Аймақтар • 28 Қараша, 2019

Жамбылдық полицейлер бірқатар кемшілікті анықтады

240 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қоғамда бүгінде мал ұрлығы, сонымен қатар адамдарды еңбекке заңсыз жегу сияқты мәселелер өте өзекті. Сондықтан Жамбыл облыстық Полиция департаменті мал ұрлығының алдын алу және жедел жағдайды жақсарту мақсатында өңір бойынша «Қашар» іс-шарасын ұйымдастырды.

Жамбылдық полицейлер бірқатар кемшілікті анықтады

Іс-шара барысында облыс аумағындағы 731 мал шаруашылығы қаралған болатын. Департаменттің мәліметі бойынша, жедел алдын алу шарасының нәтижесінде мал шаруашылықтарына қарасты 19 адамның тұрақты тұрғылықты жерінің жоқ екені анықталған. Ал, тексерілген 1000-ға жуық қару иелерінің 63-і қару сақтау ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылып, 49 атыс қаруы тәркіленген. Сонымен қатар белгі салынбаған 39 бас мал анықталып, ұрланған 100 бас мал табылды. Сондай-ақ «Қашар» іс-шарасы кезінде полиция қызметкерлері іздеуде жүрген екі қылмыскерді ұстады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Көші-қон заңнамасын бұзуды анықтау үшін де Жамбыл облысының аумағында ұйымдастырылған «Қашар» жедел профилактикалық іс-шарасы өз нәтижесін берді. Оған Жамбыл облыстық Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы қызметкерлерінің жеке құрамы қатысты. Жамбыл облысының Байзақ ауданы, Тегістік ауылында жеке шаруашылықты тексеру барысында заңсыз Көші-қонға қарсы күрес жөніндегі арнайы жеке рота қызметкерлері заңсыз еңбек қызметімен айналысатын Өзбекстан Республикасының төрт азаматын анықтады. Қазіргі таңда шетелдік азаматтарға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік-құқықбұзушылық Кодексінің 517-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, оларды ел аумағынан шығарып жіберу мәселесі шешілуде.