26 Наурыз, 2010

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР БЕДЕЛІН КӨТЕРДІ

662 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Білім беру қызметкерлерінің Ұйғыр аудандық “Қамқор” кәсіптік бірлестігі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – Қазақстанның жаңа экономикалық өрлеуі – жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауын аса қуанышпен қарсы алды. Өйткені, Елбасының 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Жолдауда экономикалық және әлеуметтік мәселелер нақтыланған. Сонымен қатар, “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты нақты тапсырмалар берілген. Онда мектепке дейінгі мекемелер мәселелері түгелімен шешімін табу керек делінген. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көтеріледі. Бұл ұлағатты ұстаздар үшін үлкен қуаныш. Алты алаштың баласы қосылса, ең құрметті орын ұстазға тиетіні сөзсіз. “Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі”, – деп Әл-Фараби айтқандай, болашағымыз­дың білімдар болуы – ұлттық рухани тәлім-тәрбие бере білуімізде жатыр. Осы салада ерінбей еңбек етіп келе жатқан ұстаздардың ерен еңбектерін Елбасы елеп-ескеріп отыр. Тәуелсіз елдің тұтқасы рухани тәрбиеден бастау алып, біліммен қаруланған, денсаулығы мықты ұрпақтың қолында болса, ол бабалар арманы орындалғаны емес пе? Келелі келешек үшін білегін сыбанған саналы азаматтардың сарабдал істерін ертеңгі ұрпақ саралай жатар. Алайда, осы тұста кеткен кемшіліктеріміз де жоқ еместігін жасыра алмаймыз. “Ауруын жасырған адам өледі” демекші, Елбасы білім саласын қатты сынға алғаны белгілі. Ендеше, білім сапасын жақсартатын, әркім өз ісін адал атқарып, жауапкершілікпен қарайтын болса, аталмыш мәселелердің жүгі жеңіл болмақ. “Жұ­мы­ла көтерген – жүк жеңіл” деп бекер айтпаған ғой. Кәрібай ҚОЖАҒҰЛОВ, Ұйғыр аудандық мәслихатының депутаты, “Қамқор” бірлестігінің төрағасы. Алматы облысы.