі теңдессіз табысымен құттықтады.

– Қазақтың «Талант тас жарады» деген тамаша сөзі осы бір ерекше үнді Ержан баламызға арналып айтыл­ған­дай. Ержан Еуропа төріндегі айтулы же­ңісі арқылы тұтас ұлттың, барша Қазақ­станның абыройын асқақтатты. Әрине, жеңіс еңбексіз келмейді. Бұл жолда Ержанның есепсіз тер төккені анық. Тіпті, кәсібилігін шыңдау үшін ата-анасымен бірге Мәскеуге қоныс аударып, сол жақ­­тың білімді мамандарынан тәлім алу­ы да жас дарынның өнерге деген өлшеусіз махаббатының айғағы бол­са керек. Сондықтан күллі Қа­зақ елі атынан Ержанды айтулы же­ңі­сімен құттықтаймын. Жас та бол­са өнерімен көпке үлгі болып үлгерген дарынды ұлға тек қана ақ жол тілеймін. Алдағы уақытта да Ержан­ның үлкен байқауларға қаты­сып, талантын барлық жағынан көр­сетуіне Мәдениет және спорт минис­тр­­лігі тарапынан қолдауымызды аямай­мыз», – деді министр.

Елорда төріндегі кездесуге анасы Гүлмира Әлібекпен бірге келген жеңім­паз аталған ән байқауының шығар­машылық жолындағы кәсіби үлкен тәжірибе болғандығын атап өтті.

– Рас, байқау оңай болды дей алмай­мын. Қарсыластарым да мықты екен. Байқау өте қызық әрі тартыс­ты өтті. Жобаға іріктелген сәттен бастап-ақ, бас жүлде алып, ел мерейін үстем етсем деп армандадым. Алайда бұйырғаны 2-орын болды. Бірақ бұл да жаман нәтиже емес деп ойлаймын. Бастысы, қазақ әнін әлем тыңдады, таны­ды, – деп ақтарылған жас әнші өнер көрсету кезіндегі қызықтарымен де бөлісті. – Сахнаға шығар алдында дыбыс ұлғайтқыш құрал (наушник) құла­ғыма сыймай қалып, біраз әбігерге түстік. Содан тығырыққа тірелген маман­дар құрылғыны құлағыма скотчпен жабыстырып қойды. Әнімді осылай орындап шықтым. Жалпы, «Junior Eurovision– 2019» байқауына қатысу маған үлкен тәжірибе болды. Ән әлеміндегі арманыма біртабан жақындатты десем де артық емес. Алдағы уақытта да халықаралық дең­ге­­й­дегі жақсы байқауларға қатыс­сам деймін. Сонымен қатар есімі дүние­жүзіне танымал Андреа Бочелли, Лара Фабиан, Селин Дион, Билли Айлиш және өзімнің өнердегі үлгі тұтатын ағам Димаш Құдайбергенмен бірге ән салғым келеді. Бұл да менің ән әлеміндегі үлкен армандарымның бірі», – дейді Ержан.

Польшаның Гливице қала­сын­да өткен айтулы музыка байқау­ын­да Ержан Максим Данияр Алда­бер­­ген­ов­тың сөзіне жазылған компози­тор Хамит Шаңғалиевтің «Арма­ның­нан қалма» әнін жоғары деңгейде орындап, қазылар алқасының бірауыз­дан қолдауына ие болғанымен, электронды дауыс беру нәтижесінде қарсы­ла­сына есе жіберіп алды. Осы бір «әт­те­ген-ай» тек әншінің ғана емес, ән авторы Хамит Шаңғалиевтің де көңі­лін құлазытыпты.

Рас, Еуропа төрінен Ержан әні төгілгенде көгілдір экран алдында тақымын қысып, жанкүйер болып отырған әр көрерменнің кеудесін мақтаныш кернеп, қыран көңілін көкке өрлеткені анық. 1925 жылғы Парижді таңдай қақтырған тура бір Әміренің әніндей! Міне, осылайша шыңылтыр үннің шексіз мүмкіндігін танытып, өнеріне Еуропаның талғампаз тың­дарманын бас игізген Әміре Қашау­баев феномені араға тура ғасыр уақыт салып Димаштың дара дауысы, Ержан­ның ерек үні болып ортамызға қайта орал­ғандай. Әміре ізін жалғаған дарындар жолы лайым даңғыл болғай дейік, ендеше!