Қазақстан • 03 Желтоқсан, 2019

«Заманауи Қазақстан. Елбасының көшбасшылығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

795 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы «Халықаралық бизнес және коммуникация колледжі» мекемесінде 1 – желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай «Заманауи Қазақстан. Елбасының көшбасшылығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

«Заманауи Қазақстан. Елбасының көшбасшылығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

«Халықаралық бизнес және коммуникация колледжі» мекемесі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мөлдір Ерғанатқызы, Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі, жоғары санатты тарих пәнінің оқытушысы Жамал Әбілбаевна, тарих пәнінің оқытушысы Әйгерім Окапқызы ұйымдастырған іс-шараға батылдығы  үшін «Кавалер медалінің» және «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысы, Қаратал ауданының Құрметті азаматы, Алматы қаласы, Наурызбай ауданының Ауған соғысы ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары, Әбдіқалықов Әділ Бектасұлы арнайы қонақ ретінде шақырылған.

«Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  өмірі мен шығармашылыққа толы атқарылған істері,  ел болашағы жолында барша халықпен орнатқан достық, ынтымақтастық қатынастары және сол жолдағы салиқалы саясаты мен көшбасшылығы туралы мәліметтер бере отырып,  студенттерге Елбасы істерін үлгі - өнеге ету, сондай – ақ тұлғалық қасиетін, қайраткерлігін насихаттау, өскелең ұрпақ бойына ұлтжандылық, тарихи сана, азаматтық белсенділік сынды қасиеттерді сіңіруге ат салысу», дейді ұйымдастырушылар.

Шараға қатысушылар тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен даму тарихының өзекті мәселелерін, табысты мемлекет құру және Тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сіңірген еңбегін, халықты біріктіру үдерісіне, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, сол сияқты елдің сыртқы саяси стратегиясын айқындауға қосқан үлесін талқылады.                                              Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев және тәуелсіз Қазақстаннның жетістіктері жайындағы деректі фильм көрсетілді.

«Өткенге ой жүгіртіп, осыдан жиырма сегіз жыл бұрынғы Қазақстанды көз алдымызға елестетсек, ең алдымен аумалы-төкпелі экономика, тапшылық, жұмыссыздық, бағаның құнсыздануы, күйреген шаруашылық тағы тағылары есімізге түседі. Бұрынғы Кеңестер Одағы­ның темір құрсауынан босап шыққан еліміздің алдында дамудың жаңа жолын таңдау қажеттігі тұрды. Осы бір жүгі мен жауапкершілігі зіл батпандай ауыр міндет елдің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мойнына жүктелді. Тәу­елсіздікті баянды етуде Елбасы бар қиындықтарға қара­мас­тан сынақтарды еңсеріп, елімізді ілгерілеу мен өркендеудің даңғыл жолына түсірді. Елбасымыздың ерен еңбегін бағалай отырып, өскелең жастарға үлгі алуға кеңес берді», деді Әділ Бектасұлы.

Колледждің жоғары санатты, тарих пәнінің оқытушысы Ж.А. Кенжебаева Тұңғыш Президенттің елдік жолындағы еңбегін саралай келе өз ұлтының бақытты болаша­ғын, кемел келешегін ойлап, қуатты мем­лекет құруды мақсат еткен Н.Ә. Назарбаев ең алдымен елге терең білім керек екенін жұрттан бұрын аңғарып, ерте түсінген тұғырлы тұлға екенін атап өтті. Сондай-ақ Президенттік қызметінің алғашқы күнінен-ақ маңызды мәсе­ле етіп  – Қазақстандағы білімді білікті ету саясатын қолға алғанын, орта білімді ақпарат­тан­дыру, дарынды балаларды табу, оқыту мен оны дамыту саласындағы атқарған жұмыстарына тоқталып, өзіндік ойымен бөлісті.

Ал «Халықаралық бизнес және коммуникация колледжінің» тарих пәнінің оқытушысы Ә.Әлен Елбасының Қазақстандық бірегейлікті қалыптастырудағы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының маңызын айта отырып, қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның берік іргетасын қалыптастыруда халқымыздың өткен жолына, басынан кешкен тарихи-әлеуметтік жағдайларына мән беру, тілімізге, дәстүрімізге, дінімізге, ұлттық мәдениетімізге қатысты мәселелердің уақытылы өз шешімін табу барысында Елбасының атқарған зор еңбегіне тоқталып өтті.

Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ұйымдастырылған дөңгелек үстел жалынды жастардың ой-пікірлерімен қыза түсті, тақырыпқа байланысты өз ойларын ашық айта отырып, болашаққа деген нақты мақсаттарын айқындай білді.