Аймақтар • 30 Қараша, 2019

Тағы бір ауыл табиғи газ желісіне қосылды

157 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісу өңіріндегі әр елді мекенді көгілдір отынмен қамту мәселесі күн тәртібінде тұр. Соңғы 3 жыл аралығында бұл бағытта теңдессіз жұмыстар жасалды. Бүгінде Талдықорған қаласы мен жақын маңдағы аудандардың табиғи отын көзіне қосылуы облыстың ерекше жетістігінің бірі. Келешекте көгілдір отынмен қамту ісі бұдан да қарқын ала түспек.

Тағы бір ауыл табиғи газ желісіне қосылды

Негізгі жұмыстар «Алматы облысының 2030 жылға дейінгі даму жоспары» бойынша жүріп жатыр. Межелі міндет негізінде елді мекендерді газға қосу ісі жалғасуда. Жақында Қапшағай қаласы маңындағы ауылдарды табиғи отынмен қамту ісі аяқталды. Осы аумақты газбен қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы «Байсерке-Қапшағай» жобасы дайындалған болатын. Нәтижесінде, жоспардағы ауылдарға газ желісі тартылды. Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі, мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында жүзеге асуында, яғни, газ желісі инвесторлардың қаржысына жасалуда.

Табиғи газды тұтыну тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Осы қуанышқа Тұңғыш Президет күні мерекесі қарсаңында Заречный ауылыың тұрғындары қол жеткізді. Бұл күні «Қапшағай аймағының газ жүйелері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Мир, Абай, Дзержинский, Жамбыл көшелерін көгілдір отынға қосты. Салтанатты шараға Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қожахметов, «Қапшағай аймағының газ жүйелері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ілияс Сүгіров, Заречный ауылдық округінің әкімі Берік Дүйсенбаев, Заречный ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық төрағасы Ғабдеш Қазбеков және ауыл тұрғындары қатысып, өздерінің ақжарма тілектерін білдірді. Ал алғашқы газ құбыры арқылы газ жіберуге байланысты алауды ауыл ақсақалы Балтабай Жұмаділов жақты.  Сөйтіп, Заречный ауылының тұрғындары атаулы жобаның сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асқандығының куәсі болды.