Аймақтар • 01 Желтоқсан, 2019

Жетісулықтар Тұңғыш Президент күнін салтанатпен атап өтуде

211 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысының аумағында Тұңғыш Президент күнін атап өту сән-салтанатпен басталды. Мерекелік көңіл-күй құшағындағы Жетісу жұрты кешелі бері марапат пен мадаққа кенеліп, баспаналы болып жатыр. Ел дамуына еңбекпен үлес қосқан өлкедегі тарту Тәуелсіздік күніне дейін жалғаспақ.

Жетісулықтар Тұңғыш Президент күнін салтанатпен атап өтуде

Облыста Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздік мерекесіне орай жалпы саны 36 жаңа нысан ашу жоспарланған, соның нәтижесінде төрт жүзге жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Аталған 36 нысанның он екісі 1-желтоқсанға, ал қалғаны16-желтоқсанға қарай есігін айқара ашпақ. Олардың қатарында медицина, білім беру, мәдениет, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларының нысандары мен тұрғын үйлер бар.

Атап айтқанда, бүгінге дейін Кербұлақ ауданында жалгерлік тұрғын үй, Жамбыл ауданы Тарғап ауылында, Ұйғыр ауданының Қалжат ауылында дәрігерлік амбулатория, Іле ауданында 3 бірдей балабақша іске қосылып, ел иігілігіне берілді. Сондай-ақ, мереке қарсаңында Қарасай ауданы Көкөзек ауылында орналасқан сэндвич-панельдер мен пішінді төсеніштер шығаратын «Болашақ Қаз-Металл» зауыты өз жұмысын бастайды. Бұл нысанның жобалық құны – 110 млн теңге. Ал меркеше орайластырып іске қосылатын Көксу ауданында «Сұлтан» шаруа қожалығының 200 басқа арналған мал бордақылау алаңы, «Нұрлан» шаруа қожалығының базасында ашылатын 200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасы, Сарқан қаласындағы «Жолбосынов» ЖК-ның 150 басқа лайықталған мал бордақылау алаңы аграрлық саладағы міндеттердің облыста табысты орындалуына үлес қоспақ. Ұйғыр ауданы Дардамты ауылында «Eko product Plus» ЖШС 1 гектар жерге қуаты жылына 100 тонналық жылыжай кешенін қолға алуда. Қаратал ауданы Айтуби ауылында «АгроИнвестҚаратал» ЖШС-ның 340 басқа арналған шошқа ұстау кешені де осы жаңа жобалар қатарында.

Осылайша, 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күнін жаңа нысандар ашу қуанышымен қарсы алған жетісулықтар Тәуелсіздік күніне дейін іскерлік бағыттағы жаңалықтармен бөлісе бермек.

Бүгін облыс тұрғындарын мерекемен аймақ басшысы Амандық Баталов құттықтап, елге еңбек, жерге тыныштық тіледі. Жетісулықтардың жемісті еңбегін атап өткен облыс әкімі өз сөзінде Тұңғыш Президент күнін атап өту жалпыхалықтық мерекеге айналғанына тоқталды.

- Бүгінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келеді. Елбасы өз сөзінде: «Халқыма керекті қалай табам, қайдан табам деп қам жеп жүру тек қана менің емес, әр азаматтың ісі мен жадында болуы тиіс» деген еді. Бұл ретте Мемлекет басшысының жетекшілігімен елдік мүдде жолындағы жұмысқа жұмыла кірісіп, әрқайсымыз өз міндетімізді елжандылықпен, жауапкершілікпен, еңбексүйгіштікпен атқарамыз деп сенемін, - деді өз сөзінде Амандық Баталов.