Қоғам • 04 Желтоқсан, 2019

Қылмыстық іс қозғалды

410 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше «Қызылорда – Құмкөл» тасжолында жолаушылар автобусы аударылып, оқиға салдарынан 8 адам қаза тауып, 21 адам ауруханаға жатқызылды. Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте мамандар оқиғаның жай-жапсарын айтып, журналистер сауалдарына жауап берді.

Қылмыстық іс қозғалды

Облыстық полиция депар­тамен­тінің бастығы, полиция пол­ковнигі Бектөре Сұлтанның айтуынша, «South Oil» серіктестігінің жұмысшылары отырған автобус Құмкөл кенішінен түнде шығып, Шымкент қаласына қарай бағыт алған.  Олардың апатқа ұшы­ра­ғандығы жайлы хабар облыс­тық төтенше жағдайлар департа­ментінің «112» құтқару қыз­метіне таңғы сағат 4:25-те түскен. Департамент басшысы жол­дағы көктайғақ салдарынан ауда­рыл­ған көліктегі 36 адамға көмек көр­сетуге тиісті сала маман­да­ры­ның жедел жеткенін атап өтті. Қазір жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалған.

– Қазір автобуста болған аза­мат­тардың жеке бастарына қатыс­ты мәліметтер анықталуда. Бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары бас­талып, тиісті сараптама тағайын­далды, – деді Б.Сұлтан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ысқақовтың айтуынша, зардап шеккендерге ал­ғашқы көмекті оқиға орнына 7 жедел жәрдем көлігімен жеткен дәрігерлер көрсеткен.

Жарақат алған 21 адам облыс­тық медицина орта­лығы мен қалалық ауруханаға жатқызылды. Ауыр жарақаттанған 6 адам жан­сақтау бөліміне жеткізіліпті. Автобуста болған жолаушылар­дың 16-сы орташа деңгейде, 7-еуі жеңіл-желпі жарақаттанған. Оларға республикалық шұғыл медициналық көмек орталығы тарапынан да қолдау көрсетілуде.

 

Қызылорда облысы