26 Наурыз, 2010

Парламентаралық байланыстар барысы

552 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мемлекеттік Дума мен Мәжіліс арасындағы ынтымақтастық туралы палатааралық парламенттік комиссияның сегізінші отырысы өтті 25 наурызда Астанада Ресей Федерациясы Федералдық Жи­налысы Мемлекеттік Думасы мен Қазақстан Республикасы Парла­ментінің Мәжілісі арасындағы ынтымақтастық туралы палата­ара­лық парламенттік комиссияның сегізінші отырысы өз жұмысын бастады. Отырысты ашқан Мемлекеттік Дума мен Мәжіліс арасындағы ын­тымақтастық туралы палатааралық парламенттік комиссияның тең төрайымы, Мәжіліс депутаты Ба­ғила Баймағамбетова бұған дейін аталған комиссияның сегіз жиыны өткенін, оның төрт отырысы Ре­сейде, үшеуі Қазақстанда бол­ға­нын, осы жолы төртінші рет қазақ елінде өтіп отырғанын жеткізді. “Бүгін парламентаралық ынты­мақтастықтың маңызды мәселеле­рін талқылау мақсаты көзделіп отыр. Біз үшін бұл кездесу өте ма­ңызды. Өйткені, біздің алдымызда екі елдің Мемлекет басшылары Бурабайда қабылдаған Қазақстан мен Ресей арасындағы 2009-2010 жылдарды қамтитын бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес бір­қа­тар заңдар қабылдау міндеті тұр. Таяу келешекте екі жақты ынты­мақ­тастық саласында 40-тан астам мәселелер шешімін табуы тиіс. Соның ішінде сауда-экономикалық бай­ланысты дамыту жағын жеке дара айтар едім. Екі жақты сауда ай­налымы Қазақстан Республика­сы­ның сыртқы сауда көлемінің 17 пайыздан астамын құрайды”, — деді Бағила Баймағамбетова. Отырыста Мәжіліс депутаттары Қылышбай Бисенов, Владимир Нехорошев, Валерий Доскалов, Қайрат Сәдуақасов, Елена Тарасенко сөз сөйлеп, екі ел арасындағы саяси-экономикалық әріптестік байланысты дамыту туралы, трансшекаралық өзендерді бірігіп пайдалануда экологиялық жағдайды сақтауға баса көңіл бөлінуі қажет екені жайлы және басқа мәселелерді қозғады. Осы күні комиссия жұмысы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде жалғасып, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына  қатысты және басқа да бірқатар әлеуметтік маңызы зор мәселелерді талқылады. “Егемен-ақпарат”.