Қазақстан • 03 Желтоқсан, 2019

Педагогтерге пайдалы шара

365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда елімізде алғаш рет «Зёрна» адамгершілік педагогикасының халықаралық фестивалі өтті. Фестивальге қатысу үшін Алматыға алыс-жақынды шетелдерден мыңға жуық адам келді.

Педагогтерге пайдалы шара

Шет мемлекеттерде 2013 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан «Зёрна»  фестивалі негізінен педагогтар мен психолог мамандарға, түрлі білім беру орындарындағы тәрибиешілерге арналған. Шараның басты идеясы – әрбір баланың шексіз мүмкіндікке ие екендігін, тәрбие мен даму өзара қатар жүретінін, ересектердің тамаша ата-ана мен педагог бола алатынын жұртшылыққа көрсету джәне насихаттау.

Алматыда өткен шарада педагогтар үшін шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. ата-аналарға ашық кеңес беріліп, балалар мен жасөспірімдерге арналған қызықты шаралар өткізілді. Психология ғылымдарының докторы, Ресей білім академиясының академигі Шалва Амонашвили, халықаралық адамгершілік педагогика орталығының президенті Паата Амонашвили, «Айб» білім беру қорының негізін қалаушы Арам Пахчанян, «Razum Life» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марина Таргакова, «Бөбек» Ұлттық орталығының педагог ғалымдары сөз сөйлеп, бала тәрбиесіне қатысты ата-аналарды және білім беру саласы мамандарын алаңдатқан сауалдарға жауап берді.

Фестивальге Әлия Назарбаева қатысты. Ол:

–Мен үшін және барлығымыз үшін бұл өте жауапты миссия. Бұл фестиваль ересектер мен балаларымызды, туған-туыстарымызды бір-бірімізге бұрынғыдан да жақындастыра түсетініне,  өзімізге беймәлім болып келген жаңа  дүниелер ашатынына сенемін, соған шын жүректен тілектеспін, деді ол.

Шара барысында «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығыә РМҚК басшысы Елена Сәкенова Шалва Амонашвилиге «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының авторы Сара Алпысқызы бекіткен «Асыл жүрек» төсбелгісін табыстады.

Фестиваль аясында алғаш рет гуманитарлық ғылымдар негізіндегі қазақстандық білім беру-дамыту платформасының t-EACH жобасы, сондай-ақ, «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығы таныстырылды.