Руханият • 03 Желтоқсан, 2019

Шетелдегі қазақ баспасөзін қолдайды

613 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясына шет елдерде тұратын бір топ қандасымыз-журналистер арнайы келіп, басылым басшылығымен, ұжымымен кездесті.

Шетелдегі қазақ баспасөзін қолдайды

Атажұрттағы әріптестерімен кездесуге Түркиядағы «Қазақ елі»­ журналының шығарушы редак­торы Ертолқын Гайретуллах, баспагер Серхан Динчтүрк, Иран­дағы Pars Today агенттігі қа­зақ редак­циясының журналисі Гау­хар Жұ­ма­ғазықызы, Өзбек­станда таралатын «Нұрлы жол» газетінің бас редакторы Ғұлам­зәкір Юсупов, өзбекстандық журналист Қатира Нұрбаева, Моңғолияның Баян-Өлгей аймақ­тық радиосының тілшісі Қуат Уатхан, Ресейден шығатын «Шүй­дің нұры» газетінің редакторы Арқалық Солтанов келді. Олар биыл жүз жылдығын атап өтіп жатқан «Egemen Qazaqstan» газе­тінің ұжымын мерей­тойымен құттықтады. Соны­мен қатар өздері қызмет ететін БАҚ пен ел газетінің өзара ынтымақтастығы жөнінде пікір алмасты, ұсыныстарын жет­кізді. Өзбекстанда тұрып жат­­қан қандасымыз, журналист Қа­тира Нұрбаева Өзбекстандағы қа­зақ жастарын атажұртқа тағы­лымдамаға, тәжірибе алмасуға жі­беруге қол­ғабыс етуге өтініш жасады.

«Egemen Qazaqstan» респу­­бликалық газеті» акционер­лік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі арнайы келген меймандарға ал­ғыс ай­тып, ел газетінің жүз жыл­дық мерей­тойы аясында атқ­ары­лып жатқан іс-шаралар туралы қыс­­қаша баяндады. «Egemen Qazaqstan газеті ха­лық­­аралық баспасөз каталогына енгендіктен, газетімізге енді Ресей жеріндегі оқырмандарымыз да жазыла алады. Соңғы жылдары ізденіс жұмыстары нәти­жесінде «Ұшқын» редакциясы орналасқан тарихи ғимарат анық­­­талды. Ресейдегі Қазақстан елшілігінің тікелей қолдауымен осы ғимаратқа ескерткіш тақта ор­натуға қол жеткіздік», деді Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ әріптестер тарапынан айтылған ұсыныс-тілектер алдағы уақытта ес­кері­­летінін, қан­дастарымыз қызмет ететін шет ел­дердегі ақ­парат құралдарымен өзара ын­ты­мақтастықта жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді және қандастарымыз тұрып жатқан өзге елдердегі баспасөз өкілдерін «Егеменде» тағылымдық тәжіри­беден өтуге шақырды.