23 Шілде, 2013

Парақорды құрықтауға көмектесіп, сыйлық алды

249 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 

Ақтөбе облысы бойынша қаржы полициясы департаментіне М. деген азаматтан Ақтөбе бөлімшелік көліктегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының жетекші маманы Ж.Өте­геновтің Ақтөбе стансасында сауда орнын ашуға рұқсат бергені үшін өзінен 200 АҚШ доллары көлемінде пара алғаны туралы шағым түсті. Шұғыл іздестіру шараларын жүргізу барысында департамент қызметкерлері Ж.Өтегеновті пара алғанына бұлтартпайтын айғақтармен ұстап, оған қатысты Қылмыстық кодекстің 311 бабы, 2-бөлімі бойынша пара алғаны үшін іс қозғалды. Қылмысы дәлелденген парақор Ақтөбе қаласының 2 сотының үкімімен 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айы­рылды.

Бұл орташа ауыр қылмыс болып табылады. Сөйтіп, негізгі мәселе сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша хабарлаған немесе сыбайластықпен күреске ықпал еткен тұлғаларды ынталандыру ережесіне сәйкес, орташа ауыр қылмыс туралы хабарлаған тұлға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ынталандыруға жатады. Сондықтан бұл сыбайлас қылмыс туралы хабарлаған азаматқа республикалық бюджеттен 86550 теңге ынталандыру сыйлығы төленді. Қазіргі таңда сыбайлас қылмыс туралы хабарлаған екі азаматқа да осындай ынталандыру жасау мәселесі қаралуда. Олар 200 мың теңге көлемінде ынталандырылатын болады.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.